Қалалық қоғамдық-саяси газет

Иманды болу – білімнен

0 365

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тәуелсіздік» залында қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев пен ЕИМ университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханұлы және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаев пен облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің қатысуымен Тараз қаласының имамдары мен теолог, дінтанушыларға арналған семинар-тренинг өтті.

Шапағат Әбдірұлы

Семинардың басты мақсаты – дінтанушы мамандар мен дін жолын ұстанушылардың біліктілігі мен білімін арттыру. Қазіргі қоғамда мемлекет үшін, тұтас адамзат үшін де ең қауіпті болып отырғаны – сананың қараңғылануы. Теріс көзқарас жолындағы адамдар – діннің ғана емес, тұтас ұлттың тұнығын лайлаушылар. Бізді сондай қара түнектен құтқаратын – білім мен тәрбие. Жаратушы біреу болғанмен, жаратылыс әртүрлі. Тіпті сол Жаратушыға жақындататын дінде де неше түрлі ағымдар мен тармақтар бар. Оның ішінде тарихи уақыттардың сынынан, адамдардың идеясынан өтпей, жоғалып бара жатқандары да кездеседі. Дегенмен кей ағымдардың ұстанған жолы адамзатқа жат болса да қатардан қалмай, ақ матаға тамған қара дақтай болып көрініп-ақ келеді. Міне, осындай қоғамда болашақ ұрпақтардың, жас жеткіншектердің жүрегі мен ұстанатын жолын тазарту – әрбіріміздің борышымыз.

Отан мен ел тұтастығының бірлігін, берекесін сақтау жолында болашақ ұрпақтың көзінің ашық болуы үшін қандайда бір қадам жасау керек болса, бірінші болып қолдайтынын жеткізген қала әкімінің орынбасары Алмас Қадырбекұлы іс-шараның маңыздылығына тоқталып, дін өкілдері арасында да вакцинация туралы дұрыс түсінік қалыптасуын әрі аурудан ғана емес, қоғамда болып жатқан түрлі бұрыс ағымдар мен іс-әрекеттерден сақтану керектігін жеткізді. Сонымен қатар Отанның тыныштығын сақтау қай салада жүргеніне қарамастан, әрбір азаматтың борышы екенін атап өткен Алмас Садубаев «Жусан» операциясы бойынша елімізге келгендердің ішіндегі облысымыздағы бір ұл бала мен қыз баланың қазіргі жағдайы мен болашағы туралы да айта келіп, ел саясаты ұрпақтарға дұрыс бағыт көрсету жолында қыруар жұмыс атқарып жатқанын, ары қарай да арнайы осындай дін өкілдері және басқа да мамандармен бірлесіп әлі талай жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.

– Қазіргі таңда қаладағы мешіттерде қызмет істейтін имамдардың, сол мешіттерге келетін жамағаттардың ойлары әртүрлі, таным-түсініктері де ұқсамайды. Ал олардың идеясын дұрыс бағытқа нұсқап отыру үшін әкімдік болып, әртүрлі саладағы білімді азаматтар болып бірігіп, бір-бірімізбен тығыз байланыста жұмыс жасасақ қана оң нәтиже шығара аламыз. Бүгінгі жиналыстың да мәні – сол. Сіздермен ашық пікірде болып, арамызда болып жатқан былықтарды тазарту. Теріс бағыттағы идеялар болса, содан арылу. Сондықтан сіздер өз араларыңызда болып жатқан жағдайларды ашық түрде айтып, талқыға салыңыздар, – деген облысымыздың бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы имамдарды қазіргі таңда жүріп жатқан вакцинациялау науқанына атсалысуға шақырды.
Тәуелсіздік алғалы еліміз ешбір дін өкілін шетке қаққан емес, керісінше, оларға түрлі жағынан көмек көрсетуге дайын болды. Алайда осы бір тыныштықтың шырқын бұзатын кері пікірдегі адамдар да ортамыздан табылып жатқаны шынымен жаныңды жүдетеді.

– Кезінде Сирияға кеткен 6000-ға жуық адамның ішінде елімізге 606-ақ адам оралған. Оның ішінде кәмелет жасына толмағандар да бар. Мысалы, бір қыз бала 16 жасында интернет арқылы сол жақпен байланысып, ақыры Түркия мемлекеті арқылы Шам еліне барып, онда бір шешен ұлтының өкіліне тұрмысқа шығып, өте бай-бақуатты өмір сүрген. Ол өзінің сол өмірін әлеуметтік желілерде жариялап, осындағы сыныптастарына жіберіп, басқа адамдарды қасына шақырған. Міне, жастар неден бұзылатыны, ол жақта шынайы өмір солай ма, жоқ басқаша ма, байыбына бармай жатып, көрсеқызарлықпен бірден елден кетуі, тып-тыныш өз мемлекетінен соғыс болып жатқан өзге елге баруы адам баласындағы психологиялық ауытқулардың әсері емей немене? Сондықтан біз дұрыс бағытта жұмыс жасау керекпіз. Әрі елге оралған «жусандықтардың» балаларының санасын азат етіп, оларды рухани түнектен құтқарып, мектепке баратын жасөспірімдерді де шетке қақпай, елге еңбегі сіңетін азамат болып өсуіне ықпал етуіміз керек. Өйткені олардың ата-анасының кейбірі сол жақтан білім аламыз, ілімімізді молайтамыз деген қате түсінікпен кеткен. Діни білімнің жоқтығы адамды адастырады, – деді ЕИМ университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханұлы.

Қазақстанның тұтастығын, бірлігін, тыныштығын сақтау – әрбір қазақстандықтың борышы. Сондықтан жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болуға тиіс. Ол үшін сапалы білім керек. Сапалы білім – кітапта. Іс-шара соңында әр мұсылманға пайдалы ақпараттар жазылған Алтынбек Сәлімгерейұлының «Дәлелденген мәселелер» атты кітабының тұсауын кесіп, бас имам әрбір азаматқа аталған кітапты алып оқуға үндесе, дін өкілдері дұрыс уағыз айтып, жамағатты адасудан сақтайық деп уағдаласып тарқасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.