Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сәби тіліндегі Құдай – ол АНА!

0 292

«Ана – Құдайдың кішкентай сәбилер аузындағы аты» деген қанатты сөзді естігенім бар. Иә, сәбилер аузындағы Құдай – ол ана. Ал аналардың қанаты қашанда перзенті болып қала бермек.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Қыс. Қытымыр аяз. Төрт жасар ұлымды балабақшадан алып қайтып келемін. Қолғабымды үйде ұмыт қалдырып, кетіппін. Жаурағаннан қос қолымды кезек-кезек аузыма тосып, біресе қалтама салып келе жатырмын. Ұлым маған:
– Мама, неге қолғабыңызды кимейсіз? – деді.
– Үйде ұмытып кетіппін, – деп едім:
– Меніңкіні алыңыз, – дейді жәудіреп.
Мен қажетсіз екенін айтып, жүре бердім. Ұлым артымда мықшыңдап еріп келеді. Кенет ұлыма көзім түсіп кетті. Қып-қызыл болып кеткен кішкентай қолдарын ол да аузына тосып жаурап келеді.
– Қолғабың қайда? Неге шештің? – дедім.
Ол болса басын көтермеген күйі:
– Анамның қолы жаураса, менің де қолым жаурауы керек, – деді.
Ұлым тағы бірде бүкіл жануарларды атап, тізіп шықты да:
– Оларда жүрек бар ма? – деді тосыннан.
– Әрине, барлық жануарда жүрек бар, – десем:
– Адамда жүрек бар ма? – деп сұрады.
– Әрине! – деген жауабыма:
– Жоқ! Балаларын тастап кеткен аналарда жүрек жоқ! – деді жұлып алғандай…
Үш ай жазда ауылдағы ата-әжесінің қолында жүрген алты жасар ұлды қалаға алып қайттым. Жолай:
– Мен түнімен ұйықтамадым, – деді ол.
– Неге? – дегеніме:
– Бәрінің ұйықтағанын күттім. Сізді сағынып, солай жылап алу үшін, анашым, – деді.

Иә, баланың анаға деген махаббатының зор екенін мен сол сәт құйттай жүректің иесінен сезген едім. Ал осы перзентім дүниеге келерде дәрігерлер: «Ішіңізде бала емес, құбыжық жатыр. Алдыртыңыз», – дегенде ешкімді тыңдамай дүниеге алып келдім. Алайда ұлым екеуміз де кесір тілігінен соң ес жия алмай жан сақтау бөлмесінде жатып қалдық. Кейін менің жағдайым жақсарған соң кәдуілгі ортақ палатаға ауыстырды. Алайда қасымдағы аналар жаңа туған сәбилерін емізгенде, мен балаларға арналған жан сақтау бөлімінде жатқан ұлымды аңсадым. Ақыры дәрігермен келісіп, ұлымды көруге бардым.

Үлкен үстелдің үстінде тыныс алу аппаратында жатқан ұлды көргенде шошып кеттім. Аузы иттің тұмсығындай алдына шығып, алқызыл түске боялыпты. Дамылсыз діріл мен тоқтаусыз шырылынан құлақ тұнады. Дәрігер маған қарап:

– Үш күн болды, ұлыңыздың диагнозын таппадық. Не дірілі, не шыңғырғаны толастаған жоқ. Бәріне дайын болыңыз, – деді мұңайып.
Мен шапшаң теріс бұрылып, есіктен шығып кетуге оқталғаным сол, дәрігер қолымнан шап беріп ұстады да:

– Ұлыңызды қолыңызға алғыңыз келмейді ме? – деді.

– Болады ма? – деген сұрағыма жауап орнына мені төсекке отыруға икемдеді. Арқамды қабырғаға сүйеп, құндақтаулы ұлды қолыма ұстатты. Аузындағы тыныс алатын аппараты бір көтеріліп, бір басылып, дірілі мен шыңғырғаны үрей тудырды. Бірақ сыр бермеуге тырыстым. Іштей бәрінің жақсы болатынан сендім. Дәрігер мені ұлыммен оңаша қалдырып, сыртқа шығып кетті.

Домалақ жүз, толқын қара шашты, танауы білеудей болып ісіп кеткен ұлымның басындағы тақиясын шешіп, бұйра шаштарынан аялап сипай бастадым. Менің, яғни анасының жылуы бойына дарысын деген ниетпен маңдайынан, тамағынан иіскедім. Саусақтарымды мойнына салып аялай сипадым. Шекесі шып-шып терлей бастады. Менің де көзіме шық тұнды. Дірілі де дамылдағандай, тоқтаусыз шыңғырған дауысы да толастағандай сезілді. Менің де денем ысып, алпыс екі тамырым иіп, елжіреп кеттім. Тынысын жеңілдету үшін аузына киілген аппаратты жалма-жан ысырып жіберіп, омырауымды аузына тостым. Соңғы рет ышқына шыңғырған ұл ерніне тамып үлгерген сүттің дәмін алып, таңдайы жіпсігендей көрінді де, сәлден соң мәмесін солқылдата еміп кетті. Діріл, дауыс, селкілдеген қимыл-қозғалысының бәрі сап тыйылды. Балбырап, балқып еме бергені ғана есімде. Сол сәт ұлымнан өлімнің емес, өмірдің иісі аңқып тұрғанын ұқтым. «Жаным, күнім менің! Сен бәрін жеңіп шығасың! Сен мықтысың», – дедім елжіреп. Жұдырықтай ұлдың жүрегі менің сөздерімді естіп, анасының «айналайынынан» қуат алатынына сендім. Есік сықыр еткенде жалт қарадым. Көзінен жас парлаған дәрігер: «Айттым ғой! Ана махаббаты бәрін жеңеді деп! Міне, қараңдар», – деп басқа дәрігерлерге бізді көрсетіп жатыр екен. Олар таңданысын жасыра алмай: «Мынау кешегі ұл ма расымен? Анасы келгенін күткен екен ау», – деп жатты. Бұл ана мен баланың өмірінен алынған оқиғалар өз басымнан өткендіктен, мен шеше мен перзенттің арасында жіпсіз байланыс, берік һәм бітеу біртұтастық бар екенін ұқтым.

Бірде теледидардан ағайын-туыс, жалпы бір-біріне іздеу салған азаматтарды табыстыратын «Күт мені» хабары болып жатты. 25 жыл бойы шет мемлекетте ғұмыр кешкен орыс қызы өзінің биологиялық анасын іздеп, осы хабарға хат жолдапты. Сонда жүргізуші қызды көре сала: «Неге мысықтың суреті бар жейде киіп келдің?», – деген қызық сұрақ қойғаны бар. Кейін хабар барысында белгілі болғандай, қыздың анасы үйінде 40 мысық асырап отырған кейуана екен. Ол да хабарға мысықтың суреті бар жейде киіп келді. Міне, бұл да ана мен баланың арасындағы көзге көрінбес тылсым. Ол тылсым сонау баланың ана құрсағына біткен күні-ақ жалғасқан.
Күні бүгінде бала кезінде анасынан бір елі ажырамайтын балғындардың есейіп, ержеткен соң ас ішкен ыдысына түкіріп, қарттық жеңген ата-анасынан бас тартып жатқанын көз көріп жүр.
Бірде қарттар үйіне жол түсті. Сонда қарт әжейдің тап-тұйнақтай бөлмесінде қонақ болдым. Шифоньердің төбесінде тұрған үлкен әсем қуыршаққа көзім түскенде әжей:
– Бұл қуыршақты елу жыл бұрын қызыма сыйлаған едім. Көзінің тұсы қызымның көзінен аумайды. Ол – менің жалғыз қызым. Қатты жақсы көрдім. Мәпелеп өсірдім. Ол менсіз, мен онсыз ертеңімізді елестете алмаушы едік. Кейін қызым бойжеткен соң мені тастап, басқа қалаға кетті. Туған үйіне ат ізін салмады. Қуыршақ екеуміз қызымды күткенімізге жиырма жыл толды. Қазір тіпті қайда жүргенінен де бейхабармын. Тек мына хат жаныма медеу, – деп бір жапырақ қағазды қолыма ұстатты. Ол – «Мама, менде бәрі жақсы. Уайымдама» деген телеграмма еді…

Ана мен баланың бір-біріне суып кетуіне не себеп? Ақ сүтін аузына тосып, әлдиімен жұбатып, махаббат бесігіне бөлеген ана атты аяулы жанды ес біліп, етек-жеңін жинаған ересек бала қалай ұмытып кетеді? Немесе құрсағына біткен қызыл шақадан бас тартатын аналар кімдер? Ана мен бала арасындағы ғажап байланысты бұзған қай антұрған? Немесе мұндай жағдай бұл екі аяулының арасында қалай пайда болады?

Құрсағын жарып шыққан періштесінен бас тартып, балалар үйіне тастап кете баратындардың көбі – оң жақта отырып опық жеген жас аналар. Оң босағада жүкті болып, әке-шешесінен қорқып, елдің қаңқу сөзінен үркіп, осындай келеңсіз қадамға барады. Бұл жағдайда ертеңін ойламай, еркін қадамға барған екі жастың кінәсі зор.

Жетімдер үйіне де талай жол түсті. Онда жәутеңкөздер анасын күтіп, елеңдеумен күн кешеді. Бірде анасын іздеп, телеарнаға хат жолдаған қызға хабар жүргізушісі:
– Анаңды неге іздейсің? Ол сені құндақтаулы, сәби күніңде керек етпей тастап кеткен екен ғой? – деген сұрақ қойды. Сонда қыз:

– Мен өзім «мама» деп айтып, осы сөзді айтқанда баланың қандай күй кешетінін білгім келеді. Анамның иісі қандай? Мен кімге тартқанмын? Мамамның көздеріне ұзақ қарап, құшақтап, оны қалай жақсы көретінімді айтқым келеді, – деп жауап берген еді. Сонда студияға келген қыздың шешесі салған жерден:

– Бұл қызды мен тастап кетіп едім, енді мен бұны қайда алып кетемін? – деген еді…

Психологтардың пайымдауынша, үш түрлі ана болады екен. Бірі баласыз өмірін елестете алмайды, ол үшін жанын қиюға бар. Бала – оның ауасы. Екінші типтегі ана да баласын қатты жақсы көреді. Бірақ барлық айтқанын істеп, жолына құрбандыққа бара бермейді. Ал үшінші аналардың аналық инстинкттері ешқашан оянбайды. Міне, сол аналар қауіптірек-ау балаға…

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.