Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Мемлекеттік тіл – менің тілім»

0 55

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, оның қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін қарым-қатынас тілі ретінде нығайту және мемлекеттік тілді меңгерген белсенді азаматтарды ынталандыру мақсатында Тараз қаласында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты челлендж ұйымдастырылған еді.

Байқауды Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 2026 жылдың 20 ақпаны мен 20 сәуірі аралығында өткізді. Ауқымды бастамаға мемлекеттік тілді жетік меңгерген Тараз қаласының кез келген тұрғыны қатысуға мүмкіндік алды. Бұл ретте қатысушылардың ұлтына немесе жас ерекшелігіне шектеу қойылған жоқ.

Челлендждің негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің күнделікті қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, сондай-ақ қазақ тілін меңгерген қоғамдық белсенді ұлт жастары мен азаматтарды қолдау және ынталандыру.

Байқаудың шарты бойынша қатысушылар қазақтың көрнекті ақындары – Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаевтың кез келген өлеңін мәнерлеп оқып, өз өнерлерін бейнеролик арқылы көрсетті. Әр бейнеөнім қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жолданып, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланды.

Шараға қатысушылардың өнері әлеуметтік желідегі қолдаушылардың белсенділігі арқылы бағаланып, жеңімпаздар жинаған лүпіл саны бойынша анықталды. Нәтижесінде үздік деп танылған қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды.

Атап айтқанда, бас жүлдені Төле би атындағы №8 гимназияның оқушысы Алдияр Шерали иеленді. І орын – Тараз қаласындағы «Парасат» жоғары колледжінің студенті Ақерке Қайсарқызына, ІІ орын Төле би атындағы №8 гимназияның оқушысы Қасым Жанатқа, ал ІІІ орын осы гимназияның оқушысы Әділет Әлімжанға бұйырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.