Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала тіршілігі – әкімнің бақылауында

0 279

Күз мезгілінде қысқа дайындық жұмыстары қызады. Әрине, жоспарлы іс өз жемісін береді. Бұдан бөлек, айтып келмейтін жағдайларға байланысты дереу шешім қабылдау да маңызды. Мәселен, қала аумағындағы Төле би даңғылының бойында жарылған газ құбыры тәулікке жетпей қалпына келтірілді.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Белгілі болғандай 23 қазанда «ЖамбылТранстелеком» АҚ жұмысшылары жер қазу жұмыстарын жүргізу барысында Тараздағы Төле би даңғылының бойында АГРС-2 (автоматтандырылған газ реттеуіш станциясы) 630 мм диаметрлі полиэтилен газ құбыры зақымдалған екен. Газдың шығуын тоқтату мақсатында апатты бригадаға ф-600 және ф-500 миллиметрлі жерасты ысырмаларын бекітуге тура келген. Мұның салдарынан РК-4 аудандық 4-ші қазандық, 4 өнеркәсіптік кәсіпорын, 27 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын және 176 жеке тұрғын үй уақытша көгілдір отынсыз қалған.

Осы мәселеге байланысты облыс және қала әкімдігінен жауапты мекемелердің басшылары оқиға орнына келіп, мән-жаймен танысты. Сәйкесінше қала әкімі Айтқазы Қарабалаев бұл жұмыстарды бақылауға алды. Шаһар басшысы «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің өкілдерімен бірлесіп, құбырды жедел қалпына келтіріп, нысандарды көп күттірмей газбен қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтар мен жұмылдырылатын техникаға байланысты тапсырма берді.

Белгілі болғандай қала әкімінің бақылауымен құбырды қайта қалпына келтіру жұмыстары оң шешімін тауып, 200-ден астам нысан бір тәулікке жетпей-ақ жылуға қосылды.

Абаттандыру жұмыстары ауқымды
Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тапсырмасымен Тәуке хан және Саңырақ батыр көшесінің қиылысында орналасқан Саңырақ батыр ескерткішінің аумағын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары басталды.

Жұмыс жүріп жатқан аумаққа қала әкімі Айтқазы Қарабалаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев сондай-ақ қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері, ардагерлер мен жастар барып, ағаш егуге қолғабыс етті. Аталған топ Тәуке хан көшесіне 70 түп қарағай отырғызды. «Жасыл Ел – Тараз» серіктестігінің мәліметіне сүйенсек, жалпы жұмыс аумағы бір гектарды қамтиды. Онда бес түрлі ағаш отырғызылып, газон төселеді. Бұдан бөлек, орындықтар мен жарық шамдар орнатылып, қоқыс жәшіктері қойылады. Бұған 50-ге жуық жұмысшы тартылған.

Аталмыш серіктестіктің жұмысшылары қала тазалығын сақтау мақсатында орталық көшелердегі қоқыстарды шығарумен айналысады. Күз мезгілінде табиғаттың тосын сыйы аз емес. Дейтұрғанмен күнделікті атқарылған жұмыстар жақсы нәтиже беруде. Бұл ретте тұрғындардың алаңдауына еш себеп жоқ, себебі қоқыстар(жапырақтар) қаланың шеткі аумағына шығарылуда.

Айта кетейік, қаланың шығысынан бөлек, батыс кіре берісінде де абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мәселен, сол аумаққа алғашында 800 ағаш отырғызу жоспарда болған. Ал қазір 1 600 ағаш егілген екен. Енді келер апатада 10 мың түп ағаш егу жосапарланыпты.

Қала әкімінің бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстардан тұрғындар хабардар. Әлеуметтік желі арқылы түрлі сауалдарын жолдап жатқандар да бар. Олардың басым бөлігі «егілген ағаштар қараусыз қалмаса екен» деп алаңдауда. Бірақ, бұл мәселе бойынша даурығуға себеп жоқ. Мәселен, Тәуке хан көшесінен өтетін канал бар. Енді сол каналға арнайы насос қою арқылы жас талдарды табиғи жолмен суарудың мүмкіндігі туып тұр. Сондай-ақ қаланың батыс қақпасында да Төрегелді каналынан су тарту мәселесі жолға қойылған. Бастысы, бұл жұмыстар қала әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлының бақылауында.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.