Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рухани жаңғыру – берекелі шаңырақтан басталады

0 368

Қала әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Елу жылда- ел жаңа» қоғамдық бірлестігінің және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «экономика» кафедрасының ұжымы ҚР Парламент мәжілісінің V шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оразкүл Асанғазықызымен «Рухани жаңғыру – берекелі шаңырақтан басталады» тақырыбында онлайн кездесу өткізді.

Ашық, еркін форматта өткен онлайн кездесуде қатысушылар Оразкүл Асанғазықызына көкейдегі сауалдарын қойды. Оразкүл Асанғазықызы отбасы, қоғам, ұлттық код, дәстүр сабақтастығы туралы ойын ортаға салды. Бұдан бөлек, тіл мәселесі мен тарих және ұлттың болашағы да тереңінен қаузалды. Өнегелі отбасының арқасында мемлекет те өркендейді, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Отбасында тәрбие алып жатқан әр бала өз бойындағы мінезі мен қасиеттерін ата-ананың тәрбиесімен сіңіретіні анық. Сондықтан да баланың тәрбиелі жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымағы жарасқан отбасының ықпалы өте маңызды. Осы орайда тәрбиелік мәні зор кездесуден түйгенімді, баяндағаным жөн деп таптым.

Отбасы ұлттың, елдің, әлемнің, адамзаттың негізі. Сондықтан да отбасында дұрыс қарым-қатынас орната білу қажет. Қоғам қайраткері, қазақ қызына тән өжеттік пен батылдықты бойына сіңірген Оразкүл Асанғазықызы кездесуде ұлттық болмысты сақтай отырып, отбасылық құндылықтарды ұрпаққа ұғындыру мәселесін көтерді. Отбасы деңгейіндегі мәселе шешілсе, онда барлық мәселе шешіледі. Өйткені, «Отан – отбасынан басталады». Қазіргі қоғамда сол отбасының іргесі сөгіліп, кеше ғана сүйіп қосылған жастардың ажырасуы белең алып барады. Оған бірден-бір себеп – ақпараттық ағын, әлеуметтік желінің кейбір кері әсер ететін қисынсыз кеңестері. Содан да болар жастар отбасының шырқын бұзып алады, шешім қабылдайды, артынша ойланады. Кез келген мәселенің бірінші кесімін айтып, кейін қу тізесін құшақтап қалатындар да жоқ емес.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, кез келген ұлт өзінің ұлттық кодынан ажырамаса, онда ол ел адаспайды. Ата-бабамыз ұлттық болмысымыз бен қазақы қалпымызды екшелейтін салт-дәстүр мен қастерлі құндылықтар қалдырды. Соның бірі ретінде айтсам, ертеде қазақ қоғамында енелер келінін бауырына тартып, қамқорлық танытып, оған ұрпағын өрбітетін ана ретінде ашық шырай танытқан. Ал қазіргі кейбір енелер келіндеріне тәрбие берудің орнына, тырнақ астынан кір іздеп, үйден қуып шыққанша асығады. Келінді шаңырақтың шегесі қылып бекіту – есті ененің еншісінде. Осы ретте отбасының қорғаны болған ер азаматтарға артылған жүк те жеңіл емес екенін айта кеткен жөн. Ата-бабамыз қызға «қонақ» деп төрден орын беріп, парасаттылыққа баулып өсірген. Олар қызды өрісім деп құрметтесе, ұлды шаңырағымның ұстыны деп оның тәрбиесіне ерекше мән берген. Жігіт үйдің ғана қорғаны емес, елдің де қорғаны. Сондай адал, нағыз ерді табу әрбір бойжеткеннің арманы. Жігіттер сүйген қызының сезімін аялап, сол арумен отау құрып, ақ некеге адалдық танытса, ел қорғаны болар ұрпақ өрбиді. Осыдан кейін «Еркек-үйдің егесі, әйел-оның шегесі», «Мықты болса егесі, майыспайды шегесі»-деген сөздердің текке айтылмағанына көз жетеді. Ал қыздарға айтарым, жалғыздық құдайға ғана жарасқан. Қыз баланың бақыты – басына жабылған ақ жаулығы, келін боп аттаған табалдырығы. Табалдырықтан асқан тау жоқ. Өкінішке қарай, қазір кейбір келіндер енесінің қатаң тәрбиесі мен тәртібіне төзе алмай, сол таудай табалдырықтан кері аттап кетіп жатыр. Сондай келіндерге айтарым, «үндемеген үйдей пәледен құтылады». Енесі бір сөз айтса екі сөз қайтаратын келін отбасының берекесін кіргізбейді. Ата-енеңе қалай қызмет қылсаң, уақыты келгенде соның бәрін айна-қатесіз алдыңа келеді. Еріңді бағаласаң, оның ата-анасын да құрметтей біл! Еркектің бағын құдай артық қылып жаратқан. Осы орайда мақаланың соңын Оразкүл Асанғазықызының сөзімен түйіндегім келді. «Өзім 45 жыл ағаларыңнан жоғары-төмен қызмет істедім. Бірде-бір рет бетіне келіп көрмеппін. Үйдің табалдырығын аттағаннан, мен – әйелмін. Сендерге айтарым, еріңнің сөзін екі етпегендерің абзал».

Ардақ Жантаева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «экономика» кафедрасының аға оқытушысы, аналар кеңесінің төрайымы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.