Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балдырғандарға мерекелік тарту

0 298

Әлімсақтан Наурыз мейрамдардың төресі, жаңа кезеңнің бастауы саналған. Кермарал көктемнің келісті келбетін ән-жырмен айшықтап, даланы бәйшешек пен жауқазынның жұпары тербеген шақты қазақ қыс бойы асыға күтеді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қыстың қыңыр мінезінен мезі болған жұрт арқа басын кеңге жайып, күннің шуағына шомылып, көкке мойын созады. Осындай мәуелі шақтың берекелі базарын Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театры «Ана-Дала» атты жаңа қойылымға арқау етті. Балаларға арналған жаңа туынды тараздық жас көрерменді шаттыққа бөлеп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Әуелден Наурыз десе жадымызға Табиғат-ананың бусанып, бүршік атқаны, Қызыр атаның батасы, жеті түрлі дәмнен әзірленген наурыз көже сынды дүниелер оралады. Аталмыш туындыда осының барлығы ақ пен қараның күресі сынды шиеленісті оқиғалармен бірге өрілген.

– Балаларға арналған ертегі-қойылым қиял-ғажайып оқиғаға құрылған. Бүгінде театр қабырғасында кішкентай өнерсүйер балаларға арналған туындылар жиі ұсынылуда. Бүгінгі еңбегіміз театр қоржынын сапалы дүние ретінде толықтыра алды деген ойдамыз. Бағасын көрермен береді. Жалпы өзім осындай туындылар жазумен айналысамын. Бүгінгідей карантин шектеулеріне қарамастан, балалардың санитарлық талаптарды сақтай отырып театр табалдырығын аттап, арнайы келіп жатқаны қуантады. Мұндай көрермендеріміз барда бізге аянып қалуға болмайды, – дейді қойылымның авторы Сантөре Пірманов.

Ертегі-қойылымның негізгі идеясы – тәуелсіз еліміздің кең-байтақ ұлы даласын, киелі шаңырағымыз бен өмірлік тірек ағашымыз – бәйтерегімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, қорғауға тәрбиелеу. Туынды ұлттық құндылықтарымызды келер ұрпаққа қастерлеп ұсыну керектігін астарлап жеткізеді. Шығарма бүгінгі уақыт талабына сай лайықталып, ән мен биге, оқыс оқиғалар мен тартыстарға құрылған. Оқиға барысында киелі шаңырағымыз бен мәуелі бәйтерегімізді қорғауды мақсат еткендерге Ана-Даланың ақ тілегі, Қызыр атаның батасы, жақсылық пен жамандықтың тартысы, сиқыршылық өнер мен балуандардың жекпе-жегі сияқты көріністер көрсетіледі. Өзіндік мазмұн мен ерекше идеяға құрылған шығарма келешекте де жас көрерменнің сүйікті туындысына айналарына сенім зор.

Қойылым авторы болашақта мүмкіндік болса, шығарманы көрші өңірлердің театрларында да сахналау ойда бар екенін жеткізді. Туындының басты рөлі Ана-Дала образын театр актрисасы Индира Мустафаева сомдаса, Жорабек Төлеген, Зарина Асан, Сымбат Нұрпейісова, Азамат Шәкенбаев, Әсем Қондыбаева сынды жас сахна саңлақтарының образдары кішкентай көрермендердің көңілінен шығып, ата-аналар алғыстарын жаудырды. Аталған туынды алдағы уақытта театрдың репертуарынан ойып орын алып, бүлдіршіндерге тұрақты түрде ұсынылмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.