Тараз қаласының әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлы Қарабалаевтың «2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы» халық алдында есеп беру баяндамасының негізгі тезистері
2019 жылы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты көрсеткіштермен сипатталады. Оған бюджет кірісінің өсуі, жаңа әлеуметтік және басқа да нысандардың құрылысы, қылмыс деңгейінің төмендеуі, сонымен қатар басқа да көрсеткіштердің өсуі ықпал етті.
Өткен жылы бұрынғы «Атшабар» аллеясы «Жастар аллеясы» болып өзгертіліп, аталған аллеяда «Білім», «Қарахан – Айша бибі» стелалары және заманауи су бұрқақтары орнатылды. «Жеңіс» саябағында «Даңқ» залының құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. «Көне Тараз» тарихи кешенінде өлкетану мұражайының, көрме павильонының, «Руханият» орталығының, көркемдік бейнелеу өнері, қолөнер шеберлері галереясының және «Ретро-фестиваль» амфитеатры және биіктігі 40 метрден тұратын «Сағат» стеласының құрылыстары аяқталып, облысымыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілді.
Жалпы өткен жылдың негізгі қорытындыларының толық көрсеткіштері және алда тұрған міндеттер мен мақсаттар төмендегідей.
Өнеркәсіп
Алдын ала есептеулер бойынша 2019 жылы өнеркәсіп кәсіпорындарымен 277,5 млрд теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 102,2%-ды құрайды деп болжануда. Өткен жылмен салыстырғанда 37,3 млрд теңгеге артық өнім өндірілген.ъ
Өндірілген өнім құрылымында өнеркәсіп салаларының көрсеткіштері төмендегідей қалыптасты.
Өнім өндіру көлемін ұлғайтқан кәсіпорындарды атап өтсек: «Керамик ивест» ЖШС – 2,2 есе, ЖЗМК «Имсталькон» ЖШС – 1,9 есе, «Полиэитилен-Агро» ЖШС – 1,5 есе, «Казфосфат» ЖШС – 1,3 есеге өнім өндіру көлемдерін ұлғайтқан.
Халықтың жан басына шаққандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 775,5 мың теңге болып қалыптасты (2018 жылы – 669,8 мың теңге).
Ауыл шаруашылығы
Алдын ала болжам бойынша есепті кезеңде ауыл шаруашылық саласында 8,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,0 пайызды құрайды деп болжануда. Осы саланың ішінде мал шаруашылығы бойынша 1,4 млрд теңгеге, өсімдік шаруашылығы бойынша 6,6 млрд теңгеге өнім өндіріледі деп күтілуде.
Жалпы сүт өндіру 5,5 мың тоннаға жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 0,1%-ға, ет өндіру 452 тоннаға жетіп 8%-ға, жұмыртқа 1,9 млн данаға жетіп, 18,7%-ға артып отыр.
Қазіргі таңда қала аумағында ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеуші 98 цехтар мен кәсіпорындар жұмыс істеуде. Оның ішінде шұжық өндіретін цехтар – 27, сүт өңдеуші кәсіпорындар – 5, кондитерлік цехтар – 23, шағын наубайханалар және цехтар – 27, ұн өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар – 4, квас және түрлі сусындар шығаратын цехтар – 2, тұшпара шығаратын цехтар – 4, қымыз цехы – 1, корей салаттарын шығаратын цехтар – 2, пісте цехы – 1, халва цехы – 1. Аталмыш цехтар мен кәсіпорындарда жалпы саны 2158 адам жұмыс атқарады.
Жылыжай шаруашылығы бойынша қалада 0,87 га құрайтын жер телімінде «Рамазан» шаруа қожалығы төрт ауысымда айына 15-18 тонна қияр өнімін өсіруде. Аталған шаруа қожалықта 5 адам тұрақты, 8 адам маусымдық жұмыс атқарады.
Индустрияландыру
Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 35,5 млрд теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылып, онда 1861 жұмыс орындары құрылды.
Ал 2015-2019 жылдар арасында, яғни индустрияландырудың екінші кезеңінде 20 млрд 124,5 млн теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып, 360 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Сонымен қатар 2020 жылы жалпы құны 22 млрд 600,0 млн теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 519 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда.
- «Ekojer» ЖШС – «Қоқыс өңдеу зауыты» жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жалпы жобаның құны 17 млрд 500,0 млн теңге.
- «СП-Тараз PET» ЖШС-нің қолданыста болған пластикалық бұйымдарды қайта өңдеу бойынша зауыт салу жобасы іске асырылуда. Жоба құны – 3,9 млрд теңге. Жобаның қуаттылығы – 6,0 мың тонна, ашылатын жаңа жұмыс орындары – 64 бірлік.
- «TARAZLNG» ЖШС сұйытылған табиғи газды өндіру. Жобаның құны – 891,0 млн теңге. Жобаның жылдық қуаттылығы – 18000 тонна. Жоба бойынша 50 жаңа жұмыс орындары ашылады.
- «Дәмді себет» ЖШС «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіру» жобасын іске асыруда. Жоба құны – 320,0 млн теңге, жылдық қуаттылығы – 2160 тонна ұн өнімдері, 105 жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.
- «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС «Ферроқорытпа өндірісі мен шикізат базасын кеңейту және әртараптандыру (2-кезең)» жобасын іске асыруды көздеп отыр. Жобаның жылдық қуаты – 300,0 мың тонна ферроқорытпа. Құны – 29,0 млрд теңге. Жоба бойынша 300 жаңа жұмыс орындары ашылады.
Сауда және шағын, орта бизнесті дамыту
Алдын ала болжам бойынша 2019 жылы көтерме сауда тауар айналымы 191,3 млрд теңгені немесе нақты көлем индексі 103,0%-ды құрап отыр. Ал бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 226,5 млрд теңге немесе нақты көлем индексі 100,6%-ды құрап отыр.
Халықтың жан басына шаққанда бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 632,9 мың теңгені құраса (2018 жылы – 612,0 мың теңге), көтерме сауда тауар айналымы 534,7 мың теңгені құрады (2018 жылы – 436,5 мың теңге).
Қалада қазіргі уақытта 34 379 кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде 28 028 жеке кәсіпкер, 156 шаруа қожалықтары, 6166 шағын және 29 орта кәсіпорындары бар. Тіркелген субъектілердің ішінде жұмыс істейтіндері 27 712 бірлікті немесе 80,6%-ды құрайды. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер – 21 496, шағын кәсіпорындар – 4058, орта кәсіпорындар – 29 және шаруа қожалықтары 129 бірлікті құрайды.
Шағын, орта бизнес субъектілерімен өндірілген өнім көлемінің үлесі 168,4 млрд теңге болып, жалпы өнеркәсіп кәсіпорындарымен өндірілген өнімнің 60,7%-ды құрап отыр (2018 жылы – 183,9 млрд теңге немесе 76,5%).
Жалпы мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 23,2% немесе 9 млрд 852,2 млн теңгені құрады (2018 жылы – 25,1% немесе 8,9 млрд теңге). Оның тек қала бюджеті бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 22,1% немесе 3,3 млрд теңгені құрады (2018 жылы – 25,3% немесе 2,8 млрд теңге).
Инвестиция
2019 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 76,5 млрд теңгені немесе нақты көлем индексі 105,6%-ды құрады. Көрсеткіштің өсуі жоғарыда аталған индустриалдық жобалардың, бюджеттік инвестициялық жобалар және басқа да бизнес жобаларының жүзеге асырылуына байланысты қамтамасыз етілді.
Инвестициялардың жалпы көлеміндегі шаруашылық субъектілерінің өзіндік қаражаттары 34,2 млрд теңге немесе үлесі 44,7%, бюджеттік салымдар – 39,4 млрд теңге немесе 51,5%, банктерден несиелер және басқа да қарызға алынған қаражаттар – 2,9 млрд теңге немесе 3,8%.
Халықтың жан басына шаққандағы негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 213,8 мың теңгені құрады (2018 жылы – 193,9 мың теңге).
Бюджет
2019 жылы мемлекеттік бюджетке 49,0 млрд теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 104,5%-ға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджетке 15,5 млрд теңге және жергілікті бюджетке 33,5 млрд теңге түскен. Жергілікті түсімдердің ішінде облыстық бюджет 15,6 млрд теңгеге немесе 106,4%-ға, ал қалалық бюджет 17,8 млрд теңгеге немесе 112,2%-ға орындалды.
Қала бюджетінің шығыс бөлігі трансферттерді қоса есептегенде 81,6 млрд теңгені құрап, 99,9%-ға игерілді.
Құрылыс және тұрғын үй құрылысы
Есепті кезеңде Тараз қаласында құрылыс жұмыстарының көлемі 48,9 млрд теңгені немесе нақты көлем индексі 107,0%-ды құрап отыр.
Өткен жылы бюджет есебінен жалпы сомасы 32,3 млрд теңгеге 100 нысанның құрылысын жүргізу қарастырылған, оның ішінде 38 нысанның құрылысы 2020 жылға өтпелі.
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында төмендегі жобалар жүзеге асырылуда:
- Кирпичник, Қант зауыты және Барысхан аумағындағы алқаптарын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Саңырақ батыр көшесінен Сорокин көшесіне дейінгі Байзақ батыр көшесінің бойындағы су тартқыштың құрылысы және 8,9,10,11 мөлтек аудандарын, «Көктем» алқабын үздіксіз ауыз сумен қамту үшін Ы.Дүкенұлы көшесіндегі екі су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде;
- «Шалғай Қарасу» алқабының Молдарбеков көшесі, Молдарбеков көшесінің 2-ші бұрылысы, Центральная көшесі, Центральная көшесінің 1-ші бұрылысы су жүйелерінің құрылысы бойынша «Тараз Су» КМК-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 150,0 млн теңге қарастырылып, 2020 жылы аяқтау көзделуде;
- «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабының жолдарына қиыршық тас төсеу жұмыстары да 2020 жылға өтпелі болып табылады.
Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында төмендегі жобалардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтсақ: - «Барысхан» алқабын электрмен қамтамасыз ету;
- Ағымды жылы 4-ші Тараз энерго орталығынан басталатын М-2-ші және М-4-ші жылу магистральдерін қайта жаңғырту;
- «Арай» көпқабатты тұрғын алқабының жолдары мен тротуарлары, сыртқы жарықтандыру, арық желілерінің құрылысы, тұрғын үй алаңшаларын абаттандыру;
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Сүлейменов көшесінің соңындағы 15-ші мөлтек ауданда егжей-тегжейлі жоспарға сәйкес 265,6 га аумақта 5 қабатты 113 және 9 қабатты 20 тұрғын үй салынатын болса, қалған 96,4 га аумақта 669 жер телімі жеке тұрғын үй құрылысы үшін жоспарлануда. Алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда.
Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 19 тұрғын үй пайдалануға берілсе, 80 және 60 пәтерлі 16 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 7-і ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Аталған бағдарлама аясында «Автобекет» аумағындағы 100 гектарда болашақта соғылатын 14-ші мөлтек ауданда 5 460 отбасына арналған 9 және 12 көпқабатты 49 тұрғын үй жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған алқап газ және байланыс желілерімен қамтамасыз етілсе, жылумен қамту жұмыстары 2020 жылы аяқталатын болады. Жалпы инженерлік инфрақұрылымдарының құрылыс жұмыстарын 2021-2022 жылы толығымен аяқтау жоспарлануда.
2019 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 284,5 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 117,0%-ды құрады.
Есепті кезеңде қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 18 565 адам болып отыр. Мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезек тізіміне тіркелген азаматтарға 2019 жылдың мамыр айында 140 пәтер берілді. Оның ішінде 65 көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етілді.
Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта жоғары тұрған бюджеттер есебінен жартылай арендалық және жартылай аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 80 пәтерлі арендалық 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның өткен жылдың қараша айында 4-і пайдалануға берілсе, 1-і 2020 жылға өтпелі болып табылады. Бұдан бөлек, есепті кезеңде 15-ші мөлтек ауданда 80 пәтерлі 10 несиеге берілетін тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ аталған алқапта, жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен 60 пәтерлі 11 кредиттік үйлердің құрылыстары жүргізіліп жатса, оның 3-і 2019 жылы аяқталып, ал қалған 8 үй 2020 жылға өтпелі болып табылады.
Бұдан бөлек, кезекте тұрған көпбалалы аналарға арналған «Арай» тұрғын үй алқабы мен «Қарасу» мөлтек ауданында 45 пәтерлі 8 шағын жатақханалардың құрылысы басталса, өткен жылы 4 жатақхана пайдалануға берілді, ал 4 жатақхана 2020 жылға өтпелі.
Ал 96,4 га аумақта жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында жер теліміне кезекте тұрған азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін 414 жер телімі берілсе, ал «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке инвесторлардың тарапынан бірыңғай сәулеттік стильдегі үйлерді салуға 255 жер телімі дайындалған. Бүгінгі таңда 255 жер теліміне құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 4 мердігермен келісімшарт жасалып, 36 коттедждік үйлердің құрылысы аяқталып, 20 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы жеке тұрғын үйлер жол, су және газ желілерімен қамтамасыз етілсе, электр желілерімен қамту бойынша ЖСҚ-ы сараптамадан өтіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жоғары тұрған бюджетке ұсынылатын болады.
Есепті кезеңге жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін алуға 72 250 азамат кезекте тұр. Осы мақсатта жер кезегінде тұрған азаматтарға алдағы уақытта жер телімдерін беру үшін 4 алаң дайындалуда.
Олар Асқаров көшесінің соңында, «Хамукат», «Қарасай», «Құмшағал» және «Шалғай Қарасу» алқаптарындағы 932,6 гектар, бұл жерде барлығы 3752 кезекте тұрған азаматтарды жермен қамту жоспарлануда. Алқаптарда инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу қала бюджетінен іске асырылып жатса, құрылыс жұмыстарын жүргізу жоғары тұрған бюджеттер есебінен жүргізу көзделуде.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы
Тараз қаласы бойынша бүгінгі күні 4 негізгі бағыт бойынша (ТКШ, қауіпсіздік, білім беру, көлік) жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағыттардың бірі «Open-Akimat» форматында, бір мезетте түрлі мәселелердің шешіміне «бір терезе» қағидасымен сапалы қызмет көрсету мақсатында қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы және жер қатынастар бөлімдері Жүнісәлиев көшесі, №1 мекенжайға орналасып, жұмыс істеуде.
Сондай-ақ «Жәрдем» – 109 бірыңғай диспетчерлік коммуналдық қызметі орталығын ашу бойынша бүгінгі күнге Төле би даңғылы, №35 мекенжайында 2-ші қабаттағы 248 шаршы метрді құрайтын тұрғын емес жайдан ашылды.
Ал білім саласы бойынша №41 мектеп-гимназиясында оқушылардың сабаққа келу және үйлеріне қайту мерзімдерін тіркеп отыратын «Қауіпсіз мектеп» жобасы енгізілді, 16 мектепте бейнебақылау жүйесі жаңартылды. Қаладағы 41 мектепте Wi-Fi сымсыз ғаламтор желісі орнатылса, 5 мектеп робототехника кабинеттерімен қамтылды. Бұдан басқа, облыс орталығында республикалық деңгейде алдыңғы қатарда саналатын «Тараз-Hab» IT-мекемесі 4 мектепке (№5, 45, 51, 54) IT-кабинетін жабдықтау жұмыстарын бастады. Сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік мектебі» АҚ-ның базасында 67 информатика мұғалімін бағдарламалау, робототехника, 3D модельдеу бойынша оқыту және кәсіби дамыту, мектептерге 706 дана компьютер және мультимедиалық техникамен жабдықтау, мектепке дейінгі білім мекемелеріне кезекке қою мен жолдама беру қызметін автоматтандыруды іске асыру, фото және бейнежазу жүйесін және мектеп асханаларында қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу, виртуалды және толықтырылған шындық зертханасын ашу, 2019-2020 оқу жылдарында 4-сыныпқа «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негіздері» пәнін енгізу жоспарлануда.
Бұдан басқа, кітапхана оқырмандарымен бірлесе шығармашылық іс-әрекет жасау мақсатында М.Шолохов кітапханасынан «Коворкинг» орталығы ашылды.
Бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру жолымен электронды картасын жүйелендіру басталады.
Көлік саласын цифрландыру бойынша қаладағы жолаушылар маршруттарын үздіксіз қозғалыс кестелерінің және жылдамдық режимдерінің сақталуы үнемі қадағаланып отыратын online режимінде GPS-навигациялау taraz-bus.kz сайты жетілдірілді. Сонымен қатар 2020 жылы 43 бағыттағы 670 қоғамдық көлікке электронды билеттендіру құрылғысын енгізу жұмыстары басталатын болады.
Абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық
Есепті кезеңде 27 дана қураған апатты талдар түбінен және 11 086 ағаштың қураған бұтақтары кесілсе, 298 тал ағаштары балақталды.
Бұдан бөлек, қала көшелерінің бойындағы 11640 талдар әктелсе, 2004 электр бағаналары, 170 гүл сауыттары, 396 қоғамдық орындықтар, 290 қоқыс тастайтын жәшіктер, 200 мың шаршы метр аялдамалар және 4836 шаршы метр қоршаулармен турникеттер сырланды. Автокөліктермен көше бойындағы 5240 текше метр тұрмыстық қатты қалдықтар және 3040 текше метр кездейсоқ күл-қоқыстар шығарылса, 5,8, мың шаршы метр жер қолмен тазаланды.
2019 жылы Төле би даңғылының бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер (Арбат) аймағы мен аллеясы, «Тараз-Арена» кешенінің маңындағы «Даңқты спортшылар» аллеясы абаттандырылды.
Қаланы көркейту және туризмді дамыту мақсатында 2019 жылы бірнеше жаңа нысандар пайдалануға берілді. Олар: «Жеңіс» саябағының маңында «Даңқ» залының, «Көне Тараз» этнотарихи кешенінің маңында өлкетану мұражайының, «Ретро-фестиваль» амфитеатрының, көрме павильонының, көркемсурет галереясының, қолөнер шеберханалар орталығының, «Руханият» орталығының және сағат стеласының құрылыстары.
Сонымен бірге бұрынғы «Атшабар» аллеясы «Жастар аллеясы» болып өзгертіліп, аталған аллеяда «Білім», «Қарахан – Айша бибі» стелалары және заманауи су бұрқақтары орнатылды. Бұдан бөлек, 2020 жылы жаңа 15-ші мөлтек ауданның 40 га құрайтын орталығын абаттандыру мен Оқушылар сарайы, Неке қию сарайы, Салтанат сарайы, жеңіл атлетика манежі және гимнастикалық спорт кешенінің құрылыстары басталатын болады.
Қаланың сыртқы жарықтандыру жүйесін модернизациялауды іске асыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жоспарланып отыр.
Аталған жобаға мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Everlight Alto» Консорциумы әріптес болуға ниет білдіріп отыр.
Бұдан басқа, қаланың 99 қиылысындағы жол белгілері мен бағдаршамдардың бағаналарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағаналарда қосымша уақытты кері есептегіш және көше атауларын бағыттайтын белгілер орнатылатын болады.
2019 жылы ирригация жүйелерін тазалау жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Атап айтқанда, Саңырақ батыр көшесінен Байзақ батыр аралықтағы дренаждық каналының 1700 метр арнасы, Ы.Дүкенұлы көшесінен Байзақ батыр көшесіне дейінгі Әшімбаев көшесі бойындағы «Қарасу-2» каналының 980 метр арнасы және Асқаров көшесінен «Бурыл» стансасына дейінгі аралықтағы «Қапал» каналының 650 метр арнасы механикалық тазаланды.
Тұрғын үй шаруашылығы
Жалпы Тараз қаласы бойынша тұрғын үй қорына кіретін 1298 көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардың кондоминиум нысаны ретінде 1015 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген немесе 88,5%-ды құрайды.
Қазіргі таңда қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлерге 939 жалпы үйлік жылу есептегіш құралдарды орнатуды қажет етсе, бүгінгі күнге оның 874 құралы орнатылды немесе 93%.
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының тұрғын үй қорын қайта жаңғырту тетігі бойынша 2019 жылы қала бюджетінен 645,5 млн теңгеге 24 үй және қайтарым қаражат есебінен 5 үй, яғни 29 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету
Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі 5,8%, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 25 904,0 теңге, орташа номиналды айлық жалақы 130 663,0 теңгені құрады.
2019 жылы 5,4 млрд теңгеге 11 025 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді, оның ішінде 2871 отбасына 134,0 млн теңгеге тұрғын үй көмегі, 8154 отбасының 43 095 адамына 5,3 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалып төленді.
Жыл басынан бері белсенді жұмыспен қамту шараларымен 8199 азамат қамтылды, оның ішінде мемлекеттің қолдауынсыз бос орындарға 6018 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 43 адам, жастар тәжірибесі бойынша 333 адам, қоғамдық жұмыс орындарына 761 адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бойынша 1044 адам орналасқан. Осы жұмыспен қамтылғандардың ішінде 3003 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.
Аталған шаралардың ішінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 273,2 млн теңге қаржы қарастырылып, 1687 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, есепті кезеңде 1867 адам қамтылды немесе 110,6%-ға орындалып отыр.
Бағдарламаның қысқа мерзімді кәсіптік оқыту тетігі бойынша есепті кезеңде сұранысқа ие 32 мамандық бойынша 1044 адам кәсіптік курстарға жолданды.
Шағын несиелендіру бойынша бүгінгі күнге екінші деңгейлі банктерге 33 азаматқа 576,6 млн теңге қарастырылды.
Жастар тәжірибесі тетігі бойынша өткен жылы 333 жас маман жолданды. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орнына есепті кезеңде 43 адам жолданды.
Уәкілетті жұмыспен қамту органына ресми түрде жұмысқа орналасуға 7274 адам өтініш білдірсе, оның 5808 адамы жұмыспен қамтылды немесе 79,8%.
Денсаулық сақтау саласы
Өткен жылы Тараз қаласы халқының табиғи өсімі 7 431 адамды құрады немесе 9 161 нәресте дүниеге келіп, қайтыс болғандар саны – 1730 адам. Бүгінгі күнге халық саны 357 827 адамды құрайды.
Қаладағы медициналық мекемелерде дәрігерлер саны 1 767 бірлікті құрайды. Орташа медициналық қызметкерлер саны 6 061 бірлікті құрайды.
Өткен жылы 1 ана өлімі тіркелген (2018 жылы – 1 оқиға). Нәресте өлімі 74 оқиғаны құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,0%-ға өсіп отыр (2018 жылы – 54 оқиға).
Есепті кезеңде туберкулезбен ауырғандар саны 178 адамды құрап, одан 7 адам қайтыс болған (2018 жылы – 220 адам туберкулезбен ауырып, 9 адам қайтыс болған).
2019 жылдан бастап 200 орындық облыстық онкологиялық диспансердің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаның жалпы құны 12,9 млрд теңгені құрайды. Нысан 2021 жылы пайдалануға берілетін болады.
Білім саласы
Қаладағы жалпы білім беретін күндізгі 60 мектеп пен 1 кешкі мектебінде жалпы 74 277 бала білім алуда. Өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны 3264 балаға өскен (2018 жылы – 71013 бала). Сонымен қатар 171 мектепалды даярлау сыныптарында 3372 бала оқуда. Мұғалімдер саны 6182 бірлікті құрайды.
Өткен жылы жалпы 2444 мектеп бітіруші түлектің 1346-сы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты немесе 61,8%. Тестілеу қорытындысы бойынша мектеп бітірушілердің орта балы 99,0 құрады (2018 жылы – 84,3 балл). Қалалық мектептер арасында үздік көрсеткішті №8 гимназияның түлегі – 137 балл алған, 130 балдан жоғары алғандар – 27 түлек, 100 балдан жоғары алғандар – 529 түлек. Қалада 64 мемлекеттік және 68 жеке меншік мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызмет атқарады, онда 20 047 бала тәрбиеленуде. Жалпы мектепке дейінгі мекемелердің ішінде 68 жеке меншік ұйымдарында 7779 бала тәрбиеленуде немесе 38,8%.
1 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 79,4% болса (2018 жылы – 79,2%), 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды қамту 100%-ды құрады (2018 жылы – 98%).
Мәдениет, спорт және жастар саясаты
Тараз қаласында жүйелі түрде спортпен айналысушы азаматтар саны 107 мыңнан астам адам болса, бұл қала тұрғындарының 29,9%-ын құрап отыр.
Қалада спорт саласын дамыту мақсатында 2019 жылы спорт алаңшаларын қайта құру, қалпына келтіру және құрылысы бойынша жол картасы дайындалып, жұмыстар жүргізілуде. Жалпы іске асырылатын 47 алаңша. Олар:
- Бюджет қаражаты есебінен ашылған алаңшалар: «Қант зауыты» тұрғын алқабындағы Жауғаш батыр көшесі және «Дорожник» тұрғын алқабындағы жасанды төсеніші бар кіші футбол алаңшалары, 1 «Street Workout» алаңшасы «Қарасу» мөлтек ауданы «Балауса» аула клубының маңында және 3 бірлік «Street Workout» («Қарасу» мөлтек ауданында, Сәтбаев көшесі, 64 үйде, Тастақ, Жанболат көшесінде 2018 жылдан өтпелі) пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 25 спорттық алаңшаларына (1 әмбебап және 24 футбол алаңшаларына) қалалық бюджеттен 47,3 млн теңге бөлінді.
- Жеке меншік – 9 алаңша. Оның ішінде: Саңырақ батыр көшесі, 31 мекенжайында 3 спорттық залдан тұратын «Мирас Арена» спорт кешені, «Dostyk-life» кешенінде 1 кіші футбол алаңшасы, Д.Бедный көшесі, 33 мекенжайында 1 футбол алаңы, «Жансая», 43 «Б» мекенжайында 2 кіші футбол «Алаш Арена» спорт алаңшалар кешені, «Жеңіс» саябағында 2 кіші футбол алаңшасы, әл-Фараби көшесінен 2 кіші футбол «Дарын» спорт алаңшалар кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар Паралимпиада чемпионы З.Габидуллина «Жансая» мөлтек ауданы, 34 үй ауласына 1 әмбебап спорт алаңшасын салып берді.
Бұдан басқа, өткен жылы қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы алаңшаларды соққан жауапкершілігі шектеулік серіктестіктер өз қаражаты есебінен 6 алаңшаны қалпына келтірді.
Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін бүгінгі таңда қалада 4 аула клубы мен 33 жастар қоғамдық бірлестіктері жұмыс атқаруда.
Өткен жылы қала тұрғындарының назарына 388 мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, оларға 287,9 мыңнан аса адам қамтылды.
Атап айтсақ, Сарымолдаев атындағы балалар үйі және мүгедектерге арналған интернаттың тәрбиеленушілеріне арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
25 желтоқсан күні Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай «Көне Тараз» этнотарихи кешенінің, Жұлдыздар аллеясының, Әулие-Ата, Кенен Әзірбаев, Асқар Тоқпанов ескерткіштерінің ашылу салтанаты өтті.
31 желтоқсан «Көне Тараз» этнотарихи кешенінде «Төрлет, құтты Жаңа 2020 жыл!» атты мерекелік көпшілік іс-шарасы, мерекелік отшашу өткізілді.
Құқық қорғау және қоғамдық тәртіп
Есепті жылы қала көлемінде жалпы әртүрлі 5280 қылмыстық іс тіркеліп (2018 жылы – 5801), өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 9,0%-ға төмендеп отыр. Оның ішінде қасақана кісі өлімі 5%-ға, ауыр дене жарақаты 30,2%-ға және тонау 28,0%-ға төмендеген.
Жалпы қылмыстар бойынша ашылу деңгейі 1,1%-ға ұлғайған (48,0%-дан 49,1%-ға).
Есепті кезеңде кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық 10 пайызға өскен, 88 деректі құрап отыр (2018 жылы – 80 дерек).