Қалалық қоғамдық-саяси газет

Береке басы – ынтымақ

0 314

Көңілі даладай дархан, құшағы күндей ыстық Қазақстанның бауырында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бейбіт елдің берекесінің бастауы – осынау құт қонған елдің ырысы мен ынтымағында. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Туған жерге деген ыстық ықыласының шапағатын сөндірмеген өзге ұлт өкілдері, шындығына келгенде, көпұлтты халқымыздың бірлігін нығайтуға, саяси сезімін байытып, ынтымағын күшейтуге атсалысуда.

Қазақтың кеңдігін үлгі етемін

Еліміздегі ұлтаралық қатынас үлгісін одан әрі дамытып, көңіл сәулесімен Қазақстанды «Отаным» деп құрмет тұтады. Тәуелсіздік жолымен ілгері басқан еліміздегі көне шаһардың көрікті көшесінде көктеп, көгеріп, ұрпағын өрбіткен өзге ұлт өкілдерімен тілдесуді жөн санаған едік. Қазақ ұлтының тілін, мәдениетін, тарихын, әдебиетін, әдет-ғұрпын құрметтеумен бірге, өз ұлтының да салт-дәстүрін қатар сүйген азаматтардың әрқайсысының төрінде қазақтың құрақ көрпесі төселіп, қазанында қазы-қартасы қайнап, ет асып, қымыз-қымыранына сүйсінгенін де көз көріп жүр.

2011 жылы Жамбыл облысында «ҚР күрдтері «Барбанг» қауымдастығы» өңірлік қоғамдық бірлестігінің филиалы құрылған болатын. Оның басшысы болып Сартиф Алиев тағайындалған. Ол Жамбыл облысы, Байзақ ауданында дүниеге келген. 2002 жылы қазақтілді мектепті тәмамдаған. Тараздағы Әулиеата университетін «қаржы» мамандығы бойынша және Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ 18 жасында «ҚР спорт шебері» атағын алған.

Бүгінде қазақ, орыс, күрд, тәжік, қырғыз, түрік, өзбек тілдерін еркін меңгерген Сартиф Исманалиұлы күрд диаспорасының мәдениетін, озық халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жан-жақты дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға жәрдемдесіп, Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен бірліктің сақталуына ықпал етеді.

– 1937 жылы ата-бабаларым Қазақстанға көшіп келген екен. Атам үнемі айтып отырушы еді: «Бізге қазақ ұлты көп көмек берді. Өздерінің ас-ауқаты болмаса да, бір нанды екіге бөліп, жартысын бізге беретін. Қазақтар «Өле жегенше, бөле же» деген ұстаныммен ғұмыр кешеді», – деп бізге қазақтың кеңдігін үлгі ететін. Мен ауыл баласымын. Ауылдық достарыммен бірлікте, жекжат болып араласамыз. Мектеп жасында қазақ тілінен олимпиадаларға да қатыстым. Осы елде ержетіп, тер төгіп, еңбек етіп жүрміз. Билік басындағыларға да алғысым шексіз. Қазақстан Республикасының облыстық заңнамасы шеңберінде фестиваль, байқау, концерттер, ғылыми-практикалық және әдістемелік семинарлар нысандарында күрдтердің ана тілін, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырып тұрамыз. Қазақстан Отаным болғандықтан құрмет тұтамын. Бір шаңырақ астында бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешкен халқымыздың татулығы нығая түсіп, республикамыздағы ұлтаралық сый-құрмет әрдайым берік болып, достығымыз мәңгі жасай берсін деп тілектестігімді білдіремін, – деді Сартиф Алиев.

Тілге құрмет – елге құрмет

1991 жылдың ақпан айында Алматы қаласында «Түріктер қоғамы» республикалық қоғамдық ұйымы құрылған болатын. 2011 жылдың 12 наурызынан бастап «Ахыска» түрік этномәдени орталығы ҚБ Жамбыл облыстық филиалының басқарма директоры болып Махмуджон Давришев сайланды.
Ол 1972 жылы Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Янгиюль ауданының Новый ауылында дүниеге келген. Әулиеата университетінің «Құқықтану», сондай-ақ «Қаржы және несие» мамандығы бойынша білім алған. Бұл орталықтың қызметі жастардың білім деңгейін және жұмыспен қамтылуын арттырып, спортқа баулып, отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады. 10 жылдан астам уақыт бойы түрік мәдени орталық қазақ тілінен «Тілге құрмет – елге құрмет» облыстық олимпиадасын 9-10 сынып оқушыларына өткізіп келді. Оған жыл сайын 60-тан астам бала қатысады.

– Облыстың мектебінде түрік этносының баласы ана тілін мектеп үйірмелерінде оқиды. Облыстың этномәдени бірлестіктері салауатты өмір салтына және бұқаралық спорт пен дене шынықтыру жүйесін дамытуға көңіл бөледі. Жасөспірімдер арасында еркін күрестен ұлттық спорт түрі ретінде турнир өткізу дәстүрге айналды. Жарыстар UWW халықаралық стандартының ережелері бойынша екі жас тобында және әртүрлі салмақ санаттарында өткізіледі. Жеңімпаздар «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің дипломдарымен марапатталады. Жыл сайын ауыр өмірлік жағдайда жүрген балаларға және көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмектесеміз. Облыста «Ахыска» түрік бірлестігінің қолдауымен мешіт салынды және аз қамтылған мұсылман қажылыққа барады. Игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады. Өз еңбегім, маңдай терім арқылы Қазақ еліне деген алғысымды жеткізуге тырысамын. Бірлігі жарасқан бейбіт елде ғұмыр кешкенімді мақтан тұтамын, – деді Махмуджон Давришев.

Отан оттан ыстық

Людмила Корнилина 2020 жылдан бастап Қазақстанның еріктілер Ассоциациясының құрамында. Облыстың аудандарындағы сайлау науқанында насихаттау бригадасына, Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы сауалнамаға қатысқан. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы» және «Астананың 20 жылдығы» төсбелгілерімен марапатталған Людмила Григорьевна «Шиват-Цион» Жамбыл облыстық еврей мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Бірлестік басқа ұлттар мен діндердің адамдарына толерантты қарым-қатынасты қалыптастыруға, ұлтаралық қатынастарды үйлестіруге, жас ұрпақтың бойында патриотизм сезімін және өз Отаны Қазақстан Республикасы үшін мақтаныш сезімін дамытуға баса назар аударады. Еврей кітабының фестивальдерімен, ағаш отырғызу, үлкендерді құрметтеу, ұлттық дәстүрлер және мерекелермен қатар, «Дельфин» бассейнімен бірге түрлі ұлттардың балалары көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін спартакиадалар өткізіп, кәмелетке толмағандарды бейімдеу және оңалту орталығындағы бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға атсалысады.

– Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен Ішкі істер департаментінің қолдауымен Жамбыл облыстық «Шиват-Цион» еврей этномәдени бірлестігі бірнеше жыл бойы «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық» жобасын жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде жүздеген балалар мен ересектер нақты психологиялық, кейде материалдық көмек алады. «Туған жер – туған ел» арнайы жобасы, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Жамбыл облысының этностық топтарының дәстүрлері мен мәдениеттері» энциклопедиясын шығару негізінде интерактивті картаны құруды да қолға алдық. Мен Қазақстан мемлекетімнің және Тараз қаласының тұрғындарын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ел үшін еткен еңбегіміз еленіп, болашақ үшін төккен теріміз қашанда ақталады. Отан оттан ыстық. Осының айғағы ретінде мен бірнеше ұлттың өкілін құшағына алып, бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешкен Қазақ елін құрметтеймін. Отанға деген ыстық ықылас пен жүректегі алғыс ешқашан сөнбек емес. Бір атаның балаларындай тату-тәтті күн кешкеніміздің өзі қандай жарасымды. Мен қазақтың кең даласы мен көз тоймас көрікті қалаларына, мейірбан адамдарына қарап, болашағының жарқын болатынына сенемін, – деді Людмила Корнилина.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.