Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жақсы істің басында – жастар

0 211

Өсер елдің жастары әрқашан алда жүреді. Кешегі бабаларымыз тәуелсіздік жолында күресіп, «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп кеудесін керсе, бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпақтарының оттай лауламауға хақы жоқ.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның ұл-қыздары «әр қазақ – менің жалғызым» деп өмір сүруге ынталы. Мысалы, нарықтық заманда жастар арасында жанашырлық, біреуге ерікті болып көмек көрсету секілді ізгі істер артып келе жатқаны бәрімізді қуантады.
Тараздағы жастардың басын қосып, жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген мекеменің бірі – Жастар ресурстық орталығы. Жастар саясатын үйлестіру мақсатында олардың бастамаларын жүзеге асыру бағытында қызмет көрсетеді. Олар қаладағы іс-шаралардың барлығына жастарды тартуға тырысады. Бүгінде орталықтың ғимаратында 16 кеңселік кабинет, дыбыс жазу студиясы, еріктілер клубы, Сoworking орталығы бар. Орталыққа қарасты аудандарда 7 аула клубы болса, штаттық кесте бойынша 36 қызметкер жұмыс атқарады. Ұйымның ішінде негізгі үш сектор жұмыс істейді. Олар: ұйымдастыру секторы, ақпараттық-мониторинг секторы, дін секторы. Ұйымдастыру секторы мекеменің жұмыс жоспарына сәйкес кездесулер мен дөңгелек үстел, семинарлар мен флешмобтар ұйымдастырады. Ал ақпараттық-мониторинг секторы сала бойынша түскен арыз-шағымдарды қабылдайды әрі оларға талдау жасап, сараптайды. БАҚ беттеріне мақалалар дайындайды және әлеуметтік желілердегі парақшаларды жүргізеді. Дін секторы дін бағытындағы жұмыстарға зерттеу жүргізеді, мемлекеттік дін саясатын насихаттайды және теріс ағымдардың алдын алады.

– Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде адамдарды адастыратын парақшалар көп. Атап айтар болсақ, олар жастарды діни алауыздық тудыруға, ұлттық қақтығыстар ұйымдастыруға итермелейді. Міне, біз соларды бақылап отырып, жастарды мейлінше олардан аулақ болуға, парақшаларына білместікпен тіркелуден сақтануға шақырып отырамыз. Сонымен қатар дұрыс бағытта жастарға жол көрсетуге барымызды саламыз, – дейді дін мәселелерін талдау секторының инспекторы Берік Қайратұлы.

Тараз қаласының жалпы тұрғындар саны 363 731 адамды құраса, оның 74 588-і 14 пен 29 аралығындағы жастарды құрайды. Яғни қала халқының 20,5 пайызы – жастар. Қазіргі таңда жастар арасында интернетке, телефонға тәуелділік артып келеді. Міне, осындай кезеңде олар үшін түрлі ұйымдардың болуы өте маңызды. Сондықтан жастардың бос уақытын құр жүріп өткізбеу үшін ашылған аула клубы жасөспірімдердің ғылым мен білімге, спорт пен шығармашылыққа деген қызығушылығын оятады. Жалпы бұл орталық 11 бағытта жұмыс жасайды. Олар: рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, спорттық, жастарға кеңес беру сияқты істермен айналысады. Атап айтар болсақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Жеңіс» саябағында акустикалық кеш өткізіп, орталықтың өнерпаздары өнер көрсетіп, осы жерде әр сенбі күні халықты таза ауамен қатар рухани жағынан да тыныс алдырып, кешкі серуенді көңілді өткізуіне үлестерін қосып келеді. Сонымен қатар қаланың орталық базар алаңында тұрғындар мен жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша тегін кеңес беруді де қолға алып, жүзеге асыруда.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің облыс бойынша басқармасының мәліметтері бойынша Тараз қаласында 2021 жылдың І тоқсанына (3 айы) 200 қылмыс тіркелсе, оның 108-і – жастар қылмысы. Полиция бөлімінің есебінде де арнаулы оқу орындарының студенттері мен орта мектептердің 39 оқушысы тұр. Осыған орай Жастар ресурстық орталығының 2021 жылдық жоспарына сәйкес жастар арасында қылмыс, нашақорлықтың алдын алу бағытында бүгінге дейін 23-ке жуық іс-шара өткізілген. Сондай-ақ ағымдағы жылы қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары мен еріктілерінің көмегімен қала көшелерінің қабырғаларындағы есірткі заттарын жарнамалайтын сайттардың сілтемелері орналасқан жерлер анықталып, аталған жарнамалардың 1078-ге жуығы өшірілген. Сондай-ақ мекеме тарапынан жастар арасында қылмыстың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында 892 857 теңгеге мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жеңіп алған «Қазақстан жастар фракциясы» қоғамдық қорымен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген.

– Ендігі біздің қаламыздағы басты мәселелердің бірі – NEET базасын жасау. Аталған мәселе бойынша жастар орталығы қызметкерлері 3700 жасқа адрестік жұмыстар жүргізіп, 1088 жас жұмыссыз санатын алды, 825 жас мәлімет беруден бас тартты. 210 жас өзге өңірлерде, 17 адам басқа мемлекетке оқуға немесе жұмысқа кеткен, 12 адам әскерге жөнелтілген, 369 адам бала күту демалысында, 677 жас байланысқа түсуден мүлдем бас тартты. NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп, бүгінге дейін 100 жас «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатарына тартылды. Жастарды жұмыспен қамту мәселесін де назардан тыс қалдырмадық. Мәселен, бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізіп, өзге мекемелерден бос вакантты орындардың тізімі арқылы хабарламалар жасаудамыз. Сонымен қатар жастардың өзі қалаған мамандығына сай жұмыс тауып беру немесе өз кәсібін ашуға үлес қосу мақсатында онлайн сауалнама жүргіздік. Сауалнамадан 3000 адам өтіп, 70 пайызы өз кәсібін ашқысы келетіндігі анықталды. Осыған орай жастарға кәсіп ашуға септігін тигізетін тетіктер қарастырылуда. Біз еліміз үшін қолдан келген мүмкіндіктердің барлығын жасауға күш саламыз, – дейді Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Абзал Есіркепов.

«Ұлт үшін істеген істің үлкен-кішісі болмайды» демекші, еріктілер еңбегіне ешкім көз жұма алмайды. Олар әр жерде жақсылық үшін жарыса топтасып, өздерінің жастық көктемін ел мүддесіне пайдалануда. Сондай ұйымның бірі Жастар ресурстық орталығының ішіндегі «Жалын» еріктілер қозғалысының тарихы ең алғаш 2019 жылдың 17 қазанында Тараз мемлекеттік педогогикалық университетінен бастау алады. Бұл еріктілердің қозғалысы ректордың жастар ісі жөніндегі комитеті жанынан құрылған. Ең алғаш ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы бойынша «2020 жыл – Еріктілер жылы» болып жариялануына орай, өткен жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Mart» сауда орталығында «Егемендігіміздің еншісінде Еріктілер жылы» атты Еріктілер жылының ашылу салтанаты өткен. Ал ұйымның ішіндегі екі еріктілер қозғалысының бірі «Жалын» болса, енді бірі «Темірқазық» еріктілер қозғалысы 1997 жылдан бастап жұмыс істеп келгенмен, тіркелмеген. Ал 2017 жылы маусымның 29 күні ресми түрде тіркеліп, құрылғаны жарияланды.

– Біздің мақсатымыз – кез келген көмекке зәру жандарға көмектесіп, қоғамдағы белсенділік рөлін айқындау. 700-ден аса мүшесі бар біздің еріктілер тобы әр университетте, колледждерде жұмыс жасап келеді. «Қоғамдық белсенділік, ерікті болу – тек тегін жұмыс істеу» деп ұғыну қате. Олар – қоғамның белсенді жанашырлары. Біз ерікті болғасын жалақы алып істеп отырған жоқпыз. Сондықтан біздің бір ғана талабымыз бар. Ол еріктілердің барлығы болмаса да, ең белсенді 5-6 еріктіге автобустан жеңілдігі бар карта жасатып берсе. Оның өзі тегін емес, қайта қалыпты жолақының жартысына жүре алатын болсақ, біз үшін ол үлкен қолдау болар еді, – дейді «Темірқазық» еріктілер қозғалысының президенті Азамат Намелбекұлы.
Міне, жас та болса бас болып, қатарластарына жол бастап келе жатқан осындай орталықтағы жастардың жұмысы шынымен жан сүйсінтеді. Олар түрлі қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырып, тіпті пандемияға байланысты отбасында қиыншылыққа душар болған адамдарға да жәрдемші болып жүр. Біз де еңбектерін елден аямай келе жатқан жастардың қолдаушысы болайық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.