Төтенше жағдайлардың алдын алу, өндірістік нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кез келген төтенше жағдайға жедел ден қою – жауапты саланың негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстардың жай-күйін бағалау, өндірістік қауіпсіздік талаптарының орындалуын және төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті мүмкіндіктерді саралау мақсатымен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Тараз қаласына жұмыс сапарымен келді.
Министрдің жұмыс сапары қаладағы ірі өндіріс орындарының бірі – «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жамбыл филиалында басталды. 4 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып, қаланың экономикалық тірегіне айналған кәсіпорын қауіптіліктің бірінші класына жатады.
Сапар аясында Мұрат Сейтмолдаұлы зауыттың өндірістік алаңдарын аралап, технологиялық процестермен танысты. ТЖМ басшысына өндірістің негізгі учаскелері, пайдаланылатын жабдықтар мен бақылау жүйелері көрсетілді. Аралау барысында жабдықтардың техникалық жай-күйіне, технологиялық режимдердің сақталуына және өндірістік тәуекелдерді дер кезінде анықтап, алдын алуға бағытталған шараларға назар аударылды.
Қауіпті өндіріс орындарында қауіпсіздіктің сақталуы тек арнайы жабдықтардың жарамдылығына ғана емес, қызметкерлердің төтенше жағдай кезіндегі нақты іс-қимылына да байланысты. Осыған орай министрге кәсіпорынның ықтимал авариялық жағдайларға дайындығы, қауіпсіздік жүйелерінің жұмысы, персоналдың даярлығы және құтқару қызметтерімен өзара іс-қимыл тәртібі таныстырылды.
Осыдан кейін министрдің жұмыс сапары Тараз қаласында орналасқан «Селденқорғау Құрылыс» ШЖҚ РМК-ның өндірістік базасында жалғасты. Мұнда министр кәсіпорынның қалпына келтіру нәтижелерімен танысып, өндірістік базаны және арнайы техникалар паркін аралап кәсіпорын ұжымымен кездесіп, алдағы жоспарлар талқыланды.
Биыл «Селденқорғау Құрылыс» кәсіпорнының құрылғанына 25 жыл толады. Соңғы он айда өндірістік базаны қалпына келтіру және толыққанды қызметті қайта бастау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Қазіргі таңда кәсіпорында 40 адам еңбек етеді. Арнайы техника паркі жаңа инженерлік техникамен толықтырылып, оның жалпы саны 50-ге жуықтаған. Оның қатарында экскаваторлар, бульдозерлер, тиегіштер, автогрейдерлер және басқа да арнайы техникалар бар.
Кәсіпорынның қызметі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған инженерлік жұмыстармен тікелей байланысты. Яғни мұндағы мамандар мен арнайы техникалар қажет болған жағдайда еліміздің әр өңіріндегі суару жүйелерінде, өзендерде, көлдерде және басқа да су нысандарында пайдаланылмақ. Бұл табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу кезінде инженерлік жұмыстарды жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Әсіресе су тасқыны мен сел қаупі туындайтын кезеңдерде арнайы техниканың дайындығы маңызды. Мұндай жұмыстардың уақытылы жүргізілуі қауіпті учаскелерді нығайтуға, су арналары мен басқа да инженерлік нысандардың жағдайын реттеуге, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға ықпал етеді.
Кездесу барысында ТЖМ басшысына кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспарлары да таныстырылды. Алдағы уақытта өндірістік базаны нығайту, арнайы техникаларды орналастыру және оларға қызмет көрсетуге қажетті жағдай жасау, жабдықтар мен материалдарды сақтайтын орындарды жетілдіру көзделіп отыр. Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын күшейту оның төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы мүмкіндігін арттыра түспек.
Жұмыс сапары барысында екі нысанның да өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты қауіпсіздік мәселелері кеңінен қаралды. «Жаңа Жамбыл фосфор зауытында» өнеркәсіптік қауіпсіздік пен өндірістік авариялардың алдын алу мәселесі басты назарда болса, «Селденқорғау Құрылыс» кәсіпорнында төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті инженерлік мүмкіндіктерді күшейту жайы сөз болды.
Бүгінде төтенше жағдайлардың алдын алу тек оқиға болғаннан кейін әрекет етумен шектелмейді. Оның ең маңызды бөлігі – қауіптің алдын ала анықталуы, қажетті техникалық және ұйымдастырушылық шаралардың жүргізілуі, мамандардың даярлығы мен тиісті қызметтердің өзара іс-қимылы. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс қана төтенше жағдайлардың ықтимал салдарын азайтуға мүмкіндік береді.
Қауіпті өндіріс орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен инженерлік-техникалық мүмкіндіктердің күшеюі – адам өмірі мен қоршаған ортаны қорғаудың маңызды кепілі. Ал арнайы техниканың сақадай сай болуы, білікті мамандардың даярлығы және қажетті жұмыстарды дер кезінде жүргізу төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан қауіпсіздікке бағытталған мұндай жұмыстар Тараз қаласы мен өңірдегі тұрақты тіршілікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі болмақ.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ