Жаратқан саналы адамның тіршілігінің барлығын сандарға әкеп тіреп қойған. Ал әр санның өз сиқыры барын білесіз бе? Тіпті нумерология ғылымының өзіндік сыры мен сіз білмейтін сиқыры бар. Сандардың тіпті сіздің тағдырыңызды өзгертіп, өміріңізге басқа қырынан қарауға септігін тигізетін қауқары бар. Ол қалай дейсіз ғой?
Арайлым Шабденова
Бүгінгі адам сандарсыз өмірін елестете алмайтыны анық. Адамның тұла бойынан бастап, жүріп-тұруы, ішіп-жемі, еңбегі мен демалысы– барлығы да сандарға тәуелді. Бүгінде есепсіз күнімізді елестету мүмкін емес. Сандардың дәурені жүріп тұр. Тіпті тауарларды айтпағанда, адамдардың өзіне ғана тән жеке сандары болады дегенді біраз жыл бұрын айтқанда, ешкім сенбес пе еді?! Қазіргі таңда тауарды сатып алу, қарыз алу, т.б. белгілі сандармен бекітілген нөмірлер арқылы жүзеге асырылады. Ақпараттық заманда кез келген хабар, мәтін белгілі сандардан құралған код арқылы жеткізіледі. Әр аттам жерде біз сандармен кездесеміз. Оларға көзіміз үйреніп, жауырынымызға жазылғаны соншалық, мән де бермейтін болғанбыз.
Форд мырза математикаға әуес еді. Бірде ол Пифагордың сиқырлы шаршы кестесіне көзі түседі. Көне грек ойшылы «Әлемді сандар билейді» деген екен. Математиктің айтуынша, дүниедегінің барлығын есептеп шығуға әрі математикалық анықтама беруге болады екен. Тіпті оның сандарға деген қызығушылығы сандар (нумерология) ғылымының құрылуына себепші болады.
Сандар қатарын, негізгі тоғыз сандарының құрамын, қалғандарының құрамдас екенін дәлелдеп шыққан осы грек ғалымы. Ол тоғыз саннан тұратын ерекше сиқырлы шаршы құрап, сол сандардың ішіне әлемнің үйлесімділігін сыйғыза білген бірден-бір ғалым. Шаршы құрылымы өте қарапайым құрастырылған. Форд мырза көне шаршының қызығына ене берді. Олардың ерекше сиқыры барына бірте-бірте оның көзі жете түсті. Ежелгі гректердің жазбаларында «Пифагордың шаршы кестесін олар алтын, күміс, бидай, басқа да қазыналары бар қоймаларға «қазынасы одан бетер молайсын» деген ниетпен іліп қояды» деген деректер бар.
Ал америкалық Форд мырза Пифагордың сандар шаршы кестесін доллар банкнотына сызып алып, әмиян түбіне салып, ел көзінен таса ұстаған көрінеді. Міне қызық, жұмысы жүре бастады. Уақытынан бұрын қаржысы көбейген үстіне көбейе түсті. Бұдан өзге таңғажайып сандар құрамынан құрылған Юпитер шаршысы бар. Мұны тағы даңқ пен биліктің шаршысы деп атайды. Бұл сандар тізімін қызыл жібекке жазып алып, бөлмеңіздің оңтүстік бұрышына қойсаңыз болғаны, дәулетіңіз арта түседі екен. Қай жағынан санасаңыз да, 34 санына тең келетін шаршы алдыңғы шаршылардан мәртебелі саналады. Себебі нәтижесі 7 санына тең келгендіктен, демек, материалдық (6) емес, рухани (7) күшке ие.
Сандар сиқыры қайдан басталды?
Жалпы сандар сиқыры көне антикалық дәуірден бері адам өмірінде маңызға ие болып келеді. Ежелгі ғалымдар сандардың ерекше әрі таңғажайып қасиетке ие екенін зерттеп шыққан. Бұл үрдіс діни нанымдарда да көрініс тапты. Киелі жазбаларда болашақта болатын оқиғалар мен қилы тағдырлар жайы сандар құпиясымен жеткізілген. Алғаш рет сандардың сиқырлы қасиетін ежелгі мысырлықтар, үндістер және халдейлер зерттеген. Олар өздерінің жаңалықтарының бәрін көзайым ете бермеген. Антикалық иудейлердің «Жаратылыстың бастауы» кітабындағы бейнелеулерге құлақ ассақ, сандар мен әріптер арқылы әлем жаратылған.
Сандардың айтары мол
Сандар белгісі – зат қасиетінің көрінісі. Асылында, сандар сиқыры іс жүзінде бар және оны ешкім жоққа шығара алмасы хақ. Мәселен, 1 және 3, яғни 13 – қауіп-қатерге толы сан. Әсіресе, ол жұмаға дәл келсе, батыстықтар одан сайын үрейлене түседі. Өйткені жұмаға түскен он үші күні 1307 тамплиер рыцарьлері өлім жазасына қиылған екен.
Орыс халқының сенгіштері 13-ті бақытсыздыққа балап, бұл күні тағдырынан жақсылық күтуге болмайды десе, ағылшындар сенімі күштілер үй салып, үйленуге болмайды, тіпті автобус, пойыз, ұшақ, автокөлікке отырып жол жүруге болмайды, олар бақытсыздық әкеледі деп ешқайда шықпай, үйлерінде болады екен. Ал 7 санының сиқырлық қасиеті – көңіл бөлудің шегі. 666 – шайтандық сан. Ол өте сирек кездеседі, ал кездесіп жатса, жамандық шақыру деп жориды сандардың сиқырына сенетіндер.
Жердегінің барлығының сандық таңбасы бар
Кез келген зат сатылуға арналып жасалады, демек, әр тауардың өзіндік сандардан тұратын коды болады. Ол кодтық белгі болмаса, тауар сатылмайды, дүкен сөресінен орын ала алмайды да. Яғни өндіруші кәсіпорын міндетті түрде өнімдерін зауыттан сандардан құралған кодпен белгілейді. Ол – тауарға мінездеме беретін штрих-код. Елі, өндірушісі, тауарлық тобы, сапалық сипатын білдіретін 13 саннан тұратын код барлық тауарда болуы шарт. Сондай-ақ әр қазақстандықтың жеке сәйкестендіру нөмірі бар.
Сонымен заттар ғана емес, адамның да сандар құрамына байланғаны рас.
Сандар сиқыры арқылы тіпті адам тағдырын, болашақты болжауға болады екен. Мақаланы жазу барысында әріптесім Анара Абдихановамен нумерологтың есігін қақтық. Юлия есімді маман жылы жүзбен қарсы алып, біздің сауалдарға жауап берді. Өзі бұл жұмысты арнайы табыс көзі емес, хоббиі ретінде қабылдайтын нумерологтан біздер де сиқырлы сандардың құпиясын біліп қайттық.
– Менің негізгі мамандығым – менеджер. Көптеген компанияларда, департаменттерде директор қызметін атқардым. Бала күнімнен нумерологияға қызығып, Джули По есімді нумерологтың сабақтарына қатысып, білімімді шыңдадым. Көптеген адамдар нумерология саласын бизнес көзі ретінде көреді. Бірақ бұл дұрыс емес. Сен үшін бірінші орында ақша емес, адамның ішкі жан дүниесін ұғу тұру керек.
Өз басым бұл салаға жан қалауыммен келдім. Сандардың өз құпиялары бар. Мысалы, бір ғана сан бөлек мағына берсе, барлық санды бір жүйеге келтіріп, қосып есептеген кезде мүлде басқа мағына береді. Нумерологияда статистика бар, яғни сандардың адам өміріне қалай әсер ететінін білуге болады. Сондықтан нумерология саласын бал ашумен шатастырмаған жөн. Нумерологияны кез келген адам меңгере алады. Тек ол психолог бола білу керек. Және де адамдарға деген үлкен махаббат болуы шарт. Оларға көмектесуге деген үлкен құлшыныс – басты орында. Нумерологтардың жұмысы оңай емес. Мен күніне 3-4 адам ғана қабылдаймын. Өйткені клиентке көп энергиям кетеді. Адамдарда неше түрлі энергия болады ғой. Бірі жаман немесе жақсы әсер етеді дегендей, – дейді нумеролог Юлья Губашова.
Сандар сөйлесе…
Қазіргі таңда нумерологияның түр-түрі бар. Мысалы, туған күн нумерологиясы, Пифагордың сандар философиясы, үнді нумерологиясы, денсаулық нумерологиясы, т.с.с. Тіпті есіміңіздің де сізден жасырған нумерологиялық сыры болады. Әр адамның өзіне жақын саны, нөмірі болатын жағдайлар жетерлік. Естіген боларсыз? Кейде көп кездесетін сандарға мән бермей өте шығамыз. Алайда олардың да сіздер жайлы айтатыны бар екен. Мысалы, сіздің туған күніңіз – 23.05.1993.
23=2+3=5. 05=0+5=5. 1993=22=2+2=4. 5+5+4=14. 14=1+4=5. Яғни бізге керегі – «5» саны.
0 – материалдық табиғаттың құпияларына толы. Бұл нөмір жан-жақты энергияны, үйлесімділік пен ақиқатты білдіреді. Егер алдыңыздан қайталанған нөлдер кездесетін болса, өзіңізді рухани жағынан дамыту қажет екенін ұмытпағайсыз. Туа біткен мүмкіндіктер мен күш-қуаттың белгісі болғандықтан, бұл санға қатысы бар адамдар талантты әрі қайсар болады. Алайда оны қалай қолдану керектігін жете түсінбейді.
1 – ойлау қабілетінің тиянақтылығын білдіреді. Басқалардың ойына құлақ аспайтын, жеке тәжірибесіне сүйенетін сан. Батылдық, қайсарлық пен тапқырлық тән. Адамдарды басқару мен оларды көндіру қиынға соқпайды. Нағыз көшбасшының белгісі. Алайда бұл санның жаман қасиеттері де жоқ емес. Мысалы, шектен тыс сенімділік өркөкіректік пен қырсықтыққа әкеліп соғады.
2 – мейірімділік, жомарттық, нақтылық пен түсіністікті білдіреді. Аздап романтизм мен интуиция бар. Жалпы еш кемшілігі жоқ періште сынды дерсің. Өмірдегі тұрақтылық пен тепе-теңдікті білдіргенімен, барлығы үнемі жақсы бола бермейді. Сол себепті мұндай қасиеттерге тән адамды кездестіру тіпті мүмкін емес.
3 – өмірсүйгіштік пен оптимизмнің белгісі. Бұл санмен байланысы бар жан өзіне сенімді және ұсақ-түйекке мән бермейді. Бірақ сізге бөлінген көңіл мен уақыт аз мөлшерде болса, өмірден түңіліп кетуіңіз ғажап емес. Өзгелердің тарапынан сізге үнемі қызығушылық болуы керек, қарсы жағдайда сіз әлемді қатыгез деп танисыз.
4 – бұл санның қасиеттерін тек ерлерге тән деп айтуымызға болады. Бірақ бұл қасиеттер көбіне әйел затының бойында кездеседі. Төзімділік, еңбекқорлық пен өз принциптеріне адалдық. Бұл өмірде ешнәрсенің тегін келмейтінін, барлық нәрсенің өтемі бар екенін жақсы түсінетін адамдар. Кез келген ортада белсенділік танытып, не істеу керектігін нақты білетін жандардың саны. Сізді барлығы құрметтегенмен, жақтайтындар санаулы. Бұл санмен туғандар көбінесе өте қырсық әрі ішпыстырарлық болып келеді. Олар өз дегендерін дәлелдеп, басқалардың қателіктерін бетіне басқанды аса ұнатады. Адамдарға күмәнмен қарап, уақытты бос кетірмейді.
5 – сандардың арасындағы ең мықтысы. Өмірге деген бейімділік, тапқырлық пен табиғаты ерекше заттарға деген құштарлықты білдіреді. Сіздің энергияңыз кез келген өзгерісті оңай өткеруге көмектеседі әрі кез келген жағдайдан оңай шығып кететініңізге бек сенімдісіз. Қандай жағдай болмасын, қорықпай, алға ұмтылыңыз. «5» саны сізге көмектеседі.
6 – бұл санның жақсы қасиеті – адамдарға деген ерекше ықыластың болуы. Қызметте сіз өте қатал әрі талапшыл бастық болуыңыз мүмкін, алайда адамның өмірі мен жеке басын қатты құрметтейсіз. Дүниедегі ең бағалы зат сөз еркіндігі деп білесіз. Қолындағы барды беруге дайын жанашыр адамдар осы санның меншігінде. Сіздің жақындарыңыз сізге үнемі иық тірей алатынын жақсы біледі. Сонымен қатар басқалардың қамы үшін өз қызығушылықтарыңыздан бас тартуға дейін барасыз. Ол өз кезегінде сізге көптеген қиын мәселелер туғызуы мүмкін.
7 – бұл санның басты ерекшелігі – ойлау қабілеті мен іштегі тыныштықтың жоғарғы деңгейде танылуы. Кез келген қиын сұрақтардың жауабын да еш қиындықсыз тауып алады. Өмірде болатын әртүрлі жағдайларда бұл қасиет септігін тигізеді. Жаман қасиеттері: сыпайылық болмайды, жақсы мінез атымен жоқ. Ол туралы ел не ойлайтыны мүлде қызықтырмайды. Қолайлы сәт туған кезде басқалардан ерекше екенін еске салып отырады. Сол арқылы достарынан айырылып, адамдармен қарым-қатынасы қиындай түседі.
8 – іскерлік шеберлік пен батылдық осы санға тән қасиет. Осы санмен туған адамдар әлемді басқарады. Олар үшін алынбайтын асу, берілмейтін қамал жоқ. Алға қойған мақсаты мен оған жететін жолды нақты көреді. Сол себепті қашан, не істеу керек екендігін жақсы біледі. Қатыгез болғанмен, адал. Жақындары мен сүйіктілері үшін одан асқан қамқоршы жоқ. Жағымсыз жағы бағынышты адамдарды қанау мен өркөкіректігі оны үнемі аяқтан шалады. Қызметтегі қаталдығы күнделікті өмірдегі имиджге өз зиянын тигізуі мүмкін.
9 – аса мейірбан жандар, адамдарды бірдей жақсы көреді, оларға көмек қолын созуға қуана-қуана дайын. Табиғатыңыздан адамдарды жақын тартасыз, олар да сізбен дос, серіктес, әріптес болуға ұмтылады. Дегенмен айналадағы барлық нәрсені драмаға айналдырғанды әдетке айналдырған. Барлығы жақсы болса, сізден шуақты жан табылмас. Бірақ кішкене нәрсе үшін жанжал шығарып, қоршаған ортаңызды терең депрессияға ұшыратуыңыз ғажап емес.
Бұл тек бір мысал ғана. Ал сандардың сиқырына сену-сенбеу – әркімнің өз еркінде.
Түйін: «Сандар әлемді басқармайды, бірақ қалай басқару керектігін үйретеді» деп ойшыл әрі ақын Гете айтқандай, сандар төңірегінде үлкен сыр бар екені шын. Әр санның астарында белгілі бір ойдың барына шүбә келтіре қоймаспыз. Дегенмен сандардың құпиясын ашуға ұмтылып, тек сол сырдың жетегінде жүру жөн бола қоймас.