Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев осы күнге дейін барлық округтерде қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ түрді. Осылайша қаланың әр аумағындағы кезек күттірмейтін мәселелер жедел шешімін табуда. Ержан Жұматұлы кезекті көшпелі қоғамдық қабылдауында Шөлдала алқабындағы Шаршын көшесіне ат басын бұрып, бұқарамен жүздесті.
Шөлдала қаладан шамамен 20 шақырым қашықтықта жатқан алқап болған соң, онда әлі күнге дейін жолдың жайы күрделі, мұнымен қоса жоғары жолақты интернет желісі тартылмаған. Сондай-ақ көгілдір отын, ауызсу және жарық мәселесі де өзекті.
– Бізге бөлінетін тоқтың қуаты әлсіз. Кешке қарай тіпті 130-150 вольт жиілікпен энергия беріледі. Бұл біріншіден денсаулыққа зиян болса, екіншіден тұрмыстық техниканың жауы. Жарық өшіп-жанғаннан жаңа техникаларымыз күйіп кетеді.
Көшеге келіп тұрған газды үйге тартуға әлеуметтік жағдайымыз жетпейді. Жұмыс жоқ, ал зейнет жасына дейін әлі ерте. Біздің бақшада баптап отырған азын-аулақ жеміс-жидегімізді жиып, соның есебінен күн көріп отырғанымызға бірнеше жыл болды, – дейді алқап тұрғыны Елена Коновалова.
Тұрғынның сауалын мұқият тыңдаған қала басшысы Елена Коновалованың мәселесін бақылауға алатынын айтып, электр жарығына қатысты жағдайды реттеуге уәде етті.
Негізі Шөлдалада электр энергиясының тарифі қала орталығындағы тұрғын үйлерден екі есе жоғары екен. Оны әркімнің қалтасы көтере бермейді. Енді шөлдалалықтар әкімнен энергияны қалалық желіге қосып беруін сұрап отыр.
Д. Сарбашева есімді тұрғын болса, қоғамдық көлік мәселесін өзекті етіп көтерді. Оның сөзінше жаңа оқу жылынан бастап балалардың мектепке баруы мұңға айналған. Автобустардың біріне адам сыймай жатса, екіншісі уақытынан ерте тоқтап, қатынамай қалатын көрінеді.
–Шөлдалада спорт мектебі жоқ. Балалар дене шынықтырумен тек мектепте айналысады. Бос уақытын көшеде өткізетін балалардың болашығы қалай болмақ? Спорт алаңшасы да қаралмаған. Сондықтан бізге спорт мектебі, шығармашылық орталық және балаларға арналған ойын алаңшалары қажет. Сонда балалар бос уақытын барынша тиімді пайдаланар еді, – дейді тағы бір тұрғын.
Ал, Анастасии Лимованың айтуынша, Шөлдаладағы жалғыз медициналық мекеменің қызмет көрсету сапасы төмен екен.
– Медорталықта жалғыз кабинет бар. Онда дәрігер отырады. Қашан барсақ та кезек үзілмейді. Бұл қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ушықтырып жібермесе дейміз. Мен секілді құрсағында бала көтеріп жүрген аналар үшін осындай медициналық пуктте қызмет алу қиынның-қиыны. Қалаға қатынаумен-ақ күніміз өтіп жатыр,–дейді ол.
Қоғамдық қабылдауда әр тұрғынның сауалын мұқият тыңдаған Ержан Жұматұлы бөлім басшыларына қордаланған мәселелер бойынша тапсырма жүктеді. Сондай-ақ уақыт күттірмей тындыруға болатын шаруаларды жедел шешу керектігін ескертті.
Дәрмен Ерболов