Арыс пен Жамбылдағы жарылыстан үрейленіп қалған Ақтөбе облысының тұрғындары жарылғыш заттардың қоймасын көшіруді талап етті
Арыстағы апатпен, Жамбылдағы жарылыстың қайталануын қаламайтын Ақтөбе іргесіндегі Ақжар ауылының тұрғындары көшеге шықты. Олар үйлерінің тап түбіндегі жарылғыш заттар сақтайтын қойманы басқа жаққа көшіруді талап етеді. Сөздерінше, қойма мен ауылдың арасы тым жақын. Егер апат бола қалса, қашпақ түгілі, үйімізден шығып үлгермейміз деп отыр.
Қауіпті аймақ пен кәдімгі халық тұратын ауылдың арасы екі жүз-ақ метрдей жер. Жамбылдағы жарылыстан қатты қорқып қалған тұрғындар дәл сондай жағдай осы жерде де қайталанама деп үрейленеді. Тұрғындар осындағы төрт қоймада жарылғыш заттардың сақталуы әбден мүмкін деп отыр.
“Ішінде жарылғыш заттар болуы мүмкін. Тротил заттар болса, соның өзі жетеді. Ол мерзімі келгеннен кейін өзінен өзі оталып, атылады, жарылады. Бәріміз үрейдеміз. Арыста болған, Таразда болған жағдай ертең тағы қайталанса, санымызды соғып қаламыз. Бүкіл бала-шаға бар. Мына жерде үлкен мектеп бар. Мың жарымдық мектеп жаңадан салынған. Ал соның бәріне қауіп төніп тұр”, – дейді тұрғын Жәрдем Қазтуғанов.
Тұрғындар жарылғыш зат сақталатын қойма халық тұратын елді-мекеннен кем дегенде отыз шақырым жерге дейін алшақ болуы керек дейді. Егер сол заттар жарылатын болса, жай толқынның өзі сегіз шақырым, ал қатты толқын он бес, жиырма шақырым жерге жетеді деп алаңдайды. Алайда үрейленген халық қазір қоймада жарылғыш заттардың бар-жоғын білмейді. Сондықтан құзырлы орындар тексеріп, анығын айтсын деп отыр.
“Мына қойманың ішінде біз не бар, не жоғын білмей отырмыз. Мүмкін жер астында тротил болуы мүмкін. Бұл заттар, құдай сақтасын, жарылмасын. Жарылса, көпке дейін барады”, – дейді тұрғын Ғани Дәрібаев.
Тұрғындардың алаңдауы бекер болмады. Үрейлендіріп қойған үйлерінің қасындағы қоймада жарылғыш заттар бар болып шықты. Алайда жауаптылар ол әскери емес, тек өнеркәсіптік бағытта пайдаланылатын жарылғыш құралдар деп отыр. Сөздерінше от тұтанбаса қауіп жоқ екен. Ал бұл қоймалардың қасына тұрғын үй салуға болмайтынын әкімдікке бірнеше рет ескертіпті.
“Қазір ол жерде тек бір қойма бар. Ол «Казпромгеофизика» акционерлік қоғамына тиесілі. Ондағы жарылғыш құралдар мұнай өнеркәсібіне пайдалануға арналған. Қазір ол қоймада екі жарым тонна жарылғыш зат тұр. Егер барлық қауіпсіздік сақталатын болса халыққа қорқатындай қауіп жоқ”, – деді ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Самат Тәждәулетов .
Десе де жауаптылар қазір бұл қоймада қанша және қандай жарылғыш заттың бар екенін нақты білмейді. Соңғы рет екі жыл бұрын тексеріпті. Ал Жамбылдағы жарылыстың қайталануынан үрейленген тұрғындар үйлерінің қасындағы қойманы басқа жерге көшіруді талап етеді.