Қалалық қоғамдық-саяси газет

Екпе алғанның есі шықпайды

0 603

Қазір қорқыныш пен үрейдің төніп тұрған сәті. Бүкіл әлемді, аспан асты, жер үстін індет жайлады. Жұқпалы дерт дамылсыз тарап, жұқтыру қаупі өршуде. Дәл осы сәтте бұл індеттің алдын алып, жұқтырмаудың жолын іздеуден басқа амал жоқ. Ойлануға уақыт тығыз. Тез арада екпе салдыру ғана адам жанын өлімнен арашалап қалуға қауқарлы. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастыру маңызды.

Батырбек КҮЛЕКЕЕВ, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы

Бір жұтым ауаны еркін жұта алмай, тынысы тарылып, өмір мен өлім арпалысында жеңіліс тапқан жандардың күйін қайталамауды ғана ойлауымыз қажет. Ал дерттің таралуын азайтып, деннің саулығын, жанның амандығын ойласаңыз, екпені ертерек алуға асығыңыз!

Медицина мамандары коронавирус індетінің алдын алу үшін вакцинациялаудың адам денсаулығын сақтап қалудың ең негізгі жолы екендігін ескертіп, дабыл қағуда.

Кесел қармағына ілініп, дертке шалдыққандардың халі мүшкіл. Ауруын асқындырып алғандардың жағдайы өлім-жітім санының артуына алып келіп жатыр. Осындай қайғыдан көз ашпай, аурухана алдын торып, жансақтау бөлімінде жаны үшін күресіп жатқандардың көп екенін көре тұрып, бейқам қарап отыруға болмайтынын ұғып отырмыз. Қызмет бабында араласып, таныс-біліс болған біраз атпал азаматтарды да осы індет жалмады. Кейін белгілі болғандай, олар екпе алмаған екен. Міне, екпе алмаудың соңы вирустың асқынуына алып келіп, өлім құштырғанының куәсі болып отырмыз. Әрекеттің түбі ғана берекет табады. Осындай ауыр күй, арпалысқан жан мен тәннің азабын тартып, дерттің дендеуіне жол бергенше, вакцинаға жүгіну мың артық.

Екпе салдыру ағзаны вирусқа төтеп беруге дайындайды. Өзіңді ғана емес, өзгені де аман алып қалуға ықпал етеді. Жақындарына төнген қауіпті сейілтеді. Иммунитет қалыптастырып, адам ағзасын вирусқа қарсылық танытуға мүмкіндік жасайды. Зерттеулерге сүйенсек, екпе алмаған әр 30 адамның біреуі жансақтау бөліміне түсіп, қайтыс болуы мүмкін екен.

Қалыпты өмірге қайта көшу үшін вакцинацияның маңыздылығы зор. Мен сондықтан барша жамбылдықтарды екпе алуға шақырамын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.