Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде

0 342

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге құрылған облыстық ақпараттық топтың мүшелері басқармаларға барып, қызметкерлерге Жолдаудың бағыттары жайында баяндама жасады.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Бұл күні ақпараттық топ мүшелері үшке бөлінді. Жамбыл облысы бойынша Ішкі істер департаментіне қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Малтабар Жаманбаев пен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Лескүл Ибраимова барды. Жиынға ішкі істер саласының қызметкерлері қатысты.

– Жұқпалы індеттің салдары халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына әсер етпей қоймады. Ол барлық саланы айналып өтпеді. Соның да себебінен болар, ұстаздардың жалақысын көтеру мәселесі қолға алынды. Мемлекет басшысы бірдей білім беретін оңтайлы платформаның жоқтығын жақсы біледі. Сол үшін де толыққанды, қажетті барлық функциясы бар білім беру платформасын шұғыл әзірлеу керектігін айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жас отбасыларды сақтап қалудың тәсілі ретінде жасанды ұрықтандыру мәселесі мемлекет тарапынан қолдау табуы керектігіне тоқталды. Негізгі мәселелердің бірі ретінде жемқорлықпен күрес жұмыстары Мемлекет басшысының Жолдауынан тыс қалмады. Адалдық, креативтілік, ашықтық мәселесі қашанда өзекті. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдерін енгізу және бұл мәселемен күреске қоғамды тарту керектігін баса айтты. Әрине, елімізде ақсап тұрған салалар бар. Бірақ әркім өз саласының нағыз маманы болса, бәрі реттелетін дүние, – деді Лескүл Нұсұпқұлқызы.

Облыстық полиция департаменті кадрлық саясат басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абзал Шырынбеков Мемлекет басшысы Жолдауда полиция қызметкерлеріне ерекше міндет жүктегенін, әсіресе учаскелік полицейлерді атап өткенін айтты. «Сала мамандарының жұмысына қатысты Жолдауда айтылған мәселе өте орынды. Мұнымен қоса, учаскелік полицейлердің дайындығын жіті бақылауда ұстаған жөн», – деді ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.