Ұлттық өнер – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен рухани болмысын айшықтайтын баға жетпес мұра. Сонау заманнан бері қазақ халқы табиғи шикізатты ұқсатудың өзіндік әдіс-тәсілдерін қалыптастырып, қолөнердің сан алуан түрін дамытқан. Соның ішінде киіз басу өнері – халқымыздың тұрмысымен біте қайнасқан дәстүрлі кәсіптің бірі.
Бүгінде осындай ұлттық мұраны жаңғыртып, оның қадірін кейінгі буынға жеткізуге бағытталған бастамалардың маңызы зор. Осы ретте Таразда Қала күні мерекесіне орай ұлттық қолөнерді ұлықтаған отбасылық «Киіз Fest» конкурсы ұйымдастырылды.
Байқауға барлығы 7 топ қатысты. Олардың әрқайсысы өзара туыстық байланыстағы отбасы мүшелерінен құралған. Қатысушылар сайыс барысында киіз басып, дайындаған бұйымдарының атауын, жасалу әдісін, ерекшелігі мен техникасын таныстырды. Сонымен қатар киіз басу өнерінің шығу тарихы мен ұлттық мәдениеттегі маңызы жөнінде айтып, шеберліктерін ортаға салды.
Шара барысында ұлттық қолөнердің түрлі қырлары көрсетіліп, қатысушылардың шығармашылық ізденісі мен шеберлігіне ерекше назар аударылды. Әсіресе, отбасылық форматта ұйымдастырылуы үлкен мәнге ие болды. Өйткені мұндай шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық өнердің отбасылық ортада дәріптелуіне жол ашады.
Осындай байқаулар арқылы ұлттық қолөнерге деген қызығушылықты арттырумен қатар, дәстүрлі өнерді жаңа буынға таныстырып, оны заманауи шығармашылықпен сабақтастыруға мүмкіндік мол. «Киіз Fest» те осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі ретінде өз деңгейінде өтіп, қала тұрғындарына ұлттық өнердің қадір-қасиетін тағы бір мәрте танытты.
Жаннұр МУХАНОВА