Дүниені дүрбелеңге салған індеттің кесірі талай бизнестің тоқырауына, бірнеше мамандықтың жойылуына алып келді. Дегенмен көпшілік онлайн жұмыс пен онлайн оқуды үйренді. Карантинде отырып-ақ білімін шыңдап, үйренумен қатар, үйретуді қолға алған Аида Молдабектің тірлігі – көпке үлгі.
Интернетті ашып қалсаңыз, «үйде отырып-ақ пайда табасыз» дейтін жарнамалардан көз сүрінеді. Бірі миллионер болуды, енді бірі ақша табудың оңай жолын үйретіп әлек. Бүгінгі кейіпкеріміз ақша табудан бөлек, шығармашылықпен айналысуды онлайн үйретіп жүр. Аида Бейсенбекқызы «Аса» ықшам ауданынан шығармашылық студиясын ашып, қолдан арт-декордың қыр-сырын меңгергісі келетін жандарға өзінің білгенін үйретуде. Оның мамандығы – қаржыгер. Бірақ ол мамандық бойынша жұмыс істей алмағандығын айтады.
– Шыны керек, төрт жыл «қаржыгер» мамандығын оқып, сол салада жұмыс істеп те көрдім. Бірақ шығармашылық жеңіп шықты. Карантинде құр отырмадым. Бұл стильге үйрететін мамандар тек Ресейде. Сондықтан арнайы курстарды қомақты қаржыға сатып алып, оқып, үйрендім. Өзімнің қиялымдағы әлемге қанат бітіріп, оны суретпен салып, картинаға кестелеу арқылы жаным тыныштық табады. Бүгінде өзім ғана үйреніп қана қоймай, шеберлік сыныбы арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне онлайн және офлайн сабақ беріп жүрмін. Ақтау, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз қалаларында жиі кездесулер өткізіп, картина, сағат, ыдыс-аяқты өз қолымен жасауды үйренгісі келетіндерге білгенімді үйретудемін, – дейді Аида Молдабек.
Аиданың шығармашылық студиясында біз де болып қайттық. Шағын бір бөлме. Бір қабырғасы шығармашылық туындыларға арналса, үлкен бір үстелдің үсті сол туындыларды жасайтын орын. Шашылып жатқан түрлі-түсті бояулар, көздің жауын алатын моншақ тастар және түрлі қоспалар мен біз түсінбейтін ағаштың бөліктері қызығушылығымызды оятты. Алдымен Аида алжапқыш пен қолымызға қолғап беріп, жұмыстың ретін түсіндірді. Негізінде мұндағы өнімдерді жасау үшін кемі 1 сағат уақыт кетеді екен. Алдымен эпоксидті шайыр мен қатайтқышты керек мөлшерде бір ыдысқа құйып аламыз. Екеуін араластырғаннан кейін 30 минут аралықта бастаған жұмысымызды аяқтауымыз керек. Себебі екі қосындының нәтижесі тез қатып, сіз ойлаған пішіндер жұмысыңыздан көрінбеуі мүмкін. Сосын сұйықтық құйылған соң керекті түрлі-түсті бояғыштарды алып, формаға саламыз. Бұл тұста шайыр өздігінен қайталанбайтын пішін беретінін естен шығармау керек. Құйылған шайырдың үстіне өрнектерді салып болған соң, өзіңізге ұнайтындай етіп оны түрлі-түсті тастармен, шынылармен безендіріп, дайын болған соң оны қатыру үшін газ жылытқышымен (газовая грелка) жұмысты аяқтаймыз. Дайын болған бұйым кемі 24 сағат қимылсыз тұруы керек.
– Бүгінде үйдің интерьеріне қолдан жасалған өнімдерді пайдалану сәнде. Арнайы тапсырыспен мереке қарсаңында, туған күндерде мұндай бұйымдарды жасаймын. Көбінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау қалаларынан тапсырыс берушілер көп. Ал үйренуге келген қыз-келіншектер, ерлі-зайыптылар бір-бір жарым сағат уақытын осы бұйымдарды жасауға жұмсайды. Бірақ сабақ біткен соң, шығармашылық жұмыстан демалғандарын айтып, алғыстарын жеткізеді. Мен үшін ол – үлкен қуаныш, – дейді қолөнер иесі.
Иә, күйбең тірліктен шаршағанда миды тынықтырып, рухани демалыс алу үшін осындай студияға барып жан серпілткен жақсы-ақ. Бірақ «Мұндай орталықтар қаншалықты қолжетімді?» деген сауалға студия иесі әр заттың өзіндік техникасы мен қажетті құрал-жабдықтарға байланысты әртүрлі бағада екенін айтты. Мәселен, мұнда картина, сағат, үш қабатты ыдыс-аяқ жасауға болады. Олардың бағалары да әртүрлі. Ең қызығы, жасаған затыңызды өзіңіз алып кетесіз. Мұнда тек қана техниканы үйреніп қана қоймайсыз, кәсіп бастайтын болсаңыз, құрал-жабдықтарды қайдан алу керектігі, қай өнімді тұтыну қажеттігі толығымен айтылады екен. Сізден тек ынта-жігер болса болғаны. Осы күнге дейін еліміз бойынша 200-ге жуық адамды оқытып-үйреткен қолөнер иесі көпке үлгі болып отыр. Талантың болса, таныс-тамырсыз-ақ бизнес бастап үйренуге болатындығын көрсетіп отырған Аиданың ісіне сәттілік тілейміз.