Қалалық қоғамдық-саяси газет

Гамлет – Тараз төрінде

0 247

А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында У.Шекспирдің шоқтығы биік туындыларының бірі – «Гамлет» трагедиясының премьерасы сахналанды. Көпшіліктің көңілін тебіренткен қойылым шындық пен шытырманның шедеврін тараздықтарға тарту етті.

Арайлым ШАБДЕНОВА Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Әлемді әбігерге салған пандемия қоғамның сан саласына қолбайлау болғаны көңіл құлазытқаны рас. Десек те өлмейтін, өшпейтін өнер құдіреті көпшілікті тағы да өз киесімен тәнті етті. Карантин талаптары барынша сақталған қойылым барысында жиналғандар туындыны бастан-аяқ сілтідей тынып, үлкен ықыласпен тамашалады. Қойылымның қоюшы-режиссері – белгілі актер, режиссер, Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Тұңғышбай әл-Тарази. Қоюшы суретшісі – театрдың бас суретшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева. Әлемнің барлық елінде сахналанған, экранизация жасалған туынды әулиеаталық театр сахнасында тұңғыш рет қойылып, трагедия қаһарманы жаңа сарынмен көрерменге жол тартты. Жалпы «Гамлет» – Шекспир шығармалары ішіндегі шоқтығы биік туынды. Әлемге әйгілі кейіпкер «Гамлет» – Дат елінің ханзадасы. Ол – батыр болып өмір сүріп, батыр болып қаза тапқан тұлға. Өмірдегі шиеленіске, тартыс пен күреске толы ойды сахналаған спектакльдің мағынасы тереңде екенін айтпай-ақ ұғынуға болады. Заман талғамына сай, жаңа сарынмен көрерменге жол тартқан трагедияның басты қаһарманы – Гамлет бейнесі театрдың жас буын артисі – Байғали Мырзақұл шеберлігімен сомдалды. Трагедияның идеялық мазмұны Гамлет бейнесі арқылы сол уақыттағы қоғамдағы жоғары биліктің іріп-шіріген дағдарысы, тақ үшін таласқан биліктің арандатушылық әрекеттерін бейнеледі. Қайта өрлеу дәуірінің гуманисті, өз заманына лайық жоғары мұраттың иесі бола тұра, айналасындағы арандатушы адамдар мен билікқұмар туыстарының кесірінен жас Гамлеттің өмірге, адамдарға деген сенімі, ең жақсы мұраттары мен армандары іске аспайды. Себебі мемлекетті басқаратын адамдардың өздері қылмыскерлер, кісі өлтірушілер еді. «Гамлет» трагедиясының идеясы – жоғары армaндардың құрып, құрдымға кетуін, қоғамды түзетyге белсеніп шыққан жалғыз күрескердің қайғысы мен трагедиясын суреттеу болып табылады. Гамлет обpaзы көптеген ғасырлар бойы түрлі пікірлер туғызып келсе де, өкінішке орай бұл образ бүгінгі заманға дейін ақиқат шындық қалпын жойған жоқ. Ол өмірде де, әдебиетте де, әлі де адамдарды толғандыратын образдapдың прототипі.

450 жыл бойына күллі адамзат баласына жауап іздетіп, сансыратқан Гамлеттің «быть или не быть» немесе «Қайткенде адам қалады, адам болып» деген сұрағына ҚР халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, танымал актер – режиссер Тұңғышбай Әл-Таразидың Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов театрында қойылған спектаклінде жауаптың бір нұсқасы табылғандай. Сатқындық пен опасыздық, жемқорлық пен жемірлік, зинақорлық пен аярлық, қатыгездік пен қаражүректік, тақталастық пен бақталастық жайлаған қоғамның болашағы жоқ екенін дәл басқан қойылым көрермендерді сілтідей тындырды.

– Театрдың ұжымы, актер, актрисалардың тапсырысымен осы үлкен классиканы қойсақ қалай болады екен деп ұсыныс тастады. Гамлетпен мен он шақты жыл жұмыс істегенмін. Шәкірттерім дипломдық жұмысты осы қойылыммен қорғаған. Дайындыққа екі айдай уақыт кетті. Елдегі пандемия жағдайын ескерсек актерлар сахнадан жатырқап, о баста рөлге кіре алмай, тосыңқырап жүрді. Соңғы 1 аптада күндіз-түні толық дайындық жүргіздік. Театрдың репертуарына сүйекті шығарма келді деп ойлаймын. Билік пен қоғам, адамдардың қарым-қатынасы, билік пен суреткерлердің қатынасы деген мәселе әлі күнге дейін өзекті. Өнер тілінде биліктің көлеңкелі тұстары осы қойылымда көрініс табады. Қазіргі таңда қазақ режисурасы әртүрлі тәсілге барып жүр. Жаңа формаға, үстірт-астырт, қиынды жеңілдетіп «подтекстпен» беріп жүр. Мен одан бойымды аулақ ұстадым. Керісінше классикаға, актердің шеберлігіне мән беріп, бұл спектакльді әрбір рөлді сомдаушы жүрегінен өткізуіне тырыстым. Барынша тырысып бақтық. Бұл менің алғаш сахнаға шыққан театрым болғандықтан қашан да ыстық. Сондықтан үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасадым, – дейді режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов.

Сахнада қандықол Клавдий патшаның бейнесін актер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков, Гамлеттің анасы королева Гертруданы ҚР Мәдениет саласының үздігі Анар Сағымбекова сомдады. Сондай-ақ Гамлетке ес-түссіз ғашық Офелияның рөлін актриса Аружан Райымбек, Гамлеттің әкесінің аруақ образында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан рөлді жан-жақты ашты.

Төрт ғасырдан астам уақыт бұрын тұңғыш рет Лондондағы «Глобус» театрында көрсетілген Гамлет осылайша Тараз шаһарында қазақы өнерсүйер қауымға жол тартты. Қойылым соңында көпшілік телегей тебіреніспен тік тұрып, шығармашыл ұжымға шынайы құрмет көрсетті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.