Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел ертеңі – жастардың қолында

0 1  391

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге бұйырған бақыт деп ойлаймын.

Ата-бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Қазақ даласы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда зор құрбандықтарға душар болып, өз тәуелсіздігін жеңіп алды. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де – жастардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», – деген сөзі мемлекет пен жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды. Жасыратыны жоқ, республикамыздың барлық өңірлерінде жастар белсенділігі күшейіп келеді. Жастар әлеуметтік және қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылып келеді. Елбасының Қазақстан жастарына деген сенімі жоғары екендігін, бүгінгі қыз-жігіттеріміздің интеллектуалдық белсенділігін жоғары бағалайтындығын білеміз.

Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру – біздің қолымызда, яғни жауапкершілігімізде. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беру керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ. Бүгін елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлуде. Жастар саясатына қатысты сан түрлі пікірлер мемлекеттік шеңберде, халықаралық дәрежеде талқылануы оның қоғам өмірінде айтарлықтай маңызды орын алатындығын аңғартады. Статистика агенттігінің жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша мемлекетіміздегі адам санының 4,5 миллионнан астамы жастардың үлесінде. Бұл дегеніміз – жалпы халықтың 30 пайызы жастар деген сөз. Ендеше, еліміздің ертеңгі болашағы жастардың бүгіннен бастап қандай тәрбие алуы мен отансүйгіштік қасиеттің дамуы аса маңызды. Ең әуелі жастар бойында рухани адамгершілік, саяси интеллекттік, құқықтық тәрбие басым болғаны жөн. Қазіргі таңда мемлекеттік деңгейдегі форумдарда белсенді қазақ жастарының басы қосылып, жұртшылық алдында сөз сөйлеген жастарымыз ұлтаралық татулық пен қазақ халқының мәдени және тілдік ерекшеліктерін сақтай отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып жатқандығы – көңіл қуантарлық жағдай.
Кешегі күн кетті, көп нәрсеге қолымыз жетті, бірақ ұлттық намысымызды, тілімізді әлсіретіп алдық. Мәңгүрттенген жоқпыз, бірақ соған жақындап қалдық. Біз ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп отырмыз. Ендігі кезек – жастарда. Жастар жас шыбық сияқты. Қалай исең, солай иілуге әзір. Сол себептен жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруге атсалысу – басты парызымыз. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Халқымыздың бойындағы патриоттық құндылық ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғандығы тарихтан мәлім. Жастарды жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жасампаз үлгісін жаңғырта беру мақсатында еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыруға, мемлекетіміздің басты игілігі болып саналатын этносаралық келісімді, татулық пен бірлікті қорғауға шақыруымыз керек.

«Алыстан алаш десе аттанамын, қазақты қазақ десе мақтанамын», – деп заманының заңғар тұлғаларының бірі Міржақып Дулатов айтқанындай, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыз жаңа идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында тұрғанда, бүгінгі жас ұрпақпен әрқашан мақтанамыз.

Халық, ел жастарға сенеді. Ал ол сенімді бүгінгі жастар қалай ақтауда? Әрине, бес саусақ бірдей емес, олай болса, жастардың барлығына кінә тағуға болмайды. Десе де, бүгінгі жастарға рухани байлық, таза ой, терең білім, адамгершілік, адалдық, қайрат, қала берсе денсаулығымыз да жетіспейтін секілді. Біз бір қоғамның азғындау жолында тұрған сияқтымыз. Ойланып көрейікші, бізді қазіргі уақытта не қызықтырады? Елбасымыздың халыққа Жолдауында «ХХІ ғасыр – білім ғасыры» делінген. Олай болса, елімізді өркендету үшін білімді жастар керек, жақсы оқып, жан-жақты білім алуымыз керек. Ел ертеңі біздердің, келер ұрпақтың қолында деп айтып та, жазып та жатыр. Елімізді көркейту, оны өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз деп білемін.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек қой. Елбасымыздың халыққа Жолдауында: «Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр», – деп жастарға зор сенім мен үміт артып отыр. Сол сенімді ақтап, болашағымызды жарқын етейік.

Қорыта келгенде, бүгінгі жастарға айтарым, әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны Қазақстанын жанындай сүйіп, танып, оған табынып өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы»
КММ-нің директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.