Қалалық қоғамдық-саяси газет

Екпе салудан қорықпайық!

0 207

Адамзат баласы өмір тарихында небір қатерлі жұқпалы аурулармен бетпе-бет кездесті. Бұл – өмір үшін күрес жолындағы үздіксіз тайталас. Осы күнге дейін ғылымның дамуының нәтижесінде медицина вакцинаға қол жеткізді. Соның арқасында көптеген дерттің сорақы түрлерінің бетін қайтарып келеді. Демек, вакцина салдыру – коронавирус инфекциясымен күресудің де ең тиімді әрі қауіпсіз жолы.

Дәрігерлер «індетке қарсы вакцинаны алып болғаннан кейін организмде толық иммунитет пайда болады, бұл ғылыми дәлелденген» деп айтуда. Біз ғалымдар мен дәрігерлердің пікіріне сенеміз. Індетпен күрес бүкіл әлемде жүріп жатыр. Індет бастала салысымен, әлем ғалымдары ауруға қарсы тұрар жаңа вакцина ойлап табуға күш салды.

Республика Президенті Қ.К.Тоқаев Үкіметке елдегі эпидемиялық ахуалды жақсарту жөнінде қатаң талап қойды. «Вакцинация ісін созбалаңға салу – жай ғана проблема емес, мемлекеттік маңызы бар міндет. Әңгіме еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр. Бұл азаматтарымыздың арасында дертке шалдығушылар мен өлім жағдайының көбеюі деген сөз», – дей келіп, қазақстандықтарды өзінің, отбасының, жақындарының денсаулығы үшін вакцина салдыруға шақырды. Сонымен қатар тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық-түсіндіру шараларымен қатар жүруі керектігін айтты.

Ел ішінде коронавиурс пайда болғалы вакцина жайында жиі айтыла бастады. Әлбетте, бұл дертті ауыздықтайтын емнің табылғанын бәріміз де қалайтынымыз анық.

Коронавирусқа қарсы вакцина туралы сөз қозғамас бұрын, алдымен осы уақытқа дейін түрлі вирустың алдын алып келген екпе жайында айтсақ. Мамандардың пікірінше, екпенің пайдасы зор. Ал ғалымдар мұны адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі деп санайды. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, әлем мойындаған екпені қазақ даласына алып келгендердің бірі – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Ол екпені алғаш шешекке қарсы пайдаланған. Әрі бұл әдісті еуропалықтардан бірнеше ғасыр бұрын енгізгені туралы деректі оның «Шипагерлік баян» атты еңбегінен табуға болады. Медицина саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келетін маманның айтуынша, екпеге қарсы пікірді таратып жүргендер бұл саладан хабары жоқ жандар. Оның сөзінше, қауіпті дерттің алдын алудың бірден-бір жолы – вакцина. Соңғы жылдарда елімізде екпеден үркитіндер саны толастамай келетінін немен түсіндіруге болады?

Елімізде 1 ақпаннан коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталғаны белгілі. Алғашқы болып ерікті түрде екпе ектіргендер туралы әлеуметтік желіде түрлі пікір жазғандар бар. Екпе салдырған жоқ, мұның бәрі өтірік деп сенбейтіндіктерін айтқан. Бұл адамдардың бір-біріне деген сеніміне селкеу түскендігін аңғартады. Өкінішті…

Естеріңізде ме, ел ішіне коронавирус дерті дендеп кірген сәтте де бәріміз мұның бәрі өтірік деп сайран салғанбыз. Алайда сенбегендіктің салдарынан талайымыз жанымызға жақын жандардан айырылып, әлі күнге жүрегіміз қан жылап жүр. Қазіргі күні де бұл дерттен көз жұмып жатқандар көп. Президент айтқандай, вакцина – пандемияны жеңудің жалғыз жолы десек, тәжтажалдың құрығынан құтылуда, дерттің жолын кесуде екпенің де көмегі ұшан-теңіз екенін естен шығармайықшы.

Сонымен бірге халыққа жаппай екпе салдыру ғасырлар бойы адамзатты шешек, оба сияқты қырылып қалуға апаратын қорқынышты аурулардан қорғап келгенін айтқым келеді.
Вакцина салдыру – індетті ауыздықтаудың жалғыз жолы.
Вакцинаның пайдасы туралы ата-әжелеріміздің әңгімесінен де жақсы білеміз. Мәселен, өткен ғасырдың 40-50 жылдары медицина саласы дамымаған уақытта қаншама жандар түрлі (мысалға, қызылша) аурулармен ауырып, емін таппай қайтыс болып кетті. Он шақты перзент сүйіп, алайда ауру салдарынан оның кейбір отбасында бір-екеуі ғана, кей отбасында тіпті ешқайсысы аман қалмағандығы туралы да естігенбіз. Қазір жасы 40-50-ден асқан кісілердің қолының иыққа жақын жерінде екпенің орны көрініп тұр, ол кезде екі-үш жерден салған екпе орны жара болып бір айда зорға жазылатын. Сол себептен ғылым мен білім, медицина саласы дамыған заманда өмір сүріп жатқанымызға қуанайық. Қысқасы, барлық жерлестерімізді вакцина салдыруға шақырамыз! Індетті ертерек жеңіп, қалыпты өмірімізге оралуды Алла ертерек нәсіп етсін деп тілейміз!
Екінші көтергелі отырған мәселе, яғни тойларды заман талабы мен адамдардың талғамына сай мазмұнды, жарасымды сән-салтанатпен өткізу жөніндегі әңгіме – көпшіліктің көкейінде жүрген дүние. Тараздағы барлық тойханалар бос емес, той, ас және тағы басқа еске алу, қуаныштарды тойлауда. Алдыңғы есікті жауып, артқы есіктен кіргізіп жасап жатыр. Бәріміз барамыз, бармасақ «ұят болады» дейміз. Біз сол «ұят» деген сөзді тоқтата алмай жүрміз.
Дәл қазір коронавирус өршіп тұрған, ел қорқып жүрген кезде ауруды таратпау үшін уақытша тыйым салу орынды. Бұл тек елдегі эпидемиялық жағдайда. Қазақ кішкентай ғана қуанышын бүкіл елмен бөліскенді құп көреді. 300-400 адам шақырмай, 50-60 адаммен тойланса. Үйіне он адам, жиырма адам шақырса да, отбасының кіші қуанышын атап өткені дұрыс.
Мысалға, басқа ұлт өкілдері сырттан әнші-биші алдырып, 250-500 адамға дейін той жасамайды. Түрік Республикасының Анталья қаласына демалысқа барғанымызда, біз түскен қонақ үйде екі рет түріктердің үйлену тойы болды. Байқағанымыз, сол тойға 50-60 адам ғана қатысып, тойдың дастарқаны өте қарапайым швед үстелі түрінде өтті. Ал Түркияда 70 млн халық тұрады. Рас, бізде қалталы қауымнан қалыс қалмаймын деп қанша қазақтың қарызға батып той жасап жүргенін байқап жүрміз. Бірақ «біреу тойып, біреу тоңып секіретінін» ұмытпау керек сияқты. Бұл ретте әркім көрпесіне қарай көсілсе екен дейсің. Барымен базар қылып, бір кесе шай ұсынсаң да, мейманыңның мерейі тасымай ма?! Өмір дейтін өзенді қанағат қайығымен жүзіп өткенге не жетсін, шіркін!
Тек ендігі тойларда сақтық пен саулықты саралап, ысырап пен ықыласымызды түзеп, қанағат пен қаражатты есептей алсақ болғаны. Өмір болған соң ақ пен қараның, бақ пен наланың, қайғы мен қуаныштың қатар салтанат құратыны айдан анық. Қиын-қыстау заманда қиылып кетпей, азаттықтың таңына аман жеткен елімізді қайырлы күндер қарсы алса дейміз.
Бұл да өтер, бәрі де өтеді. Ас, той жасау керек, бірақ ас, еске алу жасағанда адам саны 40-60 адамнан аспаса, той жасағанда да 80-100 адамнан аспаса деген ұсыныс жасағымыз келеді.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
Тараз қалалық мәслихаты
депутаттарының атынан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.