Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір шаңырақ астында бірлігі жарасқан ел

0 1  790

Қазақстан – тарихи тағдыры ортақ этностардан құралған унитарлы мемлекет. Оларды ортақ құрылымның аясына біріктірудің сара
жолы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру болды.

Осы арқылы өскелең ұрпақты, тіпті барлық Қазақстан азаматтарын татулықта, бейбіт ашық аспан астында өмір сүруге шақыру. Сонымен бірге жас ұрпақтың ұлы достық аясында туған елге, жерге деген отаншылдық сезімін ояту және рухани-эстетикалық мәдениетін дамытуға ықпал жасау.

Тараз жерін мекен еткен ұлт өкілдері арасында достық қарым-қатынастардың дамуына негіз болатын мемлекеттік саясатты жүзеге асыру аясында бүгінгі күні «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы Тараз жеріндегі қазақ халқын ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, облысымыздағы тұрақтылықты сақтау мен дамуының мақсатына айтулы үлес қосатын орталыққа айналды. Осы орталықтың аясында ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты – салт-дәстүрге бай қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, қазіргі күні ұмытылып бара жатқан тәлім-тәрбиелік маңызы зор рухани мұрасын зерделеп, оны тарих қойнауында ұмыт қалдырмау үшін күнделікті қолданысқа енгізуіміз керектігін, қазіргі қоғамның ұлттық өнерге, салт-дәстүрге мұқтаждығын, ұлттық құндылықтардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын халыққа жеткізу.

Қазіргі ХХІ ғасырдың жаһандық жағдайында әлем елдері бір-бірімен аралас-құралас күй кешуде. Бұл – заңды құбылыс. Өйткені қоғамдағы өзгерістер заман талабына байланысты жүзеге асуда. Жаһанданудың өзіндік оң және теріс әсерлері бар. Мысалы, оң әсері деп жылдам ақпарат алмасуды, теріс әсер деген бұқаралық мәдениеттің келеңсіз ықпалын атауға болады.

Егер халық өзінің ұлттық құңдылықтарын жоғалтып алса, ол халық ұлт деп саналмайды. Сондықтан әр ұлт ұлттық құндылықтарын сақтауға тырысады әрі қорғайды. Сондықтан халқымыздың асыл мұраларын, дәстүрлі мәдениетін, рухани-материалдық құндылықтарының желісін үзбей, асыл мұра ретінде бағалап, оларды көздің қарашағындай сақтап, ілгері дамытуды насихаттау – бүгінгі күннің талабы. Қазақтың дархан даласындай дарынды ұлдары болғандығына, мыңжылдықтардан бастау алған рухани құндылықтарының әлемдік өркениеттен алатын өз орны, өз биігі бар екендігіне бүгінгі ұрпақтың көзін жеткізу. Әлемдегі әрбір халықтың өзіндік ұлттық ерекшелігі бар.

Мәселен, қазақ халқының көне замандардан бүгінгі күнге дейінгі тарихы, қалыптасу жолдары, материалдық және рухани мәдениеті, салт-дәстүрлері қалыптасқан. Осы ұлттық өзгешелікті санау атам замандардан бері сақтап келген біздің ата-бабаларымыз Алтайдан Атырауға дейінгі аралықта ұлттық бірегейлікті қалыптастыра білді. Қазақ елі – көне замандардан бері өзінің ұлттық салт-дәстүрлерін, ырым-жоралғыларын сақтап келе жатқан халық. Ол ұрпақтар сабақтастығымен жалғасын тауып отыруы керек. Сонда ғана ұлттық жаңғыру болады.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы – әлемде өзге елдермен қатар, терезесі тең тәуелсіз мемлекет. Елімізде ұлтаралық татулықтың салтанат құруы – біз мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Мұны тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылдағы маңызды жетістігіміз дей аламыз. Қазақстан – Орталық Азияда ұлтаралық татулықты сақтап, алауыздыққа жол бермеген жалғыз ел. Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының маңайына топтасып, өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетін дамытуда.

Ассамблеяның кезекті бір сессиясында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «қазақ тілі– елімізді мекендейтін халықтарды тұтастыратын негізі құрал» деп ашық айтты. Осы ретте біздер қолдау көрсетіп, қазақ тілін дамытуға өзіміздің үлесімізді қосуымыз керек. Өйткені қазақ мәдениеті әлемдік өркениеттің бір пұшпағы болып саналады. Бүгінгі республикамыздағы діни конфессиялар мен ұлттар, ұлыстар арасындағы қарым-қатынастар отандас халықтардың шынайы достық пейілдерін паш етеді. Бір шаңырақ астында татулығы жарасып, ел тарихын жасасып жатқан жүз отыздан астам ұлт өкілдері қазіргі таңда өздерін «қазақстандықпыз» дегенді мақтанышпен айта алады.

Дүниежүзінде көпұлтты мемлекеттер баршылық. Алайда саяси-экономикалық өмір айнасындағы соңғы кездердегі дағдарыстардың салқыны көпұлтты елдің береке-бірлігіне іріткі салмаған дәл Қазақстандай мемлекетті әлем бүгінде феномен ретінде қабылдайды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихында Қазақстан халқы достық мен келісімнің, тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық татулықтың шынайы үлгісін көрсетті. Осындай ауқымды жұмыстарды атқаруда Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы ерекше.

«Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік». Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткізген табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, бұл жолда да ел тұтастығы мен татулығының ықпалы мол. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиетін, даналық сөзін басшылыққа алған Елбасымыз «көпұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» дейді.

Қазақстанда Ассамблея сияқты институттың болуы осы елде өмір сүріп жатқан әрбір этностың бір-бірін сыйлап құрметтеуіне, жақсы қарым-қатынас арқылы жақын арақатынас, адамгершілік тұрғыда бір-бірін жақын білуіне мүмкіндік жасалды. Әр ұлт, әр этнос өкілдері арасында жасалып жатқан көптеген іс-әрекеттер біздің достығымызды нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырады. Иә, бұл – күн сайын назар аударуды қажет ететін жағдай. Дәл қазір Ассамблеяның жасаған көптеген оң істері мен жақсылық жаршысы ретінде өзекті әрекеттері туралы жиі айтылып, жазылып та жатыр. Жақсының жақсылығын көре білу, айта білу керек, жақсы дүниені көрсетіп, жастарға үлгі етуіміз керек.

Ассамблея жанынан құрылған барлық этнобірлестіктер, Аналар мен ардагерлер кеңесі, жастар ұйымдары, т.б. барлық құрылымдар қоғамдық негізде ортақ Отанымызға деген шексіз патриоттық сезіммен жұмыс істейтінін айта кеткеніміз жөн. Бұл – көп жылғы облыстық Ассамблеяның тиімді саясатының жемісі. Осы уақытқа дейін елді біртұтастыққа, бірлікке шақырудан шаршамай-талмай жұмыс істеуден жаңылған емес, әрі қарай да осы бағытта жалғастыра бермек.

Айгүл ҚАБИЕВА,
«Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының
орынбасары, жауапты хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.