Городская общественно-политическая газета

Жемқорлыққа қарсы мәдениет бүгіннен басталады

0 169

«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ «ҮЕҰ, сарапшылар қауымдастығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысуын кеңейту» атты жоба аясында онлайн форматта дәріс өткізді.

Зере ҚУАНЫШ

Онлайн семинарға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері, оқытушылар мен факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесі, «Nur Otan», ҚХП, «Ақ жол», «Ауыл» партиялары және кәсіподақ өкілдері, ҮЕҰ мен ҰКП қатысты. Семинарды «Жаңару» РҚБ төрағасы, еліміздің қоғам және саяси қайраткері Оралбай Әбдікәрімов жүргізіп отырды. Өз кезегінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев шараның маңыздылығына тоқталды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық даму басымдықтарының бірі екенін баса айтқан болатын. Бұл тұрғыда бірқатар маңызды міндеттер жүзеге асырылды. «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі сыбайлас жемқорлықпен күресу бойынша күнделікті жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мемлекеттік саясат сыбайлас жемқорлық көріністерінің салдарымен емес, олардың алғышарттарымен қарсы күреске бағытталған. Халық арасында әлеуметтік сауалнамалар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдаулар жүргізіледі. Ашық бюджеттердің интерактивті картасынан әрбір адам мемлекеттік органдардың қаражатты қалай игеріп жатқанын көре алады. Мұның бәрі азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тарту үшін жасалуда. Олардың санасында сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне деген төзбеушілік қасиетін күшейту маңызды, – деді облыс әкімі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев ведомство қоғамдық институттармен ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті. «Nur Otan» партиясы жанындағы қоғамдық кеңестердің отырыстары барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер көтеріліп, бизнес пен инвестицияларды қорғау мақсатында «Protecting Business and Investments» жобасы қолға алынып, «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталы іске қосылған. Ол арқылы барлық адамдарға мемлекеттік органдардың сатып алу жоспарларынан хабардар болуға мүмкіндік бар.

Әділхан Әшірбаев облыста сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының саны жыл сайын 20 пайызға төмендеп отырғанын баса айтты. Ал «Жаңару» РҚБ филиалының басшысы Қасымхан Төлендиев өз сөзінде қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілетуге бағытталған «Парасат жолы» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жоба жүзеге асқаннан бері облыс бойынша 190 іс-шара өткізілген. Сондай-ақ басқосуда мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Сұлтанхан Шәкір де өз ойын ортаға салды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.