Бауырында талай тау тұлғаларды тәрбиелеген Жуалы жерінің тұмса табиғаты да көркем. Сан мыңдаған ғасырды кейінге тастап, шегінсек, таулардың ортасында орналасқан мекенде сонау екінші ғасырдың өзінде өркениетті елдің болғанын байқаймыз. Сөзімізге сол аумақтағы археологтардың тұжырымы мен еліміздің сан аймағынан келген білікті мамандардың пікірі дәлел. Қысқасы, ежелгі «Баркуаб» қалашығының орны мен құнды деректері бірер жылда толықтай қазылып бітеді. Біз Жуалы ауданына жасаған іссапар барысында біздің эрамызға дейінгі I-II, III-VI ғасырды қамтитын өркениет жайында біліп қайттық.
Сәндібек Піренов
Өңірлік коммуникациялар қызметінің бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы» және туризм саласын дамыту» аясында облыстың журналистері Жуалыға ат басын тіреген. Ең бірінші аялдама археалогиялық қазба жұмыстары қызу жүріп жатқан Баркуаб қалашығы болды. Нұрлыкент ауылында орналасқан «Қараханид» дәуіріне жататын қалашықта қазба жұмыстарына басшылық етіп жүрген «АРК « ғылыми ұйым ЖШС директоры Ескендір Төрбеков экскурсия жасады. «Баркуаб» сөзі араб тілінен аударғанда «Теріс» деген мағына береді екен. Тарихи-археологиялық ескерткіш биікте орналасқан. Сондықтан мал шаруашылғымен айналысатын тұрғындар бұл аумақты «Жалпақтөбе» деп атап кеткен. Баркуаб нысанының алаңынан бірнеше шұңқырды көзіміз шалды. Осыған қарап, археологтар мұнда егін шаруашылығы жақсы дамығандығын айтады. Дәл сол шұңқырлардың маңында қазірдің өзінде 8-10 метр тереңдікке дейін қазылған тағы бір шұңқыр бар. Бұл құдық болған деседі. Оның тереңдігі «Теріс» өзенінің бойлығына дейін жетуі мүмкін. Мамандардың айтуынша «аумақта ежелгі «Кунгюй» елі мекендеген болуы керек» деген болжам да бар. Соған қарағанда бұл жер толықтай зерттелсе, 2 500 жылды артқа тастаған Баркуаб қалашығы ежелгі Тараз қалысынан да ерте пайда болған ең көне орын болары анық.
–Ислам мәдениеті қалыптасқан кезеңде көне қалашықтың құрылыстан хабары бар, білімді азаматтардың басшылығымен тұрғызылғанын анық аңғаруға болады. Мәселен, қарт Қаратау мен Тянь Шаньның ортасындағы мекен жазда егінге қолайлы, шөбі шүйгін, жайлы орын. Бұдан бөлек, Баркуаб қалашығының екі қабаттан тұратыны белгілі болды. Қазірде екінші қабатындағы бөлмелер ашылып жатыр. Алты бөлме толықтай ашылса, тағы бір бөлменің орны анықталды. Қалашықтың қабырғалары 2-3 метр болса, алдыңғы бөлігінде қақпа тәріздес тастар үйілген. Бұл жаудан қорғану үшін жасалған болуы мүмкін. Сондай-ақ 2018 жылы Теріс өзенінің маңынан табылған құбырлар да сол заманның өзінде адамзаттың өрлеу кезеңін өткергенін аңғартады. Екінші қабаттың өзінде қабырғалары берік,төбесі биік бөлмелерді астыңғы, бірінші қабаты қалай көтеріп тұрғандығы таңдай қақтырады. Бұл ретте астыңғы қабаттағы бөлемелерге сол замандағы құрылысшылар берік болуы үшін сазға қоспа қосуы да ғажап емес. Енді осы бағыттағы жұмыстар келер жылдан бастап, қажетті техникаларға қол жеткізіп, қауіпсіздік шараларына басымдық бергеннен кейін басталмақ,–дейді археолог Ескендір Санжарұлы.
Мамандар биыл жыл басында дәл осы қалашыққа Германия, Австрия, Швейцариядан туристер келеді деп топшылған. Бірақ, елдегі індеттің салдарынан 1-2 айдың бедерінде ғана тарихқа қызығушылығы жоғары ел тұрғындары келіп-кетіп жүрген. Дейтұрғанмен, биыл Түркістаннан және облысымыздың оқу орындарынан волентерлік топтар жасақталып, тиісінше экспедицияға жәрдемдескен. Әрине олардың жататын орны мен қажеттіліктері толықтай қамтылған. Бұл волонтерлер жылында жастардың тарапынан жасалған көмек десек те болады. Екінші жағынан, «Рухани жаңғыр» бағдарламасы аясында жастарды патриоттық шараларға тарту көзделгендігі тағы бар.
Заманауи музей
Соңғы жылдары археологиялық қазба жұмыстары қарқынды жүріп жатқан ежелгі Баркуаб қалашығымен танысқан соң, осы мекендегі Жуалы ауданынан табылған құнды бұйымдар сақталған тархи-өлкетану музейіне бардық. 2018 жылы ашылған музейдің кіре берісінде аудан бойынша тарихи-мәдени ескерткіштердің картасы ілінген. Шыны қораппен қоршалған бұйымдардың тарихы жайлы аудандық тариху-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев айтып берді.
–Тарихты тереңінен ақтарсақ, біздің екі жазықты алып жатқан үлкен және кіші Қаратау тарихи жазбаларда «Пана тау» деп аталған екен. Негізінде Барқуаб қалашығынан табылған бұйымдардың бірқатары осы музейде сақталған. Тараздан шыққан Жібек Жолы Күйік асуы арқылы асқанда қалашыққа аялдаған. Одан әрі асып осы Барқуаб қалашығында да аялдап, әрі Шақпақ, Жібек жолының сілемдері, Сайрам әрі қарай Отырарға өткен деседі. Жуалының тарихы тереңде. Берікқара шатқалы мен Билікөлдің ортасында 420-дан астам зерттелмеген обалар жатыр. Ортағасырлық қалашықтардан қалған бұйымдар осында сақталған. Соның ішіде ою-өрнектері ерекше таңбалы тас аталатын жәдігер, балық шаруашылығында пайдаланылған тастар және қазба орындарынан кетпен, майшам, өрнек тоқуға арналған керме, диірмен, тас астау және қыш ыдыстардың барын айтсақ болады. Сондай-ақ қазба жұмыстары кезінде пішіні үлкен бас табылды. Қазірде сол басты алматылық ғалымдар зерттеу үстінде. Бұл жөнінде тарихшылар бастың пішініне қарап, сол кездегі діни сенімге не болмаса жоғары тап өкілдеріне немесе бір ұлы адамның басы деген сан-алуан пікірлер айтып жатыр. Енді Жапониялық зерттеушілердің байламын күтіп отырмыз.Содан кейін нақты жауабы белгілі болады,–дейді өлкетанушы.
Жуалыда 7 киелі жер бар
Осыдан кейін өңірлік коммуникациялар қызметі «Коворкинг» орталығында көшпелі баспасөз конференциясын өткізді. Онда аудан әкімі Нарбай Ергебеков пен «АРК» ғылыми ұйым ЖШС директоры Ескендір Төрбеков «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен туризм саласын дамыту бағытында баяндама жасап, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
–Азаматтық бастамаларға қолдау көрсету бойынша «Туған жер» жобасы аясында 165 млн теңгеге 7 жоба жүзеге асты. Бұдан бөлек, Баркуаб ортағасырлық қалашығындағы қазба жұмыстары үшінші жыл қатарынан жалғасуда. Ауданда бірқатар туристік объектілердің бар екенін білесіздер. Соның ішінде 7 киелі жердің бар екенін айта кеткен жөн. Олар Момыш бұлағы, Шақпақ әулие үңгірі, Қыз әулие шатқалы, Батырбек датқа кесенесі, Шаңлақты шайқасы, Баркуаб қалашығы, Берікқара қорымы сондай-ақ Берікқара шатқалы,–деді аудан әкімі Нарбай Абылқасымұлы.
Жуалы ауданында тарихи жәдігерлерді зерттеу, сақтау бағытындағы жұмыстар жанданғаны белгілі болды. Әсіресе археологиялық қазба жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы қаралғаны таңдандырды. Ендігі кезекте атқарылған жұмыстардың барлығы жемісін беріп, Баркуаб қалашығының сыры толық ашылса деген тілек бар. Жергілікті тұрғындар да Жуалы ауданы туризмнің ірі орталығына айналады деген үмітте.