Қалалық қоғамдық-саяси газет

Болашаққа – жаңа серпінмен!

0 206

Бүгінде еліміздегі жетекші саяси құрылым болып табылатын «Nur Otan» партиясына 21 жыл толып отыр. 1999 жылдың 1 наурызында негізі қаланған партия еліміздегі салмақты саяси ұйымға айналды. «Nur Otan» партиясы жауапты саяси күш ретінде барлық қиындықтар мен сынақтарды халықпен бірге бөлісіп, еліміз үшін күрделі әрі өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдады. Ең бастысы, елдің баянды болашағына берік іргетас қалайтын басты құндылықтар қалыптасты. «Nur Otan» партиясының мерейтойына орай Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспановпен сұқбаттасып, филиалдың бүгінгі хал-ахуалын білген едік.

– Жанәділ Ағабекұлы, бүгінде партия құрамында неше мүше бар? Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын жариялаған болатын. Осы бағытта жұмыстар қалай атқарылуда?

– Қазіргі таңда партия Тараз қалалық филиалында 14105 партия мүшесін біріктіретін 44 бастауыш партия ұйымы бар. Негізгі міндетке келетін болсақ, партияның Жарғысы мен Саяси Доктринасына сүйене отырып жұмыс істейміз. Өткен жылдың 21 тамызында Елбасы, Партия төрағасы Н.Ә.Назарбаев партияның кеңейтілген Саяси кеңесі отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын жариялаған болатын. Міне, қазіргі партияның істейтін жұмысы да, алдағы бағыт-бағдары да осы бағдарламада көрсетілген және айқындалған міндеттерді орындау аясында болады. «Жеті серпін» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша филиалдың атқарған жұмыстарына тоқталар болсам, 2019 жылдың тамыз айынан бүгінгі күнге дейін 100-ге жуық көшбасшы азаматты партия қатарына қостық. Олар қазірдің өзінде белсенді жұмыс істеуде. Екіншіден, 1500-ге жуық партия мүшесін қатардан шығардық. Бұл ретте партияның ішкіпартиялық талап тәртібі мен партияның Этика кодексін сақтамағандары да бар. Үшіншіден, фракция жұмысын жандандыруды қолға алдық. Өткен жылы фракция жетекшісі жиі ауысты. Қазіргі таңда партияның Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының жетекшісі Самат Мырзалиев жұмысқа толығымен кірісті. Жыл соңында сайланғанымен 2 отырыс өткізіп, өзекті екі мәселені талқыладық. Оның бірі жалпы орта білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шаралары болса, екінші аумақтық дамыту бағдарламасының орындалуы туралы болды. Төртіншіден, партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген межелерді орындау мақсатында қазіргі таңда 2021-2025 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізіп, оған қаладағы өзекті мәселелерді әр жылға орындауға меже етіп қоюдамыз. Алдағы уақытта қаладағы өзекті мәселелердің шешілуі қашан басталып, қашан аяқталатыны нақтылануда. Бесіншіден, қазіргі таңда халықтың әр тобымен жұмыс жүргізуді қолға алдық. Біз көбіне арнайы мекемелер мен кәсіпорындардағы қызметкерлермен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалар болсын, басқа да партияның бағдарламалық құжаттарын талқылаймыз. Алтыншыдан, ақпараттық бағыттағы жұмысты нығайтуда биылға жылға медиа-жоспар белгілеп, бастауыш партия ұйымдары арасынан әлеуметтік желілерде сауатты жазып әрі тиімді ақпараттарды насихаттайтын және теріс пікірлерге жан-жақты жауап бере алатын пул жасақтадық. Жетіншіден, жастардың мәселесі көп-ақ, алайда сол мәселелерді көтеретін жастармен кері байланысқа түсетін көшбасшы керек. Өткен жылы қазан айында қалалық «Jas Otan» Жастар қанатының басшылығына Ерғали Әбуғалиді сайладық. Жұмысымыз жүйеленіп келеді. Әр саладағы жастармен байланыс орнап, олармен кері байланыс жасаудамыз.

– Өзіңіз айтып өткендей, филиалға қарасты 44 бастауыш партия ұйымы бар екен. Бастауыш партия ұйымдарының жұмысы қалай атқарылуда?

– Өткен жылы 53 бастауыш партия ұйымы болған еді. Осы жаңғырту бағдарламасы аясында бастауыш партия ұйымдарын қайта құрылымдадық. Партия мүшелерінің саны аз және басқа да салалық бағыттары бойынша бастауыш партия ұйымдарын біріктіріп, ірілендірдік. Сонымен қатар бастауыш партия ұйымдарының барлығының жұмыс кабинеттерін қайта жасақтадық. Арнайы стендтермен қамтыдық. Бұдан бөлек, бастауыш партия ұйымдарына түрлі тақырыптарға арналған семинар-тренингтер өткізуді қолға алудамыз. Әр бастауыш партия ұйымы өз аумақтарындағы түйткілді мәселелерді жұмыс кабинеттерінде азаматтарды қабылдап, мәселелерді көтеруде. Қазіргі таңда арнайы кесте түзілді. Онда қала әкімінен бастап барлық депутаттар, бөлім басшылары, қала әкімінің орынбасарлары сол бастауыш партия ұйымының кабинеттерінде қабылдау өткізеді. Бұдан бөлек, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар жалғасын табуда. Алдағы жоспар осы «Жеті серпін» бағдарламасы аясында болмақ. Яғни кадрлық резервке іріктеу мәселесі де тұр. Партияның мүшелері арасында нағыз көшбасшы азаматтар өз бағын осы іріктеуде сынайтын болады.

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Бұл орайда партияның қоғамдық қабылдауларына келетін халықтың саны көбеймесе, азая қоймағаны белгілі. Осы орайда қарапайым тұрғынның мәселесін шешу жолдары қандай деңгейде?

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді. Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікірді осы екі ауыз сөзге сыйдыруға болады. Бізді қуантатыны, айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оған мысалды көптеп келтіруге болады. Партияның қабылдауына келген азаматтар өздерін толғандырған мәселелерінің шешімін алуда. Мәселен, өткен жылы қоғамдық қабылдауға қайырылған 504 өтініштің 160-ы өз шешімін тапса, 344-іне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бағыттар айтылды. Қоғамдық қабылдаушылардың ішінде әкім және оның орынбасарлары, депутаттар мен мемлекеттік орган басшылары бар. Жыл басынан бері қабылдауға келген 76 азаматтың 10-ы өз мәселелерінің шешімін алды. Қалғандарына да заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Партияға қайырылған азаматтардың мәселесі қараусыз қалмайды.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұқбаттасқан Арайлым Бақытжанқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.