Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тереңдік пен таяздық

0 196

Талай-талай қалалар мен елдерді жалғастырып жатқан «Шығыстың тіршілік қантамыры» атанған көне Ұлы Жібек жолымен зулап келеміз. Лентадай созылған тақтайдай тас жол ары-бері, ерсілі-қарсылы ағылған автомашиналардан бір сәт тынар емес. Кім, қайда, не үшін барады, бір Құдай біледі. Әйтеуір тоқтаусыз, тынымсыз дөңгелеген беймаза дүние. Оң қанатымызда марғау керіліп-созылып, қысы-жазы басынан қар кетпейтін айбарлы Алатау көлбеңдейді. Табиғаттың, Жер-ананың әсем көрінісі, одан туған ой санаңа салмақ салып, барлығы, барлығы жиналып келіп, адамға ерекше бір әсер етеді. Тіпті көкірегің қарс айырылып, кеудең ашып, жүрек лүпілі жиілей түсіп, өткен күндерге деген ыстық сағыныш сезімі бойыңды жаулап, тіпті шындыққа барсақ, ауыр мұң басады.

Сол сырттағы табиғаттың сұлу да әсем көрінісіне елжірей, елти отырып, радиоқабылдағыштан төгілеген жанға жайлы, сырлы әуенге құлақ түремін:
Биік таулар, «бойшаңмын» деп шіренбе,
Күнің туса, сен де типыл боларсың.
Терең теңіз, тәкаппарсып түнерме,
Суың кепсе, сен де бір шөл боларсың!
– деп қоңыр үн діріл қағып, ой-сезіміңді қозғап, санаңды қытықтайды. «Ән – адам жанының ажары» деп бекер айтылмаған. Ақиық ақын Қасым Аманжоловтың мына жырына жазылған жақсы, мағыналы ән жүрегіңді жібек самалдай аялап, бойыңа шым-шымдап қуат-нәр беріп, жаныңды жылы алақандай аялайды. Сабырлы, салмақты ән – жан рахаты. Ол көңіліңді тасытып, жүрегіңді тебірентіп, нәзік сезіміңді оятып, там-тұмдап бойыңды сергітеді, жан жылуын арттыра түсіп, ойыңды тәтті қиялдарға жетектеп кете барады…

Иә, менің пайымдауымша, мына ән кімді болса да ойға қалдыратыны ақиқат. Бір сәт сіз де талай құлақ түріп, ой таразысынан өткізіп көрген боларсыз. Осы бір әннің мәтінінде қаншама философиялық салмақты ой жатыр? Бәзбіріміз өмірдің қызығына түсіп, дүние мен байлық, дәреже мен мансап, шен-шекпен қуып жүргенде, Жаратушының өлшеп берген қысқа өмірі қас қағым сәтте өте шығатынын естен шығарып жіберетініміз өкінішті. Мен кейде, жеке қалған сәттерімде өткен-кеткен күндеріме ой жүгіртіп, «не бітірдім?», «кімге не жақсылық жасадым?», «не істеуім керек?», «қалай өмір сүріп жатырмын?» деп тіршілігімді саралайтын, атқарған істерімді сараптайтын кездерім болады (мүмкін басқалар да солай жасайтын болар). Кейбір істеріме көңілім толса, енді біреулеріне көңілім құлазып, әттеген-ай деп әлгі ісіме ренжитін кездерім де баршылық. Содан кейін өз-өзіңе «тапсырма» беріп, оған жету үшін өзімді қамшылайтыным тағы бар. Оған жетсең – жақсы, жетпесең – бәрі, бәрі бос әурешілік болғаны…

Ағылшынның әлемге аты әйгілі драматургы әрі ақыны Уильям Шекспирдің ұлы трагедиясының кейіпкері Гамлет: «Адам қандай тамаша жаралған! Оның ақыл-ойы қандай ізгі. Іс-әрекеті қандай дәл, қандай тамаша. Әлемнің сұлуы», – дейді. Сөйтіп, ол адамның Жер бетінде ең керемет, ерекше асқақ жан екеніне таң-тамаша болады, адамгершілікті дәріптейді.

Гамлеттің позициясы өмірді, ақиқатты кең, терең түсінуге себеп болды. Енді ол өз жолында кездескен барлық өтірікші, екіжүзді адамдардың беттеріндегі бетперделерін (маскаларын) шешіп, әшкерелейді. Кейде оның сөздері ащы кекесін, сарказмға толы болып көрінеді. Мысалы, Офелиямен кездескендегі сөздеріне зейін қойыңызшы. Бірақ, шынында, оның жүрегі ұлы сезімге, шынайы достыққа ашық. Гамлет Офелияны шынымен сүйеді, ол өлгенде қатты қиналады. Гамлет оны, тіпті анасын да жақсы көреді. Бірақ сол сезімдерін Офелияға да, анасына да білдіртпейді. Өлер алдында Гамлет Фортинбрасты таққа отырғызып, оған тек елі үшін қызмет етуді тапсырады. Гораций досына Гамлет өлгеннен кейін жақсы атақ қалдыру үшін өзі туралы тек қана шындық айтуды тапсырады.

Өзінің «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» және басқа трагедияларында Шекспир қайырымдылық пен әділеттілік туралы ізгі, батыл адамдардың армандары жүзеге аспайтындығын көрсетті. Ол күшті, ержүрек кейіпкерлерді, олардың жоғары сезімдерін – сүйіспеншілік пен достықты, адалдық пен ерлікті мадақтады. Шекспирдің кейіпкерлері тағдырдың әлсіз құрбандары емес, олар қиналады және күреседі, бірақ дүниені өзгертуге қабілеттері жетпейді. Сол ұлы драматургтың шығармаларында келтірілген кейіпкерлердің алдында тұрған проблемалар әлі де шешімін тапқан емес. Адамзат алдында бұл мәселелер мәңгілік шешімін таппайтын проблемалар қатарында қала берер ме екен, сірә…

«Тектіге ар қымбат, ғашыққа жар қымбат, батырға намыс қымбат, қорқаққа жан қымбат, діндарға иман қымбат, білімдіге уақыт қымбат, дарындыға өнері қымбат, мансапқорға тақ қымбат, дүниеқоңызға мал қымбат, саудагерге алтын қымбат…» деп бұрынғылар қалай қиыстырып, тауып айтқан. Қазіргі адамға уақыт қымбат болған заман. Әйтеуір күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, уақыттың қалай зуылдап өте шыққанын кейде байқамай да қаласың. Бірақ бір мезгіл атқарып жүрген ісіңді ой таразысына салып, бір сәт артыңа қараған да артық емес-ау деп ойлаймын кейде.

«Өзіне-өзі ғашық болушылық – бұл адамның үлкен соры. Бұл ең алдымен өзімшілікті, өзімшілік күншілдікті туғызады» деген екен заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов. Атқарған аз ісіңді көпшілік алдында керемет іс қылып көрсету – әбестік. Халық кімнің кім екенін, оның тындырып жүрген ісін әрдайым байқап отырады, атқарған ісіне, адами қасиеттеріне, азаматтық көзқарасына қарап бағалайды, құрметтейді. Жалған іс, жалған атақ, шен-шекпен – бос дақпырт, даңғаза тірлік. Уақыт келе барлығын өз орнына қояды. Өмір заңы солай. Ол – аксиома.

«Егер адамның ішкі дүниесі бетінде жазулы болса, ешкім бірінің бетіне бірі қарай алмас еді» дейді қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырза Әли. Рас қой, егер әр адамның ішкі дүниесі, пікір-пиғылы, теріс қылығы, арам ойы жүзінде жазылып тұрса, ол адамға ешкім жақындамас еді, алдауына, арбауына, айдауына көнбес еді. Сондықтан ғой, бізбен қатар жер басып ортамызда жағымпаз да, алаяқ та жүр, немкеттілер де, тоғышар да жүр, таяз да жүр, ноқал да жүр, жаман да жүр. Адами қарым-қатынас есептеулі болды. Тоғышарлық, немқұрайлық, немкеттілік, науқаншылдық, әсіреқұмарлық, шенқұмарлық, көзбояушылық, даңғазалық, екіжүзділік, мақтаншақтық, дүниеқоңыздық тәрізді сан түрлі жиіркенішті құбылыстар қазір көбеймесе, азаяр емес. «Дүние қудым сені жалықпай-ақ, ұстатпайсың судағы балықтай-ақ» деп қол жеткізгенін аз көріп, қанағатсыздық санасын жайлап, дүниеқоңыздық бойын билеп, табыс үшін әкесін сатуға дайын тұрған, ашкөздіктің ізіне түсіп, байлық қуған жандар көбейе түскені жүрекке салмақ салады. Дүние ешкімге жолдас болмайтынын естен шығарған әлгілердің санасын тұрмыс билегені өкінішті-ақ. Қу дүниенің түбіне тіпті Қарабай да, Шығайбай да жетпеген.

Сайф Сараидің «Түркіше Гүлстан» кітабында осыдан 750 жылдай бұрын жазылған мынадай сөздер тап бүгін және қазіргі адамдарға ескерту ретінде айтылғандай. Онда былай делінген: «Дәулетті кім? Дәулетсіз кім?» деген сұраққа бір ақылман кісі: «Дәулетті – дәулетті жия білген, жиғанын орынды пайдаланған, қажетті кезде басқаларға бере білген. Дәулетсіз – есіл-дерті мал, дүние жию болып, өзі жеуге қимаған, сөйтіп, өмірінің қалай бос өтіп кеткенін білмей қалған адам», – деп жауап берген екен. Алғашқысы қандай сүйсінерлік болса, соңғысы қандай аянышты да жиіркенішті.

Иә, қай заманда да парақорлыққа тосқауыл қоймақ болып күрескен. Мысалы, I Петр князь Гагарин-Сибирскийді пара алғаны үшін өлім жазасына кескен. Тағы бір сенатта болған мына әңгіме жиі еске түседі. Орыстың сол император-патшасы бас прокурор Ягужинскийге: «Кімде-кім мемлекет қазынасынан 1,5 метр кендір арқанның құнындай зат ұрлайтын болса – дарға асылсын», – деп жаз деп нұсқау береді. Ягужинский жан-жағына қарап, күмілжіп, әлгі сөздерді жазбайды. І Петр оған: «Прокурор мырза, неге жазбайсыз?», – деп қадалады. Сонда бас прокурор: «Жоғары мәртебелім, ол кезде империя басында сіз бен менен өзге ешкім қалмайды ғой…», – деген екен.

Сперанский Екатерина патшайымға ұрлық жасаған министрлердің барлығын ауыстыруға ұсыныс жасайды. «Қымбаттым, бұлар ұрлады, жеді, тойынды. Бәлкім, енді Құдайды естеріне алып жұмыс істейтін шығар. Егер тағы да өңкей аш-жаңалаштар келетін болса, онда күніміз не болады?», – депті. Иә, ойланатын дүние. Содан бері қаншама уақыт өтсе де, адам пейілінде өзгеріс болмапты. Парақорлар мен жемқорлар болған. Олармен адамзат, қоғам тапжылмай күресіп келеді. Одан шығып жатқан нәтиже шамалы. Соны ойлайсың да, адамның мінез-құлқын бұзбай, пейіліне қанағат берсін деп өзіңді-өзің жұбатасың…

Иә, солай өзімізді-өзіміз әлі танып, біле алмай жүрген жайымыз бар. Ұлтымыздың асыл маржандай әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, жауһар мәдениеті, қасиетті ұлттық тәрбие, адамға деген сезімталдық, инабаттылық, сергектік, ағайындық қатынас бірте-бірте қожырап, ескі бөздей ыдырап бара ма деп қорқамын кейде. Сөзге, уәдеге тұратын кісі де азайып барады.

Расында, өмірдің қатыгезденіп, қатаңданып бара жатуы – пейілдің тарылып, адамдар арасында рухани жұтаңдықтың көрінісі. Мемлекеттік қаржыға шетелде білім алып (олардың басым көпшілігі ұлттық салт-дәстүрден, мәдениет пен ана тілінен мүлдем мұқырым), сол елде қалып қойып жатқаны қаншама! Олар басқалар сияқты жүрегі сыздап туған елінің, халқының болашағын ойлай да қоймайды. Әйтеуір өз басы аман болып, көңілі тоқ, табысы мол қызмет болса, елдің қатарынан қалмасам болғаны деп ойлайды. Басқа ешкім, ештеңе қаперіне кірмейді. Ұлттық, патриоттық сезімнен, елсүйгіштік, отансүйгіштіктен мүлде мақұрым, рухани жұтаң пенде.

Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақ екені бәрімізге айдан анық. Жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, ұлтжандылықты қанына сіңіріп, олардың рухани баюына ерекше көңіл бөліп, ел сенімін ақтайтын саналы ұрпақ өсіріп, оларға жарқын бағыт-бағдар сілтеу – қазіргі көкірегі ояу азаматтардың басты парызы.

Адамгершілік пен имандылыққа, ізгілік пен жақсылыққа, достық пен бауырмалдыққа деген құштарлық азаматтық сезімнен басталады. Сондықтан жастардың жүрегіне азаматтық сезімді ұялатқанымыз жөн. Рас, азаматтық пен ұлтжандылық жайында соңғы кезде жиі жазылып, сан мәрте айтылып келеді. Идеология тығырыққа тіреліп, рухани кедейшілік басым болып бара жатқан қазіргі кезеңде патриоттық рух, туған жерге, өскен елге деген махаббат сезім көмескеленіп бара жатқаны көңілі ояу, ойы терең азаматтарды толғандыруда. Онысы орынды да. Өйткені қазақ жерінде дүниеге келіп, өсіп-өніп, білім алып, есіл-дерті тапсырылған қызметін өз басының баюына арнап, ашкөздікпен дүние қуып, теріс жолмен қалтасын доллармен қомпайтқан кейбір азаматтар «аңғыт, ауыздарыңа саңғыт» деп шетел асып жатқандары жасырын емес. Тіпті бұл үрдіс жыл сайын көбеймесе, азаяр емес. Әй, сірә, олар көгере қоймас. Халықтың қарғысы алысқа жібермейді-ау оларды. Бүгіндері адам болсам дегендер емес, Құдай болсам дегендер дүниені бүлдіріп жатқан жоқ па?..

Қазақ елінің, мемлекеттік қаржы мен табиғат сыйлаған жер асты қазбалы байлығын «түгімен жұтып», бірер жылдың аясында мына жалпақ әлемді қолына ұстап тұрған олигарх-миллиардерлер қатарына қосылған жандарды ұлтжанды деп айтуға аузымыз бармас. Тіпті Қазақстанның жер байлығы арқылы байып, қазір желкелері күжірейіп, жалынан жел есіп жүрген әлгі миллиардер-олигархтар күні кеше Арыс қаласында жарылыс болып, Жетісай өңірінде су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға бүкіл ел қанатымен су сепкен қарлығаштай қаржы жинап, қол ұшын ұсынып жатқан тұста әлгі миллиардерлердің жақтарын ашқаны шамалы, азырақ болса да көмектерін ұсынғаны жайлы мәліметтер тым аз. Тіпті халықтан тірнектеп жиналған қаржыны өз қалтасына салып, жымқырып, содан масқара болып сотталған облыс әкімі де болды. Бұл нені көрсетеді? Тереңдік пе, жоқ әлде таяздық па? Ойланарлық жай…

ХІ ғасырдағы кемеңгер ойшыл Жүсіп Баласағұн:
Ақыл болса, жаһан тұтар ер кемел,
Білім болса, билер елді ер де ерек.
Қос қасиет басын қосса – ер бүгін,
Бүтін Ерге тиер әлем – жер бүгін!
Ізгілік пен жақсы қылық амалы,
Солармен Ер екі дүниені алады!
Қайырым күтсең ақылыңмен аңғар да,
Қайырым жаса қайырымды жандарға!
Кісі мәңгі тұрмас, мәңгі – ат, ары,
Мәңгі қалар оның жақсы атағы! –
деп жырлапты өз заманында. Оқушысын ойға қалдыратын қандай дана сөздер, шіркін!
Несін жасырайық, көпірме мақтау, өтірік мадақтау мен желбуаз сөзбен құлағыңды тұндыратын немесе жалаң ақыл айтумен жалықтырытын, тіпті көпшілікті мезі ететін, ештеңені соңына дейін таратып, жүйелі сөз айта алмайтын, сөйтіп, санаулы алтын уақытыңды бос алатын ойы таяз, ісі шала көкмылжыңдар кездесе қалса, бойымды берекесіздік билейді. Олар өз бойындағы кемшілікті тіпті сезе бермейді. Әлгілердің саналы да мағыналы ғұмыр кешу дегеннің не екенін де білмейтіні өкінішті.

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгін өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ!
– деген Абайдың дана сөзін жадымызда ұстаған артық емес сияқты. Сірә, өмір сүру үшін, жай өзің үшін ғана өмір сүруден гөрі, көпшіліктің ойынан шығып, игілікті ісіңмен жұртқа танылып, жақсы өмір сүру әлдақайда мәндірек көрінеді маған.

Қазақ деген халықтың әрі дана, әрі көне, әрі төре, әрі төбе екенін өмірде өз іс-әрекетімен, болмысымен, кесек мінезімен көрсетіп кеткен ұлы тұлға Бауыржан Момышұлы жайлы мен жиі толғанамын. Баукеңнің өмірі – қаһармандықтың үлгісі, ұлттық намыстың егелмес тас қайрағы. Баукеңнің артында қалған мол мұрасы – ұлт рухының ұлы оқулығы, бағдаршамы, болашақ компасы. Баукеңнің университетінен өткен әрбір адам халқына, ұлтына неғұрлым жақындай түседі, еліне деген перзенттік махаббаты арта түсетініне еш дау жоқ. Туған халқы үшін, кейінгі толқын ұрпақтары үшін қазақтың хас батыры Бауыржан – өнегесі таусылмас қазына.

Шынында, Баукең секілді дегдар азаматтар қазақтың алпыс екі тамырына қан жүгіртіп, асқақ сезімін оятып, көңілін тасытып, мәртебесін өсіріп, бойына мақтаныш ұялататын нағыз Ер емес пе?!

Айта берсек, ісімен де, өмірімен де ел мақтанышына айналып, уақыт биігінен көрініп жүрген қоғамымызда қаншама қазақтың нағыз көркем, елтұлға болатын ойы мен ісі биік азаматтары болған. Әлі де бола бермек. Соған тәубе делік. Елге нысап берсін, әйтеуір.

Халық сыншы ғой. Әркімге сырттай баға беріп отырады. Халық сенімінен шығу да жақсы қасиет. Сол сенімді біз қалай ақтап жүрміз? Осы бір терең ой мені тұңғиыққа жетелеп кете берді… Сіз оған не дейсіз?

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.