Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тау тұлға, нәзік жүрек

0 221

Фитнес – қашанда сұлулық пен сымбаттың бастауы, қайнар көзі. Қақпақтай жауырын, бұлшық еттің денеде бүлк-бүлк ойнауы, қуат артып, күштің асып-тасуы қандай ғанибет. Сұлу мүсін кімді болсын қызықтырмай қоймас. Қол, аяқ, буындардың мықтылығын, тән сұлулығын ойдағыдай жетілдіру үшін фитнес залында жалықпай жаттығу қажет.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

Журналистика – қалауыңды жасауға мүмкіндігі бар мамандық. Бұл жолы «Greyev Gym» фитнес залына бардық. Аталмыш фитнес орталығының бір ерекшелігі – мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар фитнеспен тегін шұғылдануына болады. Мұнда он жылдан аса фитнес-тренер болып қызмет еткен Ирина Шелинговскаяның салауатты ғұмыр салтына ғана емес, оның көшкен бұлттай ойнақшыған мүсініне қызыға да қызғана мән берген едік. Иринамен бірге түрлі жаттығу жасап, бір күнімізді тән сұлулығына арнап, бұл нәтижелі еңбектің, талмас қуаттың жемісі екеніне көзіміз жетті.
Біздің тренер Иринаның ерекшелігі – ол дене бітімін фитнес арқылы өзгерткені, талмай еңбектенгені сондай ер азаматқа ұқсап кеткен. Оның күші тасыған болмысы нәзікжанды әйелге мүлде ұқсамайды. Ал ол осыдан он жыл бұрын өзін кәдімгі әлсіз һәм нәзік болмысты әйел болғанын және фитнеске қалай келгенін күлімсіреп еске алды.
– Тағдырдың басыма салған қайғысын жамылып, өмірлік жолдасымнан айырылған азапты күндер еді. Күндерім көз жасыма ерік берумен, бақытсыздығыма лағынет айтумен өтіп жатқан. Сондай күндердің бірінде ұлым маған фитнес орталығына баруға кеңес берді. Сөйтіп, орталыққа келіп, таңнан қара кешке дейін спорттық жаттығулар жасап, бұлшық еттерімді дамытумен айналыстым. Бұл – ұзақ жылдардың, қайтпас қайсарлықтың жемісі. Денең ауырып, жүрек айнып, өзің қалаған нәтижеге қол жеткізу барысында түрлі қиындықпен бетпе-бет келесің. Өжеттікті, сыр бермес мінезді қажет ететін бұл сала маған оңайлықпен келе қоймады. Осы жолда қанша талып еңбек етіп қиналғанда, көз жасыма ерік бердім. Шаршадым. Қысылдым. Бірақ алдыма мақсат қойып, бәріне қол жеткізу үшін аянбадым. Бұрын банк қызметкері болғанмын. Бәрін тастап, тек осы фитнеске ден қойдым. Бүгінде көптеген жарыстарға қатысып, нәтижемнің жемісін көріп келемін. Жеңімпаз атандым. Бұл сала – өзім таңдаған қиындығы мен қызығы мол ерен жол, – деді Ирина.
Фитнес орталығына бұрын-соңды жолым түспеген екен. Спортқа лайықты киім киіп залға енгенде, тердің иісі бұрқ ете қалды. Бұл маңдай тер мен азапты һәм ләззатты жаттығулардың, тамшыдан құраған қуатының, талғамының жұпары еді…
Мұнда келу көбіне көпшіліктің ертеңге қалдырған ісі екенін о баста байқадым. Бірі үшін ол күн бүгін туса, екіншісі ертеңді сылтауратып жүре беруге әзір. Өзіңді жеңіп, жаттығуды бастау үшін не істеу керек? Фитнес залында тұнып тұрған тренажер темірдің қайсысынан бастаған дұрыс? Қандай қателіктер болуы мүмкін? Осы сауалдарымызға жауап іздеп көрдік.
– Мен өмірден өзімнің жолымды таптым. Фитнес – ол мен. Мені адамдар бұрыннан ерекше деп қабылдайтын. Иә, мен де өзімнің ерекше екенімді сезетінмін. Бұл сала сол өзгешелікті, ешкімге ұқсамауды, талапты болуды талап ететіндіктен, осы нәтижеге жеткізді. Менің ойымша, жаттықтырушының жұмысы әркімнің қолынан келе бермейді. Жақсы спортшы болу – жақсы жаттықтырушы болу дегенді білдірмейді. Жаттықтырушы ілім мен тәжірибеге ие болу керек, әрбір жаттығуға келген адамға жеке көзқарас қалыптастыра білу керек, – дей келіп, Ирина мен қалаған тренажерларды икемдеп, салмағыма орайластырып беріп тұрды.
Иықты шығаратын, білекке, қол бұлшық еттеріне, мойынға күш жинайтын алпауыт темір көп күшті қажет етеді екен. Оны «өзім итеремін, иығыма өзім қойып тартамын» дегенім күлкілі болып шықты. Мен оны орнынан қозғалта да алмадым. Ал жүгіретін кілемшені де іске қосқанда, әр сәт сайын оның жылдамдығын арттыруды қажет етеді екен. Оған да төзім әрі жылдамдық қажет. Әйтпесе, қалт кетсең, омақаса құлайсың. Қайта тұрып, қайта жүгіресің. Өмір іспетті. Сүрінген соң қайта тік тұрып, қайта жүруді, жүгіруді талап етеді. Құлаған жеріңе қайта беттей алмай, жараңды жалап, өзіңе, ауырып қалған жеріңе жаның ашып жатар болсаң, ол жерге беттемей-ақ қойғаның абзал.
Әрдайым алда, бәрінен мықты болуды көздесең ғана бәрін жеңесің. Иә, күреске, бірбеттілік пен сабырға толы ғажап дүниені спорт деп атауға лайық екеніне көзім жетті. Зілтемірді көтердім. Бір, екі, үш. Әрине, бірнеше рет көтергеніме мәз болдым. Алайда оны місе тұтпау керек. Тағы. Тағысын тағы. Ал ары қарай оның да салмағы ауырлай береді. Барған сайын зіл тартып, иыққа, қолға, білекке түскен күш еңсені езіп тастағандай. Әлдекім төбеңнен төмен қарай тартып жатқандай зіл-батпан. Алайда осы ауырлықтың азабына қарсы тұрып, барынша көтере білген адам ғана өмірдің жүгін беліне байлап, өрге қарай өрлей бермек.
Ең алдымен, өз бетіңмен жаттығу жарақат алуға әкеледі. Гантельді дұрыс таңдамау, тренажерлерді қолдана білмеу және шектен тыс көп немесе аз жаттығу әсерін бермейді. Әрине, жаттықтырушының саған берген мотивациясы және «соққысы» әрқашан пайдасын әкеледі. Көп адамдар жаттығу залына өздері келіп, білген жаттығуларын жасап жатады. Әрине, бұл – бір жеңіс. Дегенмен жаттықтырушының көмегіне жүгінген жөн. Өйткені әр саланың, мейлі ол бокс, фитнес, теннис болсын өз техникалары бар. Оны меңгеру үшін міндетті түрде жаттықтырушының көмегі керек.
Жалпы жаттығуды бір күн сайын жасап отырған дұрыс. Себебі ағза демалуы керек. Бір айдан кейін ғана көбейтуге болады. Арықтағысы келген адамдарға аптасына 5-6 рет дайындалса, көбірек жүгіріп, кардио жасаса, нәтижесі жақсы болады. Керісінше, толамын дегендерге аптасына 3-4 рет жаттығу жеткілікті екен.
Иринаны көбісі ер адам деп ойлап қалады. Себебі ол өзінің әйелге тән нәзіктігін жоғалтып, өзі қалаған нар тұлғалы «батырдың» болмысына ие. Оған фитнеске алғаш келушілер «аға, көмектесіп жіберіңізші» деп өтінетін көрінеді. Ол мұндай сөздердің алғашында ыңғайсыз естілгенімен, келе-келе құлағы үйренгенін, тек күліп жауап қататынын жеткізді.
Фитнес-тренер болу, қалыптасу – ол тау қопарған алып толағайдан кем емес. Ол – өзіңді жеңу, өзгені де жеңуге көмектесу. Ерекше болу, ерекшелікке еңбекпен қол жеткізу. Тістеніп, өршеленіп, биікке, тек биікке талпыну. Және ұзақ жылдар ғана жемісін беретін ерен ерлік.
Айнадан қарап тұрған алып қыз Ирина кетерімде күлімсіреп қолын ұсынды. Оның алақанының қуаты ғана емес, жанарының оты да сендік жүректегі отты тұтатады. Ол от – сенімнің шырағы. Ал сенім сені мықтылыққа, төзімділікке, қайраттылыққа жетелейді. Мен Иринадан сол шырақты алып, сөндірмеуге бел будым. Ол жолай менің өміріме де жарығын түсіреді деп сенемін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.