Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білім саласында сапаны жақсарту – міндетіміз

0 277

Білім саласы қызметкерлері үшін биылғы жылдың ең басты жаңалығы – Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылданып, қолданысқа енгізілуі болғаны белгілі.

Заң педагог мәртебесін айқындайды, педагогтың құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейді. Қазіргі уақытта департаментпен педагог қауымы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында заңның талаптары бойынша жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Заңмен педагогтардың құқықтары жан-жақты қорғалған. Мұнда педагогтарды кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті немесе ақпаратты талап етіп алдыруға, ҚР заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейтіндігін атап өту қажет.
Сондай-ақ кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде педагогтың кәсіптік қызметті ұйымдастырудың тәсілдері мен нысандарын еркін таңдауға, кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуге және қажетті жағдайлардың жасалуына, ғылыми, зерттеу, шығармашылық қызметті жүзеге асыруға, бес жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттыруға, біліктілік санатының мерзімінен бұрын берілуіне, кәсіптік қызметіндегі табыстары үшін көтермеленуге, білім алушылар және олардың ата-анасы тарапынан ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрмет көрсетілуіне және тағы да басқа құқықтары бар.
Педагогтардың заңнамада белгіленген құқықтарының бұзылуына және құрметтемеушілікке жол берген лауазымды немесе жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген. Әкімшілік жауаптылыққа тарту департаменттің құзыретінде және педагог қызметкерлердің дәлелді шағымдары негізінде жүзеге асырылады.
Жалпы сапаға қызмет ету – бүгінгі күннің талабы. Департаменттің негізгі міндеттемелеріне меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы заңнамасының және білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жатады. Оның ішінде білім саласындағы ақпараттық түсіндіруді, білім беру ұйымдарында профилактикалық бақылауды жүргізеді, білім беру қызметін лицензиялау және білім туралы құжаттарға апостиль қоюды жүзеге асырады, білім беру процесін құру бойынша әдіснамалық көмек көрсетеді, азаматтардың білім саласына қатысты өтініштерін қарайды.
2020 жылдан бастап мекемеміздің атауы Жамбыл облысының білім саласындағы бақылау департаментінен Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті болып өзгерді.
Сапаны қамтамасыз ету мақсатында білім саласындағы өзекті мәселелерді талдап, ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жалғасын табатын болады. Атап айтқанда, апатты және үш ауысымдағы мектептердің жағдайына, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасына, білім алушылардың оқулықтармен қамтамасыз етілуіне, білім беру ұйымдарындағы қамқоршылық кеңестердің жұмысына, діни білім беру ұйымдарының қызметіне, Ұлттық білім беру деректер қорының толтыру сапасына мониторинг жасайды, жалпы орта білім беру ұйымдарында және жоғары оқу орындарында оқу жетістіктерін сырттай бағалауды ұйымдастырады және өткізеді.
Сонымен қатар бүгінгі күні департаментке балалардың құқықтарын қорғауға қатысты жаңа функциялар қосылды. Жаңа міндеттемелердің аясында бала асырап алу, қорғаншылық, қамқоршылық, балалардың қадағалаусыздығы мен панасыздығына қарсы іс-қимыл, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және профилактикасы мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
Білім беру ұйымдарында балалардың білім алуына, тамақтануына, тасымалдануына, демалуына, сауықтыру мен бос уақытының ұйымдастырылуына мониторинг жасайды. Мониторинг нәтижесінде анықталған ақпараттар бойынша балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынымдар жолдайды.

Дамеш Ускумбаева,
Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.