Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі

0 418

Ұлт денсаулығын жақсарту мақсатында «Зер – Күміс» ЖШС-нің қолдауымен алғашқы рет Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасында дұрыс тамақтану орталығы өз жұмысын бастады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген С. Абжапаров

Дұрыс тамақтану ұзақ өмір сүруге ықпал етеді, иммунитетті көтереді, бұл әсіресе маусымдық аурулар кезеңінде маңызды. Осы орайда жаңадан ашылған орталық облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиевтің сөзімен басталды. Ол халыққа орталықты ашудың маңыздылығын атап өтті.

– Дұрыс тамақтану орталығын ашудың қажеттілігі зор. Біз тамақтануға және ас таңдауға сауатты һәм саналы түрде жүгінуіміз керек. Өйткені біздің барлық ішкен тамағымыз біздің денсаулығымызға әсер етеді. Жоспар бойынша Жамбыл облысының барлық аудандарында осындай орталықтар ашылады, – деді ол өз сөзінде.

Жиында Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасының диетологы Баян Баймұратова да сөз алып, орталық жұмысының мақсаттары мен міндеттері туралы айтты.
– Дұрыс тамақтанбау көбінесе экологиялық жағдайдың бұзылуына, ағзаға қоректік заттар мен микроэлементтердің жеткіліксіз түсуіне әсер етеді. Біздің орталықтың мақсаты – тұрғындарды дұрыс тамақтануға және салауатты өмір салтын ұстануға үйрету. Орталыққа жүгінген әрбір адам ағзаның ерекшеліктерін ескере отырып, тағамды дұрыс қабылдау мен дайындауды үйрететін мамандардан кеңес ала алады, – деді дәрігер.

Сондай-ақ диетолог салмақ жоғалту үшін дұрыс тамақтану мен әртүрлі диеталарды шатастырудың қажеті жоқ екенін баса айтты. «Расында бұл екі ұғымды қарапайым халық жиі шатастырып, өздерін өмірлік маңызды өнімдерден шектейді. Апталап, айлап аш жүруге бар. Нәтижесінде салмақ шынымен тез жоғалады, бірақ бұрынғы өмір салтыңызға оралғанда, артық фунттар қайта оралады және олардан құтылу әлдеқайда қиын болады. Сондықтан диетаны құрған кезде, ең алдымен денсаулықты ойлап, дұрыс тамақтанудың жолдарын білу керек» деді мамандар. Орталыққа кеңес сұрап келгендер диетолог, эндокринолог, гастроэнтеролог және кардиолог сияқты мамандарға жазыла алады. Консультацияны әлеуметтік желіден немесе тікелей орталық арқылы алуға болады. Көкейде туған «Білікті мамандардың кеңесі бойынша қажетті өнімдерді қайдан сатып алуға болады?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Мұндай дұрыс тамақтануға қатысты тауарлардың үлкен ассортименті бар мамандандырылған дүкендер аз болып шықты. Дегенмен осы орайда «TARAZ ECOSHOP» пайдалы тағамдар дүкені көңілден шықты. Дүкеннің директоры және құрылтайшысы Нұрзифа Әміртайдың өзі бір кездері осындай тауарларды сатып алу қажеттілігімен бетпе-бет келген екен. Сол сәтте өзіне мамандар тағайындаған өнімді сатып алу үшін басқа аймақтағы қалалардан тапсырыс беруге мәжбүр болған. Дегенмен, бұл мәселенің шешімін тауып, өзі Тараздан арнайы дүкен ашуға бел буады.

– Сау болыңыз! Кез келген ересек адам бұл тілекті өмірінде жиі естиді, бірақ осы сөздің байыбына бара алады ма? Жоқ, біз денемізді шынымен қажет болғанда, қажетті жағдай туындаған кезде ғана күтіп ұстай бастаймыз. Алдын алмаймыз. Денсаулықтан қымбат нәрсе жоқ. Сондықтан ол үшін уақыт, қаражат пен күш жұмсамай бәріне алдын ала кірісуіміз қажет қой. Сондықтан біз «Денің сау болсын!» деген тіркесті зор жауапкершілікпен қабылдап, толыққанды сау болу үшін бәрін алдын ала жасаймыз. Экогастрономның міндеті – тұтынушылардың өмір сүру сапасын және денсаулығын жақсарту. Біз күн сайын не жейтінімізді біле отырып, көптеген жылдар бойы сау және әдемі болып қала аламыз. Мұнда сіз бәріне балама таба аласыз, мәселен, нан ашытқысыз, тәттілер – қантсыз деген сияқты. Бізде эко-косметика, тұрмыстық тазарту құралдарының да химиялық құрамы жоқ, – деді Нұрзифа Әміртай.

Дұрыс тамақтануға арналған дүкеннен қажетіңді сатып алмас бұрын, гастрономдар кімге, қандай, қанша мөлшерде және таңдалған өнімдерден не дайындауға болатындығы туралы кеңес береді. Бүгінде дұрыс тамақтанатын азық-түлік дүкенінің құрылғанына бір жыл толыпты. Ал оның келушілерінің әрқайсысысының өз тарихы бар. Мұнда бас сұғып, тапсырыс берген адам, міндетті түрде қайта келеді екен. Өйткені, дұрыс тамақтану денсаулыққа, сұлулыққа пайдалы. Ал нәтижесі бірнеше аптадан кейін-ақ байқалатын көрінеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.