Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарамсыз шамдарды қашан кәдеге жаратамыз?

0 362

Энергия үнемдейтін шамдарды кәдеге жарату – Тараз қаласында шешімін таппай тұрған өзекті мәселенің бірі.

Арайлым Шабденова

Заң қабылданды, бірақ…

Энерготапшылық бізде ғана емес, әлемде туындағалы біраз болды. Жердің асты-үстіндегі қазба байлықтардың бір күні сарқылатындығы ақиқат. Осыны түсінген Еуропа балама қуат көздерін іздеуге көшті. Желден, күннен, судан электр өндіруді бас-тады. Жапондар үйлерінің төбесі мен қабырғасына күн батареяларын орнатып жатса, француздар Альпінің етегінен Сенаның сағасына дейінгі аралықты жел диірменге толтырды. Осы ретте ұланғайыр жері бар, Арыстанды-Қарабастыдай, Сарырқаның самалындай азынаған желі бар, өзен-көл мен күннің көзінен тапшылық көрмейтін Қазақстанның да қарманып қалар сәті туды. Мамандардың ойынша, біз энергияны үнемдеуді үйрену арқылы ғана тығырықтан шығамыз. 2013 жылы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңның қабылдануы да сондықтан. Бұл құжат әлгі электр станцияларын салу, балама энергия көздерін табудан бөлек, Ильич шамдарынан кезең-кезең бойынша құтылуды да міндеттеген еді. Бұл тапсырманың орындалу барысы да көз ілеспес жылдамдықпен жүрді. Заңға сәйкес, 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап 100 ваттық шамдарға тыйым салынды. Ал 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап 75 ваттық лампаларды қолдануға болмайды. 2014 жылы 25 ваттық лампаларды өндіру, саудалау заңсыз болды. Олардың орнын энергия үнемдеуші шамдар басты. Міне, заңның қабылданып, іске асқанына 7 жыл өтсе де, өңірде «биші шамдарды» қабылдап, өңдейтін орындар жоқтың қасы. Ал Тараз қаласынан мұндай мекеме тіпті табылмады. Салғырттығымыз ба, құнтсыздығымыз ба? Денсаулығымызға зиянды шамдардың көзін жоюды ойластырмас бұрын оларды тұтынуды заңдастырып алдық. Күні ертең қауіпті химиялық заттан зиян шегіп, бар байлығымыз – денсаулығымыздан айырылып жатсақ, кімге кінә артпақпыз?! Әйтеуір, энергия көзіне тоймайтын қомағай деп атап жүрген Ильич шамымен жылап көріспесек болғаны. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында экологиялық мәселенің дер кезінде шешілуін тапсырды. Ол: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды. Бірқатар қордаланған мәселелерді шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекстің жобасы әзірленді. Парламенттің бұл маңызды құжатты жыл аяғына дейін қарап, қабылдауын сұраймын. Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн», – деген болатын. Жоғарыда қабылданған заңға да осы тұста өзгерістер енгізіледі деп сенеміз. Ол да уақыт еншісіндегі дүние.

Мамандар мәселеге неге салғырт?

Жарық үнемдейтін шамдар 8 жыл қызмет етеді дейді. Дегенмен жарамсыз болып қалған, қолданылған жарық үнемдегіш шамдарды қоқысқа тастаған өте зиян. Жарық үнемдейтін лампаның құрамында 3-5 мг аралығында сынап болады. Бұл – аса қауіпті химиялық зат. Оның буы улы және бұл уланудың ауыр түріне алып келеді. Сынаптың түсі мен иісі болмағанымен, топырақ пен суға түскен жағдайда қоршаған ортаға зор залал келтіреді. Аталмыш шамдардың тез сынатынын ескерсек, олардың адам мен қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіріп отырғанын шамалауға болады. Қолданыстан шыққан шамдарды арнайы орындарға өткізу әзірше мүмкін емес. Оларды пайдаға асыратын ұйымдар тек қана заңды тұлғалармен келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Қолданылған шамдарды залалсыздандыру мәселесіне ешкім аса алаңдамайды. Есесіне шам орамында жарамсыз шамдармен не істеу керектігі жазылмаған, көрсетілмеген. Тұрғындарға пайдаланылған шамдарды тиісті орындарға өткізуді насихаттайтын түсіндіру жұмыстары да жүргізілмей отыр. Қала бойынша «биші шамдарды» тас-тайтын арнайы контейнерлер жоқ деуден аулақпыз. Қоқыс жәшіктерінің маңында пайда болған сарғылт түсті контейнер осындай шамдарды жинайды. Тұрғындар да қоқысты сорттап тастайтын мәдениетке үйренді. Бірақ қала бойынша мұндай контейнерлер өте аз. Тұрғындар жарамсыз шамдарды қашанғы үйіне жинайды? Бір күн болмаса, соңында ол жарамсыз шамдар қатты тұрмыстық қалдықтармен қоқысқа кететіндігі айтпаса да белгілі.

Жалпы мән-жайды білу мақсатында біз алдымен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хабарласқан едік. Ондағы мамандар бізді қалалық бөлімге жіберді. Содан қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына хабарластық. Қалалық газет болсақ та, бұл мекемеден қаланың коммуналдық сұрақтары бойынша жауап алу кейде тіпті мүмкін болмайды. Өйткені мұнда барлық ақпарат «өте баяу қозғалады». Мәлімет алу үшін мекемеге бірнеше рет барып, хабарласып, әзер дегенде басшысы Зият Тұрсынұлына жолықтық. Бөлім басшысынан қаланың жарықтандыруы мен шаһар бойынша жарамсыз шамдарды тастауға арналған 30 контейнердің барын білдік. Оның өзі көбінде қаланың орталық көшелерінде екен. Мәселен, Төле би көшесінде 2 дана контейнер болса, Сүлейменов көшесінде – 3, Абай – 3, Әйтеке би – 6, Қазыбек би, Қонаев, Қойбақов, «Телецентр» мен кейбір мөлтек аудандарда тек бір қоқыс жәшігі қойылыпты.

Ал қаладаға ірі мекемелердің бірі «Энерджи-Тараз» ЖШС бұрын энергия үнемдейтін шамдарды шығарғанымен, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарын тоқтатыпты. Мамандардың берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, қала бойынша жиналған жарамсыз шамдарды Байзақ ауданындағы «Алди және К» ЖШС жинайды екен. Қала әкімдігінің тұрғын жай- коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен аталмыш мекеме келісімшартқа да отырған. Бұл мекеме түрлі қалдықтарды кәдеге жарату бойынша ұзақ жылдық тәжірибесі бар. Құрамында сынап бар шамдарды да қайта өңдеуге арналған құрал-жабдықтармен жабдықталған мекеме зиянды қалдықтарды кәдеге жаратуда екен. Сонымен қатар енді барлық кәсіпорындар мен заңды тұлғалар пайдаланған қауіпті шамдар бойынша жылына бір рет есеп беріп, оларды тапсыру үшін арнайы мекемелермен келісімшартқа отырулары міндеттеледі. Ал қарапайым халық қолданылған шамдарды арнайы контейнерлерге тастаулары керек.

Жоғарыда айтылған «Алди және К» ЖШС-не хабарласып білгеніміз, сынабы бар шамдарды қайта өңдеу жұмыстары жүйелі. Сондай-ақ қауіпсіз қалдықтар арнайы «экодромда» жиналатын көрінеді. Бұл мекемеден өзге де серіктестіктер кәсіпорындар мен заңды тұлғалармен келісімшартқа тұруға мүмкіндігі бар болғанымен, қалдықтар Алматыға жеткізіледі екен. Тек мұнда тасымал құнының жоғары болуы көп мәселенің түйінін тарқатпай отыр. Бұл орайда тұрғындар жарамсыз шамдарды кәдеге жарату үшін қалталарынан ақы төлемейтіндігі белгілі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.