Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ата кәсіп – адал нәсіп

0 502

Бағзыдан бергі бояуын бұзбай, жаңа заман ағымына икемделіп, бүгінгі нәзікжандылардың бұлжымас қызығушылығына айналған ата кәсіп – тігіншілік. Таразда осы ежелгі кәсіпті жанына жолдас еткен арулар үшін «КӨРПЕ FEST» мегафестивалі өтіп, онда қолөнершілер үш күн бойы әйгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың тегін шеберлік сыныбына қатысты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Мегажоба Жамбыл өңірінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен жүзеге асқан шараның тараздық ісмерлер үшін тосынсыйы аз болған жоқ. Үш күн бойы 200-ге жуық ата өнерді өміріне азық еткен ақ жаулықты аналар мен жас қолөнершілер арнайы шеберлік сабағынан өтіп, фестиваль соңында өздерінің осыған дейінгі жасаған бұйымдарын әулиеаталық ұлттық өнерді бағалайтын жұртшылыққа сатуға мүмкіндік алды. Арнайы ұйымдастырылған көрмеде көпшілік әйгілі этнодизайнер, республикалық «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, «Аманат» сыйлығының құрметті елшісі, республикалық ақпараттық ағарту үгіт-насихат штабының жетекшісі Ырза Тұрсынзаданың шәкірттері мен ізбасарларының туындыларымен танысты.
Фестивальдің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп, ұлттық қолданбалы өнерді дамытудың, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін насихаттаудың маңыздылығына назар аударды.

– Көктемнің алғашқы күндері Халықаралық әйелдер күні мерекесін тойлаймыз. Бұл мерекеде барлығымыз өмір сыйлаған аналарымызға құрмет білдіреміз. Барлық жылылық мен мейірімділік сіздерге тән. Біз сіздердің алдарыңызда бас иеміз. «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен бүкіл әлемді тербетеді» деген дана сөз бар қазақта. Сіздер тек үй шаруасымен ғана емес, сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттай отырып, осы секілді сүйікті істеріңізбен де айналыса аласыздар, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев ұлттық нақыштағы көрпе жабдықтарын дайындау өнерін дамыта отырып, оны еліміздің түкпір-түкпірін аралап, барынша насихаттап жүрген Ырза Тұрсынзаданың зор еңбегін тілге тиек етті. Сонымен қатар бұл өнер түрімен біздің аналар мен әжелер соғыс пен ашаршылықтың ең ауыр жылдарында да айналысқандығына тоқталды. Бұл игі жоба көпбалалы және аз қамтылған әйелдерге өз кәсіптерін ашуға, олардың бойындағы бейімін дамытуға, сондай-ақ ұлттық қолөнер саласын кеңінен насихаттауға ықпал етері сөзсіз. Бұл ретте этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың еңбегі орасан. Ұлттық өнерді ұлықтап, қазақ әйелдерінің әдемі кәсібіне айналдыруға атсалысып жүрген этнодизайнер бұл жобаны әу баста алғаш қолдаған Бердібек Машбекұлы екенін айрықша атап өтті.
– Фестивальдің мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында халықтық қолданбалы өнерді дамыту. Жоба өткен жылы бастау алды. Өз ұсынысымызды айтқанда, алғаш болып қолдаған Бердібек Сапарбаев еді. Ол кезде Бердібек мырза еліміздің вице-премьері болатын. сондай-ақ фестиваль Нұр-Сұлтан, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Шымкент қалаларында өтті. Дайын өнімдерді сату көрмесін өңірлердегі кәсіпкерлер барынша қолдап жатыр. Бұл шараны және тегін шеберлік сыныбын ұйымдастырудағы көздегеніміз – ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын кеңінен тарату, сондай-ақ көпбалалы аналар мен жұмыссыз әйелдерді отбасылық бизнеске жұмылдыру. Мен біздің әйелдер өздерінің қажырлы еңбегі мен шығармашылық шабыты үшін лайықты ақы алғанын қалаймын, – деді Ырза Тұрсынзада.
«Аналар аманаты» атты тегін семинар-тренингтен басқа, жоба аясында үш кезеңнен тұратын байқау ұйымдастырылды. Бірінші кезең – этникалық инсталляция бойынша сайыс. Екінші кезең Ырза Тұрсынзаданың «YouTube» арнасындағы шеберлік сыныптарына қарап дайындалған бұйымдар бойынша, үшінші кезең заманауи стильге сәйкестендірілген ұлттық киімдер бойынша жүргізілді. Жамбыл облысының аудандары мен Тараз қаласының екі жүздей ісмер аруы осы шеберлік сыныбы мен сайысқа қатысып, өз өнерлерін үш күн бойы жалықпай жұртшылық назарына ұсынды. Гүлнар Абдуллаева ісмерлік кәсіппен 30 жылдан аса уақыт айналысып келеді. Киіз үй жабдықтары мен қыз жасауын әзірлеуді машық еткен аяулы ана бұл жоба туралы сыныптас құрбысынан естіп, бірден қатысуды ұйғарғанын айтады.
– Мұндай шаралар – кез келген қолөнер шебері үшін таптырмас мүмкіндік. Қолөнер – бір орында тұрмайтын кәсіп. Жыл сайын түрлі жаңалықтарымен таң қалдырады. Мысалы, бұрындары қыздарымыздың артынан жүк сандықтарын емес, қарапайым шабадан (чемодан) апаратынбыз. Кейін уақыт талабымен сәнді, қазақы жүк сандықтарына сұраныс арта түсті. Бұл фестивальде біз өзіміздің қиялымыздан туған ерекше үлгідегі дүниелерді көпшілікке көрсетіп, тәжірибе алмаса аламыз. Сондай-ақ тігіннің қыр-сырын білмейтін жас тігіншілер де осы шараға қатысып, өздеріне таңсық болған жаңа дүниелерді меңгереді. «Бәрін білемін» дегеннің өзінде әр шебердің өз құпиялары бар. Ырза замандасымыздың да жас қолөнершілермен бөлісері мол екеніне осы шарада куә болып, риза болысып жатырмыз, – дейді кәсіби тігінші.
Гүлнар Абдуллаева пікірлесу барысында қолөнерден табатын табысын да жасырған жоқ. Тігіншінің арнайы сауда нүктесі де бар екен. Айына кем дегенде 750 мың – 800 мың көлеміндегі қаржыны ине мен жіптің және асқан төзімділіктің көмегімен табатын ол бұл кіріс той маусымында 1 миллионға дейін жететінін де жасырмады. Қолөнер шебері бұл шараға жас ісмерлер арасынан шәкірт табу мақсатында келгенін тілге тиек етті.
Тоқтала кететін жайт, этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың қолынан шыққан бұйымдардың нарықтағы орташа бағасы – 65 мың теңге. Тараздағы көрме-жәрмеңкеде шараның қорытынды күнінде Жамбыл шеберлері дайындаған бұйымдар әлдеқайда төмен бағамен жастық 5 мың, көрпелер 25 мың теңгеден саудаланды.
«КӨРПЕ FEST» жобасының жабылу салтанатына да аймақ басшысы арнайы қатысып, нәзікжандыларды ұлттық өнерді дәріптеумен қатар аналар мәселесі қызып тұрған шақта ата кәсіпті табыс көзіне айналдыруға анық мысал бола алғандары үшін алғыс айтты.
Бердібек Сапарбаев фестивальдің жабылу салтанатында ұлттық өнерді дамытуға және қайырымдылыққа қосқан үлесі үшін кәсіпкер Туғанай Жолақоваға және «Дәмді себет» ЖШС-нің құрылтайшысы Алмас Төлтаевқа «Аманат» қоғамдық сыйлығын тапсырды. Облыс әкімінің Алғыс хатына Ырза Тұрсынзада, Майрагүл Махмұтқызы және Бақыт Қайратқызы ие болды. Үш күн бойғы тапжылмай тіккен көрпелер мен жастықтарды жәрмеңкеге шығарған ісмерлердің бұйымдары шара барысында кәсіпкерлердің үлкен қызығушылығын тудырды. Аймақ басшысы Бердібек Машбекұлының өзі алғашқы болып 10 құрақ көрпе сатып алды. Ізінше облыстың қоғамдық кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімов пен бірқатар азаматтар қолөнер шеберлерінің туындыларын арзан бағада алып, өзгелерге үлгі көрсетті. Шаһардағы бірнеше үлкен мейрамханалардың иесі Меруерт Лештаева – ұлттық өнер десе ішкен асын жерге қоятындардың бірі. Ол осы көрмеге арнайы келіп көпбалалы ана, жас ісмер Бекзат Усаеваның 10 құрақ көрпесін сатып алды. Меруерт Қаттабайқызы осы көрмеде 250 мың теңгеге сауда жасап, ата кәсіпті нәсіпке айналдырып отырған нәзікжандыларға ризашылығын білдірді.
– Мына құрақ көрпелер анамды есіме түсірді. Анам осыдан 20 жыл бұрын сіңілімнің жасауының екі құрақ көрпесін тігіп болып, үшіншісінің бел ортасына келгенде дәм-тұзы таусылып, арғы дүниеге аттанып кете барды. Мына көрпелерді көріп, бірден сатып алуды жөн көрдім. Бағасы да қолжетімді екен. Біз секілді кәсіпкерлер ата кәсіпті қолдап, осындай еңбекқор, күн демей, түн демей көз майын тауысып тігін тігетін апаларымыз бен аруларымызға қолдау көрсетуге тиіспіз. Ұлттық өнерге қолдау барда ол ешқашан ұмытылмайды, – дейді кәсіпкер.
Айта кету керек, аталмыш фестиваль аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жобаның нәтижесі ретінде, өңірдегі барлық колөнер шеберлерін бір жерде тоғыстыру мақсатында Ырза Тұрсынзаданың жобасына қатысқан ісмер арулар үшін жаңадан ашылған қолөнер орталығынан ақысыз алаң ұсынды. Жоба авторы аймақ басшысының бұл қолдауын зор ықыласпен қабыл алып, тігіншілердің басын біріктіріп, дәл осы күні ашылу салтанатын ұйымдастырды. «КӨРПЕ FEST» фестивалі соңында үш күндік шеберлік сыныбына қатысып, байқауда бақ сынап, ерекше көзге түскен 30 тігіншіге «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің ұлттық қолөнер технологиялары бойынша алғашқы курсын тәмамдағаны үшін арнайы сертификат табысталды. Ал 30 қолөнер шеберіне тігін машинасы тарту етілді.
– Бұл шара еліміздің түкпір-түкпірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында белсенді түрде ұйымдастырылып келеді. Күні кеше Түркістан облысында өтіп, онда кәсіпкерлер 3 миллион теңгеге сауда жасады. Бүгін жамбылдық кәсіпкерлер 2 миллионның саудасын жасап, мырзалық танытты. Бұл – үлкен нәтиже. Тегін жарнама, тегін алаң, жоғары деңгейдегі ұйымдастыру шаралары үшін мен осы фестивальдің ұйымдастырылуына мұрындық болған Бердібек Машбекұлына, белсенділік танытқан барша әулиеаталықтарға алғыс білдіремін. Біз, әйелдер шаңырақтың тұтқасын ұстап отырып-ақ қолымыздан келетін ісмерлікпен табыс таба аламыз. Бұл жоба аясында мен барлық қазақстандық аналарға осыны дәлелдегім келді. Осы ойымның өміршеңдігін фестивальге қатысқан 200-ден астам тараздық қыз-келіншек өз бұйымдарын сатып, бір күнде 100 мыңнан астам табыс тапқанда көз жеткізді деп ойлаймын. Біздің ұлттық бұйымдарымыз ел аумағында ғана емес, шет мемлекеттерде де үлкен сұранысқа ие. Сол себепті де өз өнеріміздің қадірін біліп, құтын қашырмауымыз керек, – деді жобаның авторы Ырза Тұрсынзада.
Өңір басшысы мен әулиеаталық қолөнер шеберлерінің лайықты бағасына ие болған жоба келесі жылы да Жамбыл топырағында жалғасын таппақ. Ол уақытқа дейін қыз-келіншектер өз бұйымдарын жаңадан ашылған ақысыз алаң арқылы кеңінен насихаттауға зор мүмкіндік алды. Нәтижесінде барлық ісмер, тігіншілердің жұмыстары бір алаңнан табылып, тараздықтарға бұрынғыдан да қолжетімді бола түспек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.