1 наурыз – Алғыс айту күні қалалық «Jambyl-Taraz» газеті ұжымының ұйымдастыруымен «Аналарға мың алғыс» тақырыбында кездесу өтті. Басқосуға ұжымдағы барлық әріптестердің ақ жаулықты аналары қатысты.
Арайлым ШАБДЕНОВА
Ана болу – тек дүниеге бала әкелу ғана емес, ол бала тауқыметін налымай көтеріп, б саналы тәрбие бере білу. Әр баланың анадан күтері көп. Ең бірінші, сәби анадан мейірім, жылылық күтсе, есейе келе ана тарапынан қолдау, өмірде кездескен әр сұрағына жауап күтеді. Бала дегеніміз – болашақ. Ал әр ана өз баласын өсіре отырып, ұлттың болашағын тәрбиелейді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы аналарды қуанту мақсатында еркін форматта өткізген кездесуде редакция табалдырығын аттаған әрбір асыл жанға ерекше ықылас көрсетті. Басқосуда алдымен директор-бас редактор Эльмира Мырза-Ғали сөз алып, жиылған көпшілікті мерекемен құттықтай отырып, ұжымның атынан әрбір анаға алғысын білдірді.
– Ана. Дүниедегі ең аяулы сөз. Бұл сөзге бар әлемнің мейірімі мен махаббаты сыйып тұр. Сіздер өмірдің, тіршіліктің тұнық бастауысыздар. Тұнықтық та, мөлдірлік те, тазалық, махаббат та – Ана сөзінің астары, мағынасы. Қазақтың аналары – тұнып тұрған ұлттық тәрбиенің, салт-сананың, дәстүр мен ғұрыптың, күрескерліктің символы. Әр Алаш баласы арғы-бергі тарихта және бүгін қазаққа қызмет етсе, ол – қасиетті қазақ анасының еңбегі. Егер біздің бойымызды ұлттық намыстың, қайсарлықтың, өжеттілік пен ерліктің қаны ойнап тұрса, ол – аналарымыздан. Сіздердің бастарыңызды қосудағы мақсат – біздің ұжыммен танысып, ұл-қыздарыңыз қандай ортада, кімдермен қызмет етіп жүргенін көрсін дедік. Сондай-ақ көктемнің алғашқы күнінде сіздерге қуаныш сыйлағымыз келді, – деген Эльмира Иниятқызы 25 жылдық белесі бар газеттің тарихымен қатар, ондағы жұмыс істейтін барлық әріптестерге жеке-жеке тоқталып, жылы лебізін білдірді.
Содан кейін әр анаға өз баласы гүл шоқтарын табыстады. Сондай-ақ ақ жаулықты асыл жандар арнайы Алғыс хаттар мен сый-сияпатқа ие болды. Кездесуге келген әр ана өзінің жылы тілегі мен жүрекжарды лебіздерін айтып, әжелер ақ баталарын берді. Шара соңында барлық әріптестер аналарымен естелік суретке түсіп, тарқасты.