Қалалық қоғамдық-саяси газет

7360 адам онкодиспансерде есепте тұр

0 232

Адамның ең қымбат қазынасы – денсаулығы, оған немқұрайлы қарауға болмайды. Қатерлі ісікке тосқауыл қою үшін обырға әкеліп соғуы мүмкін деген ауруларды емдеу жұмысына аса көңіл аудару керек.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Еліміз бойынша өткен жылы 14060 ауру қайтыс болып, өлім көрсеткіші 100,0 мың адамға шаққанда 76,0 пайызды құраған. 2018 жылы 14369 адам қайтыс болып, өлім көрсеткіші 78,7 пайызды көрсетіп отыр. Жамбыл облысы бойынша өлім көрсеткішіне келсек, 2019 жылы 743 адам қайтыс болып, өлім көрсеткіші 66 пайызды құраған, 2018 жылы 813 адам қайтыс болып, өлім көрсеткіші 73,1% құрап, яғни 9,4%-ға төмендеген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлжан Тәйтелі онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте анықтау туралы кеңінен айтып берді.

– Халықаралық обырға қарсы одақ бастамасымен жыл сайын 4 ақпанда Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні аталып өтеді. Осыған байланысты еліміз бойынша 1-10 ақпан аралығында Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне арналған онкүндік өтуде. Онкологиялық аурудың алдын алу және ерте анықтау жөнінде Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні мен өткізіліп жатқан онкүндіктің мақсаты – онкологиялық аурулардың алдын алу шаралары, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, скринингтік тексеру кезінде онкологиялық ауруды ерте анықтау, онкологиялық сақтықты және өз денсаулығына жауапты қарым-қатынасты қалыптастыру туралы білім деңгейін арттыру арқылы онкологиялық аурудың ауыртпалығын төмендету жолдары туралы халықты ақпараттандыру. Статистикаға жүгінсек, облыста 2019 жылы обыр ауруының үлес салмағы бойынша өкпе қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан. Қазіргі таңда облыста 7360 онкодиспансерде есепте тұрады, емдеу шаралары аурудың түріне және оның сатысына қарай жүргізілуде. Тұрғындарға облыс орталығында 135 төсектік облыстық онкология диспансері және емханалар құрамындағы 20 онкологиялық, 21 маммологиялық кабинет қажетті медициналық қызмет көрсетуде. 2017 жылы қаңтар айынан бастап «Қант зауыты» аумағында 30 төсектік хоспис ашылды. Ол өз жұмысын жалғастыруда. Бұл жалпы ауыр жағдайдағы науқастардың тіршілігін уақытша жақсартуға арналған, – дейді Гүлжан Әбдіхалыққызы.

Қазіргі таңда обырға шалдыққан науқастардың 42 пайызы 65 жастан асқан адамдар болып отыр екен. Осыған байланысты оларды емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда обыр ауруына тексеру жұмыстары жалғастырылуда. Сондықтан 65 жастан асқан адамдар емханалардағы әйелдер мен ерлерді қарау кабинетінен тексеріліп өткені жөн.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.