Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кедергісіз бизнес – жүйелі экономика

0 219

Облыс прокуратурасының жанынан бизнес субъектілерін қорғау мақсатында арнайы сараптамалық кеңес құрылды.

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен АБжапарОВ

Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау прокуратура органдарының қадағалау қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады.
Облыс прокуратурасы жанынан алғаш рет құрылып отырған бизнесті қорғау жөніндегі сараптамалық кеңес алдағы уақытта осы жұмыстармен белсенді айналыспақ. Кеңес құрамына облыс әкімінің орынбасары Алмас Мадиев, «Тараз» ӘКК АҚ, «Атамекен» ҰКП облыстық филиалы мен «Даму» қорының, сондай-ақ облыс кәсіпкерлері қауымдастығының басшылығы кірді.

Кеңестің негізгі функцияларына консультативтік, ұйымдастырушылық көмек ұйымдастыру, сондай-ақ бизнес субъектілерін түрлі заңсыз тексерістерден қорғау жатады.

Жұмыстың ашықтығы мақсатында және бизнес-қоғамдастықпен кері байланыс орнату бағытында сараптамалық кеңестің жұмысы әлеуметтік желілердегі арнайы парақшаларда жарияланбақ. Сондай-ақ прокуратурада мобильдік топтар мен жедел желі телефондары жұмыс істейді.

Бизнесті қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің алғашқы отырысында жылжымалы сауданы ұйымдастырудағы проблемалық мәселелер кеңінен қарастырылды. Жиынды ашқан облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров Мемлекет басшысының Жолдауында прокуратура органдарына кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласу фактілері бойынша шұғыл шаралар қабылдау тапсырылғанын атап өтті.

– Қадағалау актілері негізінде облыстың жеті ауданында сауда орындарын анықтау бойынша шаралар қабылданды. Сондай-ақ кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту туралы 90-нан астам заңсыз қаулы алынып тасталды, нәтижесінде мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды, – деп атап өтті Нұрғалым Мәжитұлы.
Кеңес барысында жиынға қатысушылар көшпелі сауданы ұйымдастыру, сондай-ақ бизнесте толғандыратын басқа да мәселелер бойынша өз ұсыныстарын айтты.
– Біздің өңірде осындай сарапшылық кеңес құрылғаны қуантады. Бұған дейін кәсіпкерлерде бизнесті жүргізуге қатысты түрлі сұрақтар туындаған болатын. Кейбір нормалар кәсіпкерлердің жұмыстарына қайшы келген кезде заңдардың сәйкес келмеуіне байланысты шиеленісті жайттарды реттеу мүмкін болмады. Енді осы кеңестің арқасында кәсіпкерлерге түрлі кедергілерді еңсеруге жол ашылды. Тек осы мүмкіндікті мүлт жібермеу керек. Келесі кеңес отырыстарында бизнестегі нақты мәселелер бойынша талқылау жұмыстарын ұйымдастыруды ұсынамын, – деді «Атамекен» ҰКП жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова.
Кеңес төрағасы, өңірдің бас прокуроры Нұрғалым Әбдіров кездесу барысында БАҚ өкілдеріне кезекті жиындарда қаралатын, зерделенуі тиіс бірқатар мәселелерді баяндап берді. Олардың ішінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне несие беру және мемлекеттік қолдау мәселелері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың сот саласындағы өзара қарым-қатынастары сынды бизнес үшін маңызды жайттар бар. Сондай-ақ ол жиын кезінде айтылған ақпараттарды кеңінен таратып, халықты құлақтандыруға мән беру керектігін баса айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.