Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыстық департаментіне 2019 жылы 277 өтініш, ал былтыр 302 өтініш түскен. Бұл дегеніңіз – жыл өткен сайын тұтынушылардың сауаттылығы артып келеді деген сөз. Ал биылғы межелі жоспар қандай? Осы жайында департамент басшысы Байқадам Дүйсенбаевтан сұрап білген едік.
– Тұтынушылар құқығын қаншалықты біледі және олардың арыз-шағымдарында жиі кездесетін мәселелер жайында айтып берсеңіз…
– Тұтынушылардың барлығы өз құқығын біледі деп айта алмаймыз. Департаменттің алға қойған негізгі жұмыстарының бірі – халықты ақпараттандыру. Өткен екі жылда Жамбыл облыстық білім басқармасымен жоспар бекітіп, мектеп пен колледждерде сауалнама жүргіздік. Лекциядан кейінгі тест нәтижесі жақсы. Биыл жергілікті әкімдікпен жұмыс жоспары бекітілді. Соның ішінде негізгі басымдықты тұрғындарды ақпараттандыруға қойып отырмыз.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласы бойынша түскен өтініштердің талдауынан Жамбыл облысында тұтынушылардың құқықтары көбіне бөлшек саудада, тұрмыстық қызмет саласында және электронды сауда қызметі саласында жиі бұзылатыны анықталды. Осы үш сала бойынша келіп түскен өтініштер саны барлық өтініштердің 80,1%-ын құрайды. Бөлшек сауда саласында сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту туралы өтініштер 40%-ды, күнтізбелік 14 күн ішінде сапалы тауарды қайтарудан бас тарту туралы өтініштер 27%-ды құрайды. Тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы тұрмыстық техниканы жөндеуге байланысты өтініштер – 51,3%. Электрондық сауда саласында тауарларды қайтарудан немесе айырбастаудан бас тарту туралы өтініштер 52,2%-ды құрайды.
Өтініштер сипаты бұрынғыдай: барлық өтініштердің 59,2% бөлшек сауда саласына жатады, әрі қарай тұрмыстық қызмет және интернет сауда саласындағы өтініштерден тұрады. 2020 жылы департаменттің ықпалымен тұтынушыларға 5 454 900 теңге қайтарылып берілді және 52 тұтынушы сатып алынған сапасыз тауарларын айырбастап алды.
– Жыл өткен сайын халыққа қолайлы электронды қызмет түрлерінің сапасы артып келеді. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның талабы бойынша «Е-Тұтынушы» платформасы іске қосылды. Яғни интернет желісі арқылы кез келген тұтынушы осы аталған платформаға талап-арызын жазып, департаментке жүгінуіне болады.
– Шағымдарды қараудың жаңа ережесі бекітіліпті. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Жаңадан қабылданған заң бойынша арыз-шағымдарды қарау 3 сатыдан тұрады. Бірінші деңгейінде шағымды қарау міндетті түрде сатушыға ұсынылады. Сонымен бірге шағымды қарау үшін 10 күндік мерзім белгіленеді. Яғни тұтынушы сатушыға жазбаша түрде наразылық көрсетеді. Екінші деңгейінде, егер кәсіпкер тұтынушының шағымын қараусыз қалдырса, шағым сотқа дейінгі дауларды шешу институттарына немесе уәкілетті органға жіберіліп, жауапкершілікке тартылады. Үшінші деңгей – сотқа шағым беру. Мұндай жүйе мәселені сатушымен талқылау сатысында шешуге мүмкіндік береді. Бұл сатушының қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін және сатып алушы алдындағы материалдық жауапкершілігін арттырады.
– Жыл басынан бері тұрғындардан неше өтініш түсті?
– 2021 жылдың қаңтар айынан бері департаментке тұтынушылардан 79 өтініш түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 44%-ға артқан. Оның бесеуі басқа мемлекеттік органдарға өз құзыреті шегінде қарау үшін жолданды. 35 өтініш қанағаттандырылды. Департаменттің ықпалымен тұтынушыларға 1 409 350 теңге кері қайтарылды. Сонымен қатар 15 тұтынушы сапасыз тауарын айырбастап алды. 37 тұтынушы өтінішіне түсіндірме берілді. Жыл басынан бері тұрғындардың өтініші бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, «Таразэнергоорталық» АҚ, «Зийлан» ЖШС және «Кучинев» дәрігерлік клиникасында заң бұзушылықтар анықталып, тиісінше оларға нұсқау берілді. Бүгінде нұсқау орындалып, субъектілерге ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
– Департаменттің алға қойған жоспары қандай?
– Қазіргі таңда осы сала бойынша заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар дайындалуда. Алдағы уақытта сол заңды нұсқауды назарға аламыз. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді ұдайы бақылап отырамыз. Егер тұтынушылардың құқықтары бұзылған деректерді кездестірсек, шара қолданып, жағдайды реттеуге күш саламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Сәндібек ПІРЕНОВ