Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғасырлық ғұмыр тағылымы

0 364

Қазақ поэзиясында ойын сөзбен өрнектеген, тілінен бал тамған сан алуан жыр дүлдүлдері өткендігі баршаға аян. Дегенмен соның ішінде ерекше дарынымен, дарияның арнасындай дархан жырымен, өлең, айтыс сынды халқымыздың рухани асыл кенінің өрісін өрге тартқан Жамбыл Жабаевтың орны өзгеше дер едім.

«Ақын – халық жаршысы, халық үні» дегендей, жыр алыбы өзінің ғасырға жуық ғұмырын адамзаттың құндылықтары мен игілікті, шындықты дәріптеуге арнады. Сондай-ақ патриотизмдік құндылықты өз шығармашылығының негізі етіп отырды. Мұхтар Әуезов «Жамбыл – біздің дәуіріміздің ең жарқын әрі дарынды ақыны» десе, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Ел тарихында халқымыздың рухани тұғырын көтеруді мұрат еткен екі тұлға бар. Олардың бірі Абай болса, екіншісі – Жамбыл Жабаев. Қос бәйтеректің де өлеңдері өзектес, тамырлас келеді, олар ел еңсесі биік болса деген мұратты жырына арқау етті», – дей келе, жыр жампозының адалдықтың, әділдіктің, шындықтың тау тұлғалы жыршысы екенін бағалап өтті.

Жамбыл шығармашылығының құндылықтары мен маңыздылығына мән берсек, бүгінгі таңда шығарылып отырған 100 томдық қазақ халқының фольклорлық, этникалық өнерінде ақынның қосар үлесі қомақты да ауқымды. Сондықтан да біз үшін Жамбыл шығармашылығын насихаттау, есімін ұлықтау қазақ халқы үшін маңызды да мәнді деп білемін. Жыр тарланының ақындығы мен суырыпсалма айтыскерлік шеберлігіне Халықаралық Түркі Академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері, мектебіміздің түлегі М.Жолдасбеков жыршының айтыстағы жырларының өзіндік ерекшеліктерін тілге тиек етсе, Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов Жамбыл шығармашылығының табиғатпен үндестігін, ақынның әлемдік деңгейдегі тұлға екеніне тоқталса, Руставели атындағы Грузин әдебиеті институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ратиани Ирма да жырауға жоғары деңгейде баға берген.

Осындай ұлттық құндылығымыз бен жауһар мұраларымызды жас ұрпақ санасына сіңіріп, қадірін білу керек. Жамбыл атын иеленіп отырған білім беру ұйымы тәрбие бағытының өзегі болмақ. Мектеп-гимназияда Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттап, өнерге баулу мақсатында үнемі жоспарлы жұмыстар мен жобалар ұйымдастырылады. Мектепшілік осындай іс-шаралар арқылы оқушыларды ынтымаққа, бірлікке, отансүйгіштікке, мейірімділік пен адамдыққа тәрбиелей білсек, еліміздің рухы биік тәуелсіздігіміздің тұғыры берік те мәңгі болып, келешегіміз кемел болады деп сенемін. Осы орайда қаладағы тұңғыш қазақ мектебі болған мектеп-гимназиямыздың 87 жылдық тарихына көз салайық.

1934 жылы «Бастауыш және орта мектептің құрылымы туралы» қаулылар республикамызда оқу-ағарту ісінің және мектептің ерекше қарқынмен тез дамуына ықпал етті. Бұл қазақ халқының алдында жаңа міндеттердің пайда бола бастаған кезең еді. Осы қаулылар негізінде 1934 жылдың 25 қыркүйегінде Әулиеата қалалық кеңестің шешімімен қаламызда алғаш шағын жинақталған қазақ мектебіміз ашылды. 1938 жылы 1 шілдеде Жамбыл қалалық кеңесі Президиумы отырысының №30 қаулысына сай Мирзоян атындағы мектеп атауы Жамбыл атындағы мектеп болып өзгертілді. Кеңес үкіметі қазақ халқының салт-дәстүрлерін тұмшалап, орыстандыру саясатын белден басып отырған тұста Жамбыл мектебі көш бастап, қазақ зиялыларын тәрбиелеуге, халықты жаңа белестерге көтеруге арналған ағартушылық, насихаттық іс-шараларын жүргізуін тоқтатқан жоқ. Білім іздеп сусындаған жастардың өміріне жолдама бере білді.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі қайта қалпына келтіру, ұлттық психологияны жаңаша қалыптастыруда еселі еңбек етіп, көзі ашық азаматтардың легін арттырды. Сондай-ақ ұлттық құндылықтар ұйытқысы бола білген Шерхан Мұртаза сияқты халық жазушысы тағы басқа қоғам қайраткерін сомдап, үлкен өмір жолына түсірді. Мектебіміздің тұғырынан түлеп ұшқан Мырзатай Жолдасбеков, қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, Қаратай Тұрысов, Мұхамеджан Қаратаев, Есіркепов Оңласын, Бекболатов Алпысбай, Мұнатаев Амангелді, Көпбасаров Мамырбай, Келесов Рахманберді, сенатор Бектас Бекназаров, математика ғылымдарының докторы, профессор Ауданбек Көбесов, Қожамжаров Қайрат, Қожамжарова Дария, Көшербаев Ерік, Қоңырова Сәмиға, жас буын Саршаев Марат сынды көптеген білікті де білімді тұлғалар – біз үшін үлгі, әрі мақтаныш, әрі тірек.

2013 жылы мектебімізге ат басын тіреп, оқушылармен кездесуге келген филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков ағамыз: «Арып-ашып, шаршап-шалдығып, шалғай ауылдан келгенде, білім бұлағынан сусынымды, мейірімімді қандырған, ата-анамдай аялаған алтын ұя мектебіме биік мәртебе, үлкен табыстар тілеймін», – деп шәкірттік тілегін қалдырған еді.

2014 жылы Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы, 40 жыл бұрынғы түлегі Бектас Бекназаровтың қамқорлығымен мектепте оқушылардың құқықтық сауаттылығын көтеруге арналған құқықтану кабинеті ашылды. Заң саласына байланысты әдебиеттер, интерактивті тақта сыйға тартылып, кабинет қазіргі талапқа сай жабдықталды. Бұл күндері мақтанышқа айналған мектеп-гимназияның осындай түлектерімен кездесулер үнемі өткізіліп тұрады. Мектепке осы уақытқа дейін әрбір ісімен, лебізімен үлгі болған 18 директор басшылық етті. Соның ішінде Тілеуқабыл Төребеков ағай басшылық еткен 1983-1987 жылдары мектепте қосымша ғимараттар салынып, бастауыш мектеп корпусы, жүзу бассейні тұрғызылып, ауқымды жұмыстар қарқынды түрде жүргізілді. Ал Қасымова Нүркен Нұрмаханқызы басқарған кезде тәлім-тәрбие үдерісін ұлттық негізде қайта құру мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясымен бірлесе отырып, «Қаладағы қазақ мектебінің моделін жасау» жұмыстары іске асты. Еліміздің тәуелсіздігін алған осы жылдары мектеп ұстаздары білім академиясы ғалымдарымен шығармашылық тұрғыда ынтымақтаса отырып еңбек етті. «Шығармашылық мектеп-зертхана» атауына ие болған осы жылдарда кең көлемде ізденушілік, зертханалық, шығармашылық жұмыстар атқарылып, ұстаздардың кәсіби біліктілігі артты. Көптеген мектептің білікті мұғалімдері басшылық қызметтерге көтеріліп, қала, облыс білім салаларында бүгінгі күндері қызмет етуде. Алайда уақыттың бір орында тұрмайтыны сияқты еліміздің болашағы болатын жастарға білім беру үдерісінде білім беру мекемелері үнемі дамып, заман көшінің алдыңғы легінен табылып отыруы тиіс деп санаймын.

Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы – қазіргі таңда Тараз қаласындағы осындай белгілі білім шаңырақтарының бірі. Мектебіміз – заманауи білім берумен қатар ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыпты үйретуші, өзіндік дәстүрлері қалыптасқан ұжым. 87 жылдық тарихы бар мектебіміздің табыстары да, жеңістері де ұшан-теңіз. Жүріп өткен жолы ізгілікке, әр күні парасатқа толы. Қала көлемінде оқушылар мен ұстаздардың үздік жетістіктерінің нәтижесінде бірнеше рет «Үздік мектеп-гимназия» атағын иеленіп, 2020 жылы облыстық «Үздік білім беру ұйымы» байқауына қатысты. Сонымен қатар мектебімізді 80-жылдардан бері 167 түлек Алтын белгімен бітіріп, өз білімдерінің жоғары деңгейде екенін үлкен өмір жолында ұдайы дәлелдеп келеді. Бұған айғақ – қарлығаштарымыздың «Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекеттердің беделді жоғары оқу орындарында білім алып, еліміздің түрлі салаларында еңбек етіп жүргендігі.

Қазақ халқының ән өнеріндегі тарланы Біржан салдың жан сұлулығымен қатар, тән сұлулығының үйлесуіне жер жәннаты атанған Көкшетау табиғаты әсемдігінің әсер еткені – өмір шындығы. Ендеше, білім алушылардың эстетикалық талғамының дамып, олардың заман талабына сай білім алуы үшін соңғы 3 жылда мектептегі материалдық-техникалық базаны жаңартудағы бірқатар істердің атқарылуы оң нәтижесін берді деп санаймын.

Үкіметтің «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда информатика, мультимедиа, IT, робототехника кабинеттері жабдықталып, білім беру сапасын арттыруда түбегейлі жаңа даму жолына көшірілді. Сондай-ақ драма, вокал, би, дебат, шахмат, спорт үйірмелеріндегі оқушылардың қала, облыс, республика, халықаралық байқаулардағы жетістіктері де мол. Қазір елімізде НЗМ мен Кембридж университетімен бірлесіп дайындалған деңгейлік бағдарламасы негізінде 30 мұғалім біліктілігін арттырды.
Мектеп-гимназияда 2017-2020 жылдары «Орта білім беру ұйымдарында үштілділік білім берудің ғылыми-әдістемелік аспектілері» тақырыбында облыс көлемінде эксперимент жүргізілді. Бұл – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін тіптен кезек күттірмейтін мәселе. Экспериментте үштілді білім беруді ұйымдастырудың теориялық-әдіснамалық негіздері, оқу бағдарламалары, ағылшын тілінде химия, биология, физика пәндерін және орыс тілінде дүниежүзі тарихы пәнін оқытудың тиімді жолдарын анықтау әдістемесінің моделі жасалды. Ұстаздардың авторлық жұмыстары республикалық деңгейде үздік бағаланды. Мақсат – жаһандық кеңістікте қоғамдық өмірдің барлық саласындағы ұлттың мүддесін еркін көрсете алатын тұлғаны тәрбиелеу.

Мектеп-гимназия ұстаздары 2017 жылдан бері НУ бастамасымен Республикалық Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы (ҚҰК) жобасына қатысып, халықаралық әріптестермен білім беру мен оқытудағы озық тәжірибені ортаға салуда. 22 ұстаз HertsCam Network халықаралық сертификатының иегері болып, мектеп-гимназияда ұстаздардың көшбасшылық дағдыларын ұштап, кәсіби мәселелерін бірлесе шешуде.

Қазіргі таңда мектебімізде 156 ұстаз шәкірттерге білім беруде. Педагогикалық ұжымымыздың сапалық құрамы да жоғары деңгейде. Солардың ішінде 72-ден астам ұстаз жоғары санатты – (7 педагог-шебер, 52 педагог-зерттеуші), 32 бірінші санатты – (31 педагог-сарапшы), 32 мұғалім екінші санатты – (27 педагог-модератор). Жыл сайын оқушылар арасында өткізілетін пән олимпиадаларында, түрлі байқауларда, ғылыми жоба сайыстарында, жыр мүшәйраларында, шығармашылық байқауларда жүлдегерлерді тәрбиелеп келе жатқан мол тәжірибелі, шебер, озат ұстаздарымыз мектеп абыройын асқақтатып, беделінің көтерілуіне айтарлықтай үлес қосып келеді.

Осындай өз мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын ұстаздарымызды атап айтсақ: Нарымбетова Аршагүл, Баярисова Анафия, Қойшығұлова Алтын, Серикова Майра, Айтымбетова Закира, Таубаева Жанат, Үсенова Жадыра, Қожамұратов Тоймұрат, Исмаилова Бағлан, Ауельбекова Лаззат, Ыдырысова Дария, Құрманбекова Күнсұлу, Өтехожаева Айгүл, Ақмағанбетова Амина, Гүлмира, Баетова Сабира, Ошақбаев Рауан, Нармұратов Шайзат, Нұрпайызов Рахат, Едігеева Жанар, Ділдәбекова Гүлнар, Нұртаева Сандуғаш, Жүсіпбекова Жанар, Хожа-Ахмедов Асылбек, Қоспақов Еркебұлан сынды ұстаздар.

Жамбыл мектебі – «Мектеп табысты, бала бақытты, ұстаздың жүзі жарқын болуы тиіс» деген қағиданы ұстанушы мектеп. «Әр ізгі іс – ізгіліктің қайнар көзі» дегендей, игілікті ту ететін, ұлттық мектеп даму моделін жалғастырып отырған білім ұямыз Жамбыл бабамыздың 175 жылдық мерейтойын осындай толағай жетістіктермен қарсы алуда.

Салтанат ТӨЛЕУ,
Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.