Валюталық нарық – бұл шетел валютасын сатып алу-сатуды жүзеге асыру кезіндегі байқалатын экономикалық қатынастар саласы.
Ішкі валюталық нарықта валюталық операцияларды жүргізудің жалпы тәртібі «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 02.07.2018 жылғы №167-VІ Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалған. Сонымен қатар ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 04.04.2019 жылғы №49 «Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» қаулысында тереңірек түсіндірілген.
Қазақстан Республикасының резидент және бейрезиденттері Жамбыл облысы аумағында екінші деңгейдегі банктер филиалдарының, «Қазпошта» АҚ және қызметінің айрықша түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалардың айырбастау пункттерінен шетел валютасын еркін түрде сатып алу және сату операцияларын жүргізе алады. 01.07.2020 жылғы жағдай бойынша Жамбыл облысының аумағында орналасқан айырбастау пункттерінің жалпы саны 91 құрады, ол 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 айырбастау пунктіне кем. Айырбастау пункттерінің басым бөлігі облыс орталығында орналасқан.
Жамбыл облысы бойынша 2020 жылдың 6 айында негізгі валюталардың түрлері бойынша қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларының көлемі туралы мәліметтер келесідей.
2020 жылдың есепті кезеңінде облыстағы айырбастау пункттерінің АҚШ долларын сатып алу және сату бойынша айырбастау операцияларының көлемі сәйкесінше 40 511 мың АҚШ долларын және 82 477 мың АҚШ долларын құрады. 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сатып алу көлемінің көрсеткіші 42 587 мың АҚШ долларын құрап, 4,8%-ға төмендеген, ал сату операциясының көлемі 81 098 мың АҚШ долларын құрап, 1,7%-ға артқан.
Есепті кезеңде еуроны сатып алу көлемі 7,7% артып, 2 223 мың еуроны құраса, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 063 мың еуроны құраған.
2020 жылдың 1 жартыжылдығында Жамбыл облысы тұрғындарының тарапынан Еуропа валютасына деген сұраныстың төмендегені байқалады, егер ағымдағы жылы айырбастау пункттерімен 5 716 мың еуро сатылса, 2019 жылдың сәйкес кезеңінде 7 036 мың еуро сатылған.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2020 жылдың 6 айында Ресей рублін сатып алудың көлемі (222 443 мың) 48,3%-ға кеміген, сатудың көлемі де (692 237 мың) 15,2% төмендеген.
Егер ЕДБ айырбастау пункттері АҚШ доллары, еуро және Ресей рублімен айырбастау операцияларын жүргізсе, уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері жоғарыда айтылған валюталардан басқа Қытай юанымен, өзбек сумымен және қырғыз сомымен де айырбастау операцияларын жүргізеді. Қырғыз сомымен айырбастау операцияларының басым бөлігін Қордай ауданында орналасқан уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері жүргізеді. Қырғыз валютасымен айырбастау операцияларының сату көлемі 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47%-ға едәуір төмендеп, 55 804 мың Қырғыз сомын құраған.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысының валюталық нарығындағы жағдай тұрақты түрде қадағалануда, тұрғындар арасында дүрбелең байқалмайды. Сондай-ақ айырбастау пункттері шетел валютасымен қажетті мөлшерде нығайтылған.
Лаура Налибаева,
ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының
валюталық операцияларды бақылау бөлімінің бас маман-экономисі