Қалалық қоғамдық-саяси газет

Веложолдар салынса, шайтан арба шаң қаптырады

0 202

Велосипедтің пайда болғанына 200 жылдан астам уақыт өткенімен, қолданыс аясы әлі де тарылмады. Әрине, оның бірден-бір себебі ыңғайлы, сапалы әрі қолжетімділігінде болса, екіншіден, денсаулыққа пайдалы тұсы тағы бар. Осы уақытқа дейін ғалымдардың сан түрлі жаңалықтары уақыттың өтуімен қажетке жарамай қалса, шайтан арбаның күні бүгінге жеткені таңдандырмай қоймайды. Адамзат тарихында алғаш пайда болған көлік құралы жайында деректер де аз емес. Миллиондаған адамның қозғалыс құралына арналған велосипедтің тарихы мен дамуының бүгінгі үдерісі бізді де толғандырды.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Ең алғаш қос дөңгелекті көлік неміс жерінде пайда болған деседі. Оны 1817 жылы профессор Карл фон Дрез ойлап тапқан. Бірақ бұған дейін Францияда 1808 жылы велосипед пайда болып, жүру бағытын басқаратын рульдің және басқыш педальдың болмағаны туралы ақпар бар. Соған қарап, профессор Дрез өнертабысына басқару жүйесін ойлап тауып, кейін өз атына рәсімдеп алған болар деген ойдың да туатыны орынды. Әрине, оны алғаш нақты кім ойлап тапқандығы жұмбақ күйінде қалса да, Дрез велосипедтің макетін жасап, кейін өзі жасаған механизмнің теңдессіз екенін дәлелдеп берген. Сөйтіп, ол бір сағатта 13 шақырымды бағындырып, адамның жүрісімен салыстырғанда әлдеқайда тез жүретін қозғалыс құралын ұсынған. Осыдан кейін-ақ оның құрылымы бүкіл әлемге жылдам тараған. Шайтан арбаны алғашқыда «жүгіруге арналған көлік» деп те атаған. Әрине, алғашқы велосипедтер ағаштан жасалғанын ескерсек, оның мүмкіндігі орасан болды деп айта алмаймыз. Сондықтан болар, велосипедтен орын алған қақтығыстар жиілеп кеткен. Оның үстіне халықтың жаңа көлікпен жүру мәдениеті қалыптаспаған әрі сол кездердегі қозғалыс құралының құрылымы да ойдағыдай болмаған. Сосын билік кейбір қалаларда велосипедпен жүруге шектеу қойған, тиісінше, халықтың жаңа құрылғыға қызығушылығы қалай артса, бірер жылдан кейін дәл солай төмендеген. Бірақ уақыттың өтуімен әлемге тарай бастаған велосипедтердің 3 және 4 дөңгелекті түрлері де шығарыла бастаған. Дегенмен екі дөңгелекті көлікті жүргізуге адамның аз күші жұмсалатын болғандықтан, оны әрі қарай дамыту мәселесі өнертапқыштардың назарынан тыс қалмады. 1839 жылы шотландиялық ағаш ұстасы Киркпатрик Макмиллан велосипедтің басқышын үздіксіз басып отыру арқылы жүргізуге болатын механизм ойлап табады. Кейін сол көлікті өзі тізгіндеп жүргенде жол апатына ұшырап, ол үшін айыппұл төлеген деген мәлімет бар. Ал ескі фильмдерден көріп жүрген алдыңғы дөңгелегі үлкен, артқы дөңгелегі кіші велосипедтер де осы кезеңдерде шыға бастаған. Міне, сол кезде көлік құралының басқышын айналдыра басу арқылы қозғалту механизмі пайда болып, оны тек қалтасы көтеретін бай манаптар ғана пайдаланған.

Велосипедтің даму кезеңіндегі ең үлкен өзгеріс 1880-1890 жылдары орын алған. «Ровер» деген атпен сатылымға шыққан көліктің ерекшелігі әрі қауіпсіздігі артқы дөңгелегі мен басқышының арасына шынжыр орнатудан кейін пайда болған. Кейін аталмыш компания кәнігі көліктер шығарумен айналысқан екен. Осы тың жаңалықтан кейін-ақ қолайлы көліктің басқару руліне қолмен тоқтататын тежегіш орнатылып, дөңгелектері мен қаңқасы жаңартылды. Велосипедтің осы нұсқасы бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Шайтан арбаның дамуы кемеліне жеткенін түсінген Еуропа елдері қос дөңгелекті көлікті шығаруды басты орыннан ала бастаған. Себебі көлік құралының танымалдылығы артып, енді пайда әкелмейтініне ғалымдардың көзі жете бастаған. Осыдан бастап-ақ Еуропаның дамыған елдері велосипедпен жүруді серуендеу үшін және денсаулыққа пайдалы деген түсінікпен қолданған. Міне, екі дөңгелекті көліктің қысқаша шығу тарихы осындай.

Елімізде велосипедпен жүруге жағдай жасалған ба?
Ағылшындар велосипед үстіндегі ұлт десек артық айтпаған болар едік. Тіпті кейбір қалаларында күнделікті оқу орнына, жұмысқа қатынайтын азаматтар велотұрақ таппай әуреге түсетін көрінеді. Бұл Ұлыбританияда үйреншікті жағдайға айналған. Тіпті онда велосипедті күнделікті жұмысқа қатынау үшін пайдаланатындар да аз емес. Бұдан бөлек, шұғыл қызмет түрлерінен полиция мен жедел жәрдемге қосымша күш болып отыр. Неге десеңіздер, кез келген уақытта халі нашарлаған тұрғындарға көмек көрсетуге және қылмыскерлерді құрықтау кезінде қуыс көшелерден, базар ішінен велосипедпен орағытып өтуге әбден болады. Ат үстіндегі елдің мәліметіне сүйенсек, жедел шақыртулардың 97 пайызына велодәрігерлер барады екен. Бұл – өте жақсы нәтиже.

Соңғы жылдарға көз жүгіртсек, өркениетті елдердің даму сатысымен ілесіп келе жатқан Қазақстанда веломания қарқын алатынға ұқсайды. Оған дәлел Астана, Алматы және Шымкент қалаларында арнайы жолдар мен велотұрақтар пайда болып, велосипедтер желісі жұмысын бастаған. Біздің өңірде де оқу орындарының төңірегінде велотұрақтар орнатылған, бірақ оны ешкім қажетіне жаратып жатқан жоқ. Бізде көбіне велосипедті тек серуендегенде ғана пайдаланады. Қанша дегенмен де елде төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта екі дөңгелекті көлікпен жүретіндердің қатары артқанға ұқсайды. Себебі азық-түлік дүкендеріне не жұмысқа күнделікті жеңіл көлікпен қатынау қалтаға ауырлық салады. Алдағы уақытта коронавирус пандемиясы елімізде тоқтағаннан кейін белсенді тұрғындар қос дөңгелекті тұлпарға қайта қона ма деген сауал туындайды. Алайда қала аумағындағы саябақтар мен орталықта велосипедті жалға беретін орындар болғанымен, веложолдар жоқ. Жаз мезгілінде жастардың көпшілігі екі дөңгелекті қозғалыс құралымен тек саябақтардың маңын айналшықтап жүретіні де содан.

Жалпы статистикаға сүйенсек, жер шарында әртүрлі мақсатта қолданылатын 1 млрд-тан астам велосипед бар екен. Оның 70 пайызы күнделікті қозғалыс құралы ретінде, 30 пайызы демалысқа, тек 1 пайызы ғана спорттық жарыстар үшін қолданылады. Алғашқы веложолдар Германияда 1920 жылдан басталған. Ал Данияда велосүйер әр адам жылына 900 шақырым жолды жүріп өтеді екен. Себебі ондағы тұрғындар күнделікті жұмыс пен дүкендерге де екі дөңгелекті көлікпен барады. Сондай-ақ Амстердамда халықтың 37 пайызы, Берлинде 13 пайыз, Мюнхенде 15 пайыз, Лондонда 2,5 пайызы жұмысқа велосипедпен қатынайды екен. Ал бізде ше, қала аумағында жұмысқа бару үшін велосипедін сайлайтындар некен-саяқ. Солардың бірі қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің дизайнері Анастасия Милькинаның жұмысқа екі дөңгелекті көлікпен қатынап жүргеніне де 2 жылға жуық уақыт өтіпті.

– Жұмысқа велосипедпен қатынау әлдеқайда тиімді. Тіпті автобуспен жүретін кезде сәл ертерек шығуыма тура келетін. Осы уақыт аралығында байқағаным, күнделікті осы көлік түрімен жүргеннің пайдасы зор. Әрине, әр нәрсенің жақсы жақтары болса, оның қарама-қайшы тұстары да болады. Кейде арнайы велотұрақ немесе бейнебақылау камералары жоқ жерлерге велосипедті қойсам, ұры-қарылар қолды етіп кетпей ме деген ой да мазалайды. Меніңше, қала аумағында велосипедпен жүру өте қолайсыз. Біріншіден, көшелерде веложолдар жоқ болса, екіншіден, тротуарлармен адамдар көп жүреді. Еркін жүріп-қозғалу қиын болып тұр, – дейді ол.

Жоғарыда айтқанымыздай, шайтан арбаның адам денсаулығына пайдасы зор. Оны тізгіндегендердің бұлшық еттері шынығып, төзімділігі артады, ішкі ағзасы, балтыр, тобығы қатар жұмыс істейді. Сондай-ақ екі дөңгелекті көлікпен жүріп артық салмақтан да арылуға болады. Адамзат тарихында алғаш пайда болған көлік құралы күні бүгінге дейін жаңарып отырған. Қазіргі таңда жас бала мен егде жастағы азаматтарға ықшамдалған велосипедтер бар. Өркениетті елдерде темір тұлпарлардың қозғалтқышы мен көлеміне қарай салық мөлшері арзан тимейді. Бізде велосипедті қозғалыс құралы ретінде пайдаланбаудың себебі де осы шығар. Десе де, еліміздің ірі қалаларынан бастау алған шайтан арба желісі Тараз қаласына да келсе екен деген тілек бар. Себебі велосипедпен жүру мәдениеті уақыт өте қалыптасатынына сенім мол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.