Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Токиодағы Паралимпиадада сәтті өнер көрсеткен қазақстандық спортшыларға ақшалай сертификат табыс етті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Президент жарлығы бойынша, Давид Дегтярев III дәрежелі «Барыс» орденімен, Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариев – «Парасат» орденімен, Нұрдәулет Жұмағали – «Құрмет» орденімен марапатталған.
Парапауэрлифтингтен Давид Дегтяревке 106 миллион теңге, дзюдошылар Зарина Байбатина, Теміржан Даулет, Әнуар Сариевке – 63 миллион теңгеден, Нұрдәулет Жұмағалиға 31 миллион теңгенің сертификаты берілген.
«Токиодағы Паралимпиада ойындарында бүкіл әлем адам еркінің, темір шыдамдылығы мен өмірге деген ұмтылыстың жоғары көрінісіне куә болды. Тағдыр адамның мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін, бірақ оның еркін шектей алмайды. Біз бүкіл әлем паралимпиадашыларының батылдығы мен табандылығына таңданамыз. Және бұл заңды да. Себебі, сіздер барлық қиындық пен кедергіні еңсеріп, спорт шыңын бағындырып, өзіңіз және өз еліңіз үшін үлкен табысқа қол жеткізе алдыңыз. Бұл құрмет пен таңдануға тұрарлық іс», – деді Қырымбек Көшербаев.
Токио Паралимпиадасының жүлдегерлері Давид Дегтярев пен Теміржан Дәулет қазақстандық спортшылардың атынан Мемлекет басшысына Паралимпиадада өнер көрсетуге дайындығына көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.