Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздықтар сенбілікке белсене атсалысуда

0 860

Қала аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша күзгі екі айлық басталды. Сенбілікке қаладағы бірқатар мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, ұйым, кеңес мүшелері шығып, талдар мен бағаналарды әктеп, аула, арықтарды тазалап, күл-қоқыстарын шығаруда.

Ауланы тазалауға арналған құралдарын сайлаған ардагерлер кеңесінің мүшелері таң сәріден сенбілікке шығып көпке үлгі көрсете білді. Ақсақалдар қауымы сенбілік туралы хабарландыруды мерзімді басылымнан оқып, ардагерлер үйінің маңын тазалауға кірісіпті. Кеңестің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған ардагерлер ауладағы ағаштардың түбін қопсытып, арамшөптерін тазалауды бастаған.

–Хабарландыруды естіген бойда, кеңес мүшелері бірауыздан қолдау білдірді. Тотыдайын таранып, жылдан-жылға көркейіп келе жатқан шаһардың тазалығына барынша үлес қосу тұрғындардың міндеті деп білеміз. Осы екі айлық сол міндетті орындауға таптырмайтын мүмкіндік. Қ.Рысқұлбеков саябағында ардагерлердің серуендеуіне, бір сәт демалуына толық жағдай жасалған. Қала берді тазалыққа жауапты мекемелер таң атпастан саябақты тазалауға шығатынын көріп жүрміз. Бұл жұмыстың ауырлығы жоқ. Ардагерлерге ешкім ескертпесе де,өздері келіп отыр. Біз тұрғындарды барынша қаза тазалығын сақтауға шақырамыз,–дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Бейсембекұлы.

Қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары да сенбіліктен шет қалмады. Ұлбике ақын мен әл-Фараби көшесіне дейінгі аумақты тазалауға 60 адам  шығыпты. Енді келер аптада бөлім қызметкерлері Рысбек батыр көшесін тазалауға атсалысатынын айтып отыр. Сенбілікте қалалық көпбейінді аурухананың 64 қызметкері өздеріне жақын аумақтардың арығын тазалап, ағаштарды әктеп, тазалық жұмыстарына қызу кірісті.

Осы күні жоғары және арнаулы орта  оқу орнының студенттері жұмылып, қала тазалығына өз үлесін қосты. Солардың бірі Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Азамат Мәмелбек қала тазалығына атсалысуды парызы деп біледі.

–Өзім ерікті студенттердің қатарында болған соң, сенбілік болады дегенді естіп қаладағы белсенді жастармен байланысқа шықтым. Достарым мені қолдап, сенбілікке шығуға бірден келісті. Мұндағы негізгі мақсат қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру екенін замандастарым іштей түсінеді. Бүгін біз Желтоқсан көшесін тазалап, ағаштарын әктедік. Олар өз ісіне тиянақты. Қаламызды қанша жерден таза десек те, сенбілікке шыққанда сол сөзді жай ұран ба  деп қалдық. Ықшамаудандарда күл-қоқыс тонналап шығарылуда. Сенбілікке шыққан әрбір жас  «Тазалық таза жерде емес, тазалықты сақтаған жерде болатынын» түсінеді деп ойлаймын,–дейді Азамат.

Сонымен сенбілікке қаладағы 11 аумақтық округтен 6400 адам, 20 арнайы техника жұмылдырылып, жалпы көлемі 144 тонна күл-қоқыс шығарды. Бір өкініштісі бұл күні өз территориясын тазалап жүрген кәсіпкерлерді кездестірмедік. Біздіңше дәл осы тұста «өзім білемінге» салу кәсіпкерлік нысан иелерінің өзіне сын. «Көш жүре түзелетінін» ескере отырып, күзгі екі айлық барысында тұрғындардың экологиялық мәдениет қалыптастырып, тазалық табалдырықтан  басталатынын түйсінеді деген сенімдеміз. Әйтпесе кәнігі күндері қала тазалығы тек тазалыққа жауапты мекемеге ғана керек пе, деген ой келеді.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.