Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәртіп жоқ жерде жұмыс жоқ

0 270

«Nur Otan» партиясы қалалық филиалының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Сәндібек Піренов

Оған кеңес мүшелері, қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі, тұрғын үй қатынастары, жер қатынастары бөлімінің басшылары қатысты. Жиынды ашып, жүргізіп отырған кеңестің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали ең алдымен күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. Сонымен, бірінші мәселе бойынша қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеев баяндама жасады.

– Бөлім тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.Соның бір дәлелі ретінде бөлімде «Сервистік әкімдік» орталығы құрылғанын айтқанымыз жөн. Онда жұмыс қызу. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік органдарды әрдайым ашық болуға, кедергісіз орта қалыптастыруға шақыру. Жыл басында, яғни қаңтардан сәуір айына дейін жеке және заңды тұлғалардан 435 өтініш түскен. Тұрғындарға қызметтің барлық түрі «бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілуде. Ағымдағы жылдың қаңтар айында «Тараз қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу» мақсатында мемлекеттік сатып алу бойынша жабық конкурс жарияланып, белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Егер түзету енгізілген жағдайда Жамбыл және Байзақ аудандарына қарасты 13 елді мекеннен 7213 гектар жер телімі қосылып, қала халқының саны 44551 адамға артады. Қазір зерделеу жұмыстары жүріп жатыр, – деді Алмасбек Бөбеев.
Баяндамадан соң Алмасбек Бөбеевке кеңес мүшесі Тұрсынбек Сұлтанбек: «Қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіліп, шаһардың аумағы кеңейсе, әуежай қаланың орталығында қалып қоймай ма?» – деп сауал қойды. Бұған спикер әуежайды көшіру 2010 жылы да жоспарға енгізілгенін айтып, басшылық ескерген маңызды мәселенің қашан жүзеге асатыны белгісіз деп жауап қайтарды. Осыдан соң Тұрсынбек Темірланұлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөліміне барып жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесін хабарлады.

–«Сервистік әкімдік» орталығының жасақталғаны жақсы. Бірақ онда жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ескертпелер жоқтың қасы. Көрсетілген қызмет регламенттері де майда әріптермен жазылған. Сондықтан кіреберіске көрнекі тақта қойылып, сыбайлас жемқорлықпен күрес, сенім телефондары, басшының азаматтарды қабылдау кестесі, тағы басқа да маңызды ақпараттар ілінуі керек. Ашықтық сақталуы керек. Өкінішке орай, қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің ресми аккаунттарын таппадық, – деген Тұрсынбек Темірланұлы бөлімдегі бірқатар жетілдіруді қажет ететін мәселелерді тізіп берді.

Жиында қала әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев жұмыс барысында бірқатар кедергілерге тап болатынын ашып айтты.
– Пәтер кезегінде тұрған азаматтар тізімді электронды түрде тексере алады. Тек кезекке тұрарда Халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Кезек ретімен беріледі. Былтыр заңға енгізілген өзгертулер бойынша көпбалалы отбасылар жеке-дара тізімге шығарылды. Демек, оларға қаржы мемлекеттің стратегиялық жоспарына сәйкес бөлінеді. Былтыр 3 млрд 378 млн теңгеге республикалық бюджеттен несие бөлінген. Соған қаладағы 80 көпқабатты тұрғын үй жөнделді. Біз «Жамбыл – адалдық алаңы» өкілдерімен зерделеу жүргіздік. Мониторингтің тексеру барысында тұрғындардың жобада жоқ жұмыстарды талап етіп жатқаны белгілі болды. Мұндағы ескеретін нәрсе – үй иелерінің осындай жұмыстарға немқұрайлы қарайтындығында. Оның барлығына келісе беретін болсақ, жөндеу жұмыстарының құны әуелгі жоспардан анағұрлым жоғары болып кетеді. Мұндайда тұрғындармен келісіп, қосымша талаптардың қосылуына байланысты бұрынғы жоспарлы жұмысты қысқартуға ұсыныс жасаймыз, – деді Ғазиз Ералиев.

Кеңес отырысында қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркінбек Бижігітов «Шаңырақ» шағын ауданындағы жер телімдерін мақсатты пайдалану туралы баяндады.

Баяндамадан соң кеңес төрайымы Эльмира Мырза-Ғали «Шаңырақ» мөлтек ауданындағы бос жатқан жер телімдерін ұзақ жылдар бойы кезек күткен азаматтарға беру керектігін баса айтты. Бір өкініштісі, ондағы жекенің меншігіне өткен кейбір жерлерді құрылыс аяқталмай жатып сатылымға шығарып қойғандар бар екен. Эльмира Иниятқызы жаңадан сайланған бөлім басшысына аталған шағын аудандағы 1232 учаскенің мәліметін 10 күннің ішінде көрсетуді тапсырды. Күн тәртібіндегі мәселелерді қорытындылай келе, қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеевтің тәртіптік жауапкершілігін қарау партия Бюросының отырысына ұсыныс ретінде жолданды. Өйткені ол партия талабына немкетті қарап, зерделеу тобының жұмысы барысында толық ақпарат бере алмаған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.