Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жеңістің 75-ші көктемі

0 200

Жеңістің 75 жылдығына орай қала әкімі Айтқазы Қарабалаев бірқатар Ұлы Отан соғысы ардагерлерін үйіне барып құттықтады.

Арайлым Бақытжанқызы
Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Жалпы бүгінде Тараз қаласында 33 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Мереке қарсаңында ардагерлердің әрқайсысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған құттықтау хаты мен 1 миллион теңгенің сертификаты және мерекелік сыйлықтар табысталды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қала тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Мүтәліп Ережепбаевтың шаңырағына барып, қарт майдангерді Жеңіс мерекесімен құттықтады. Айтқазы Қарабалаев бүгінде 95 жасқа келіп отырған қарияға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың мерекелік ыстық лебізін жеткізіп, лайықты құрмет көрсетті.
– Талас ауданынан 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Жеңістен соң әйгілі Брест қамалын қалпына келтіруге қатыстым. Елге оралған соң, Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде алғаш жауапты хатшы, кейіннен редактор болып қызмет атқардым. Талас ауданының Құрметті азаматы атандым. «Атақоныс», «Өлеңім – өмірім» және тағы да басқа кітаптарым жарық көрді. Ауданның, облыстың дамуы мен гүлденуіне кезінде өз үлесімді қостым. Бейбіт күннің 75-ші көктемінде маған сый-құрмет көрсеткен азаматтарға мың алғыс, – деген ардагер ақын Мүтәліп Ережепбаев жиналғандарға өзінің жазған өлеңін оқып берді.
Сондай-ақ өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа авторлық кітабын сыйлады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.