Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаладағы қарқынды жұмыстар

0 335

Биыл қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың бастамасымен шаһарды көркейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде Тараз қаласының адам көп шоғырланатын үлкен көшелеріндегі аялдамалар да заманауи үлгіде салынуда. Жалпы қала бойынша 624 аялдама бар, оның 41-і күрделі жөндеуден өткен.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Аялдамалар ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіріліп, шаһардың сәнін келтіріп тұр. Осыған орай қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы БАҚ өкілдерімен қаладағы жаңартылған аялдама, жол, канал және басқа да мәселелер бойынша пресс-тур ұйымдастырды. Біз сол бағыт бойынша Зият Тұрсынұлының бастауымен Абай көшесінің бойындағы аялдамалардың біріне бардық. Аялдама шынымен жаңа үлгіде салынып, автобус күткен халық та көп екен. Жалпы биыл қаладағы 30 аялдама жаңартылады. Артынша БАҚ өкілдері Төле би және Тәуке хан даңғылдарында жол бөлігін суық пластикпен ақ жолақ үзік сызықтар салу жұмыстарының да қызу жүріп жатқанына куә болды.

– Бұл жол сызбаларының артықшылығы – бір-екі жылсыз өшпейді. Шаң болған жағдайда біз арнайы машиналармен жуып тұрамыз, сол кезде өшіп кетпейді. Әрі түнде көліктердің шырағына шағылысуынан анық көрінетін ерекшелігі де бар, – деді Зият Тұрсынұлы.

Ал жөндеу жұмыстары былтыр басталып, аяқсыз қалған Бауыржан Момышұлы көшесінде де шаруа қайта қолға алыныпты. Тәуке ханның бойынан бастап Сейфуллин көшесіне дейін созылған жолдың жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды екен. Онда жыл жөндеу жұмыстары биыл сәуір айынан басталса, енді қыркүйек айында толықтай аяқталмақ. Ал қаланы сәндеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да орасан. Мысалы, Тәуке хан – Бауыржан Момышұлы қиылысында қаланың шырайын ашу бағытында қойылған қос сақина көздің жауын алып-ақ тұр. Жалпы қаланың көркін асыру үшін әр жерде кіші сәулеттік формалар қойылып жатыр екен. Сонымен қатар «жарнама біркелкі болу керек» деген қала әкімінің ұстанымына сәйкес, қоғам белсенділері арасында және әлеуметтік желілерде жабайы жарнамалармен күрес туралы ақпарат ашық талқыға түскен. Соның нәтижесінде жарнама агенттіктерінің иелері өз қаражаттарына қалада алғашқы LED-баннерді орнатыпты. Оның артықшылығы жабыстырылған жарнамалар сияқты жыртылып немесе тозып кетпейді. Әрі бір уақытта бірнеше жарнаманы экраннан бере алады. Бір жағынан, түнде де жарқырап жанып тұрады, оны жарнама беруші қалай беремін десе де еркі. Жарнаманы сурет немесе видеоролик арқылы да бере алады. Оған қоса экран бетіне жарнамадан бөлек, жыл, ай, күн мен сол күнгі ауа райы да көрсетіліп тұрады екен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.