Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тозығы жеткен канал көп

0 385

Ауылшаруашылық құрылымдарын сумен жабдықтау мәселесіне аз сын айтылып жүрген жоқ. Республикада су тап­шылығы өз алдына, оған қоса осы саланың инфра­құры­лымының да әбден тозығы жеткен. Соның кесірінен тасы­мал­дау кезінде судың көп бөлігі рәсуа болып, зая кетіп жат­қан жоқ па?

Аз судың өзі рәсуа болып жатыр

Қазақстан – Орта Азиядағы су тапшылығы жо­­ғары мемлекет. Рес­пуб­ли­ка­да­­ғы жерүсті сулары­ның жалпы қоры 100,5 текше метр құраса, оның 43,5 текше метр көлемі Ре­­­сей­ден, Қытайдан және ай­мақ­та­ғы көрші елдерден ке­леді. Осы тап­шылыққа қара­мас­­тан ауыл шаруашылығы мақ­са­тына бө­лінген судың жарты­сы­на жуы­ғы тасымалдау кезінде кө­­пе-көрнеу ысы­рап болатыны күйін­­діреді. Мұ­ның басты себебі – каналдар мен ирригация­лық жүйе­лер­дің тозуына бай­ла­нысты. Со­нымен бірге тарифтің тө­мен­дігі, инфрақұрылымды жаңар­туға қажетті инвес­ти­ция­ның, білікті ма­манның аздығы бү­гінгі жағ­дай­ға әкеліп отыр.

Қазір ел ішіндегі су арналары­ның 60%-ның әбден тозығы жет­кен. Су тасымалдау кезінде ора­сан көп көлемнің рәсуа болуының басты кінәраты да сонда. Сол се­­бепті Үкімет алдағы 5 жыл ішін­­­де ұзындығы 2,3 мың шақы­рым болатын 120 арнаны қайта жаңарту жоспарын жасады.

«Арналарды қалпына келтіру жұ­мыстары тұрақты түрде жүр­гізіледі. Мәселен, 2019-2020 жыл­дары 1 734 шақырым су арнасы жөн­­деліп, 111,5 гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Биыл жыл соңына дейін 1 050 ша­қырым ар­наны қайта жаңғырту жос­пар­ланып отыр. Бұл 78 мың гек­тар суар­малы жерді айналымға ен­гізу­ге мүмкіндік береді», – деді Эко­логия, геология және табиғи ре­сурстар министрі Мағзұм Мыр­за­ға­лиев жақында өткен Үкі­мет отыры­сында.

Сондай-ақ бес жылда жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырым болатын 212 су арнасын цифр­ландыру ісі де көзделген. Аталған іс-шаралар жүзеге асырылғанда ол 2,2 текше шақырым суды үнем­деуге мүмкіндік беретін көрінеді. Министрдің айтуынша, өткен жылы Түркістан облысындағы «К-19» магистральді каналын цифр­ландыру бойынша бірінші жоба сәтті жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде өңірдегі шаруашы­лықтарға 45%-дан астам су артық жіберілетіні анықталған. Сондай-ақ 2025 жылға қарай су үнемдеу технология­лары қолданылатын аумақты 750 мың гектарға дейін жеткізу міндеті қойылды.

Биыл Сырдария деңгейінің төмен түсіп кетуіне байланысты су тап­шылығын өзен сағасында отырған Сыр жұртшылығы да қатты сезінеді. Бұл өзен­нен Қызылорда облысының басқа өңірлері сияқты Жаңақорған ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері де су алады.

Бұдан бөлек, тоғыз өңірде жалпы көлемі 3,6 миллиард текше метр су жи­найтын 39 қойма салу жоспарланған. «Су қоймаларын салу 20 елді мекенде (70 мың адам) су тасқыны қаупін азайтуға, 195 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналым­ға енгізуге және ауыл шаруашылығында 20 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді Мағзұм Мырзағалиев. Айта кетейік, Түркістан облысында биыл Кеңсай–Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы аяқталды.

Ал 2025 жылға дейін жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын су қоймаларын салу жоспарланған. Олар алты облыста бой көтеруі тиіс: Жамбыл – 3, БҚО – 2, Алматы – 1, Ақмола – 1, Қызылорда – 1, Түркістан – 1.

Табиғи арналар да сарқылып барады

Биыл мамыр айының 13-18 күндері Экология министрлігі мен жергілікті ат­қарушы биліктің өкілдерінен құралған ар­найы комиссия бастауын Ақтөбе облы­сынан алып, Атырау облысының аумағына дейін жететін Ойыл өзенінің жай-күйін тексерген. Соның барысында Ақтөбе об­лысының Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандары аумағынан ағып өтетін Ойыл өзенінің бойында 57 гидротех­ни­калық құрылыстың барын анықтады. Оның ішінде: республикалық меншікте­гі – 8, коммуналдық меншіктегі – 3, иесіз бөгеттер – 34, көпір немесе көтерме жол – 5, тазартуды қажет ететін бұлақ саны – 7. Бөгеттер өзен арнасында Кеңес Одағы кезінде салынған, тозығы жеткен. Бұл өз кезегінде судың еркін өтуіне кедергі келтіріп, өзеннің төменгі аймағындағы елді мекендерді судан тарықтырып қойған. Қазір осы бөгеттер бұзылып, өзен арна­ларын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Жайық–Каспий бас­сейндік инспекциясы Ойыл және Жем өзен­дерінің гидрологиялық ахуалын оңал­туға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті.

Сондай-ақ биыл Сырдария деңгейінің төмен түсіп кетуіне байланысты су тап­шылығын өзен сағасында отырған Сыр жұртшылығы да қатты сезінеді. Бұл өзен­нен Қызылорда облысының басқа өңірлері сияқты Жаңақорған ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері де су алады. «Биыл Сумағар арнасы мен Келінтөбе арнасының сағасын тазартуға аудандық бюджеттен 28 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар Қыркеңсе ауылдық округіндегі Р-23, Түгіскендегі бір арна және Келінтөбедегі 3 арна осы аудандық бюджет есебінен тазаланбақшы», – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.

Жалпы, биыл ауданда 36 мың 500 гек­тарға егін егілсе, оның 7 мың 300 гектары – күріш. Сондай-ақ 6 елді мекенге секундына 500 литр су айдайтын 8 су сорғы құрылғысы сатып алынатын болды. Осылайша, жа­ңақорғандықтар аз суды тиімді пайдала­нудың қам-қарекетіне кіріскен.

Жамбыл облысында арналар жаңғыртылады

Биыл Тараз қаласының басшылығы шаһарды сумен жабдықтауға кедергі келтіріп тұрған ғимараттар мен үй-жай­ларды сүріп тастауды жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетейік, әкімдік су арнасы ағысы бойындағы заңсыз құрылыстарды 2012 жыл-ақ сыруға ниеттенген. Тіпті, қалалық арна аумағындағы мүліктерді қаттап, үй-жай иелерінің құқық иелену құжаттарын рәсімдеуді қолға алған. Бұл жұмыстардан кейін су арнасы бойындағы құрылыстарды сыру, ал үй-жай иелері қарсылық білдірген жағдайда оларды сотқа беру шаралары жүргізілуі тиіс еді. Бірақ белгісіз себептермен бұл процесс тоқтап қалды, керісінше осы жылдары су арнасы бойында көптеген жаңа нысан бой көтеріп үлгерді. Дегенмен Тараз қала­сының әкімі Ержан Жылқыбаев биылдан бастап өзен мен қалалық су арнасы бо­йындағы каналды тазартуға, суландыру жүйесін жетілдіруге кедергі келтірілетін барлық заңсыз құрылыстар сырылатынын мәлімдеді.

Қалалық ТЖ бас маманы, азаматтық қорғаныс майоры Арман Смайловтың айтуынша, облыс орталығында жалпы ұзындығы 82,55 шақырым болатын 8 су арнасы бар. Оларды тазарту, жарамсыз болған жағдайда бетон лотоктарын ауыс­тыру үшін су арналары мен магистральға техника еркін бара алатындай 6 метрлік ашық кеңістік болуы тиіс. Ал сырылуға тиісті құрылыстарда бұл талаптар сақ­талмаған, олар өзен жағасына тіреліп тұрған көрінеді.

канал

Сондай-ақ облыстың Байзақ ауда­нындағы су арналарына да жөндеу жүргі­зіліп жатыр. Ол жұмыстар 2 жылдың ішінде толық аяқталуы керек.

«Аудан бойынша «Қазсушар» РМКА Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бө­лімшесі арқылы 438 шақырымды құрайтын 72 су арнасына жөндеу жұмыстары бас­талды. Бүгінде ол бойынша жобалық-сме­талық құжаттарға шлюздер орнату мен қолайлы жағдайлар жасау үшін өзгеріс­тер енгізу қажеттілігі туындады. Бұл жұмыс­тар биыл шешімін табуы тиіс. Он­дағы жөн­деу жұмыстары жоспар бойынша 2022 жылы аяқталады,– аудан әкімі Нұржан Нұржігітов.

Трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану қажет

Жақында Душанбе қаласында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев пен Тәжікстан Республи­касының Энергетика және су шаруа­шылығы министрі Д.Джума кездесіп, тараптар екі елдің су шаруашылығының мәселелерін талқылады.

Қол жеткізген келісім бойынша Тәжікстан Бахри-Точик су қоймасынан «Достық» су арнасының қазақстандық бөлігіне су беру көлемін 80 м3/с-нан 100 м3/с-қа дейін ұлғайтты. Бұл суармалы су тапшылығы уақытында вегетация кезеңі қалыпты жағдайда өтуіне мүмкіндік беріп, Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарында жыл сайын қайталанатын су тапшылығының алдын алды. Бұған дейін «Достық» магистральді арнасы арқылы келетін ағын су жеткіліксіз болған жағдайда ол мөлшер аталған аудандарға «Шардара» су қоймасынан машиналық әдіспен берілетін.

«Біз қазір судың аз циклындамыз. Сол себептен осы екі ауданға да жеткілікті мөлшерде ағын судың берілуін қамтамасыз ету үшін оны тиімді әрі үнемді пайда­лануымыз қажет. «Достық» магистральді су арнасының ағын суы жеткіліксіз болған жағдайда «Машиналық әдіспен су көтеру» каналын қосу туралы шешімді алдағы күн­дері түпкілікті қабылдайтын боламыз»,– деді Экология вице-министрі Серік Қо­жаниязов.

Сондай-ақ Қазақстан жағы Қыр­ғыз Республикасының басшылығымен бол­ған кездесуде Тоқтоғұл су қоймасынан Сырдария өзенінің арнасына маусым-тамыз айларында 330 млн м3 су көлемінде қосымша су жіберу туралы келісімге келген. Оған қоса, Қытаймен, Ресеймен, Өзбекстанмен трансшекаралық су ресурстарды бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

aikyn.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.