Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітапханашының жаңа бейнесі: цифрлық құзырет және креативті қызмет» атты облыстық семинар өтті.
Шараның мақсаты – кітапхана мамандарының цифрлық құзыреттілігін арттыру, заманауи технологияларды тиімді пайдалану және тәжірибе алмасу. Семинарды кітапхана директоры Алшинбаева Жанна Тұрарқызы ашып, кітапхана қызметін жаңғырту мен инклюзивті орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Шара аясында «Алтын қор» жобасы таныстырылып, Жамбыл өңірінің ақын-жазушыларының дауысын жазып, әдеби мұрасын сақтау жұмыстары сөз болды. Сонымен қатар 3D принтер арқылы жасалған макеттер мен Пиаф аппаратында дайындалған рельефті графикалық жаңа кітаптар көрсетілді. Бұл технологиялар зағип оқырмандардың ақпаратты сипап сезу арқылы қабылдауына мүмкіндік береді. Нейропсихолог Жайлыбаева Гүлжамал Қуанышовна көру қабілеті бұзылған балалардың әлеуметтенуі мен эмоционалдық дамуына арналған психологиялық тренинг өткізді. Ал Абдуалиева Камила Уалиханқызы жасанды интеллектті кітап насихатында қолдану бойынша практикалық жұмыс жүргізді. Семинар барысында қатысушылар кітапханалық іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибелерімен бөлісіп, атқарылған жұмыстарды талқылады. Сондай-ақ инклюзивті қызмет көрсетуді жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және оқырмандарға қолжетімді ақпарат ұсыну мәселелері қарастырылды. Семинарға Жамбыл облысының ауданынан келген зағип және әлсіз көретін оқырмандармен жұмыс істейтін кітапханашылар қатысып тәжірбие алмасты. Қорытындысында семинар кәсіби тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды дамытуға және кітапхана қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.