Астанада Орталық Азияның мемлекетті, бизнесті, технологиялық компанияларды, халықаралық сарапшылар мен хакерлер қауымдастығын біріктіретін ең ірі кәсіби алаңы — KazHackStan 2026 киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады.
KazHackStan 2026 басты тақырыбы — Cyber Resilience («Кибертұрақтылық»). Экономиканы цифрландыру мен жасанды интеллекттің дамуы қауіпсіздікке деген ұстанымды түбегейлі өзгертуде: енді тек шабуылдарға тосқауыл қою жеткіліксіз. Мемлекеттік жүйелер, компаниялар мен цифрлық қызметтер қауіп-қатерді уақЫтылы анықтап қана қоймай, орын алған келеңсіздіктерге дер кезінде ден қойып, жұмысын жедел қалпына келтіруге және сыртқы шабуылдарға төтеп бере отырып өз қызметін кідіріссіз жалғастыруға тиіс.
Бұл күн тәртібі тек кәсіби қауымдастықтың еншісіндегі мәселе емес. Интернет-алаяқтық, фишинг, дербес деректердің таралып кетуі, дипфейктер және әлеуметтік инженерия қарапайым азаматтар мен бизнеске тікелей кесірін тигізіп жатыр. Сондықтан KazHackStan бағдарламасы ұлттық кибертұрақтылықтың стратегиялық бағыттарын заманауи шабуыл мен қорғаныс әдістерін тәжірибе жүзінде талдаумен ұштастырып отыр.
1 күн – GOVERNMENT & BUSINESS DAY
29 қыркүйектегі бағдарлама мемлекеттің, бизнестің, маңызды инфрақұрылымның кибертұрақтылығына және азаматтардың қауіпсіздігіне арналды.
Конференцияның басты сахнасында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов құттықтау сөз сөйлеп, шараны ресми түрде ашты.
Сондай-ақ басты сахнада Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігі, ұлттық кибертұрақтылық, шағын бизнесті қорғау, Bug Bounty бағытын дамыту және жасанды интеллекттің әсерінен цифрлық қатерлердің өзгеруі туралы пікірталастар өтті.
Негізгі талқылаулардың бірі Digital Distrust: How AI Changes the Rules of the Game for Fraudsters and Defenders панельдік сессиясына арналды — бұл сессияда жасанды интеллекттің қаскүнемдер мен қауіпсіздік сарапшылары үшін ойын ережелерін қалай өзгертетіні сөз болды. Сонымен қатар жекелеген баяндамалар жасанды интеллект көмегімен осалдықтарды іздеуге, DDoS-шабуылдардан қорғануға, жасанды интеллект дәуірінде жаңа өнімдер жасауға және мемлекеттік міндеттер үшін тұрақты әрі тәуелсіз жасанды интеллект жүйесін құруға арналды.
Бағдарлама қатысушыларының қатарында сенімді, тұрақты және тәуелсіз жасанды интеллектті құру тақырыбында баяндама жасаған K. S. Venkatraman, әлеуметтік инженерия және киберқауіпсіздік бойынша халықаралық сарапшы Jayson E. Street, João Pedro Brandão e Silva, Shayaun Nejad, Алексей Лукацкий және басқа да қазақстандық пен шетелдік мамандар бар.
Параллель тректер OSINT және цифрлық криминалистика, Cyber Resilience, дербес деректерді қорғау, AI-агенттердің қауіпсіздігі, дезинформация мен қаржы пирамидаларына қарсы күрес бағыттарын қамтыды.
2 күн – SECURE DEVELOPMENT & HACK DAY
30 қыркүйектегі негізгі бағыт Secure Development және Hack бағыттарына — техникалық киберқауіпсіздікке, осалдықтарды іздеуге және тәжірибелік қорғаныс әдістеріне ауысады.
Қатысушыларды AppSec және DevSecOps, бұлтты инфрақұрылымның, LLM мен жасанды интеллект көмекшілерінің қауіпсіздігі, маңызды инфрақұрылымды қорғау, криптография, зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету (malware), аппараттық қауіпсіздік және нақты шабуылдарды талдау бойынша техникалық баяндамалар мен воркшоптар күтеді.
Бағдарламада осалдықтарды сканерлеу құралының жұмысын нақты шабуылдан қалай ажыратуға болады, жасанды интеллект көмекшілері қаржылық деректерге қалай қол жеткізе алады, AI-хакерлер қалай тексеріледі, Android қауіпсіздігі қалай жұмыс істейді және жасанды интеллект пен Zero Trust дәуірінде өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін қандай қатерлер туындайды деген тақырыптардағы тәжірибелік сессиялар бар. Жекелеген блок Қазақстанда өзіміздің электроника мен chip design саласын дамытуға арналған.
Екінші күннің халықаралық қатысушыларының қатарында Christopher Johnson, Tan Wai Kaey, Daniel Bohannon және басқа да мамандар бар. Қазақстандық сарапшылар инфрақұрылымды қорғау, қауіпсіз әзірлеу және кибероқиғаларды тергеу бойынша тәжірибелік кейстерін ұсынады.
KazHackStan шарасының ең қызықты әрі әсерлі бөліктерінің бірі — шабуылдау және қорғау форматтарын қамтитын тәжірибелік киберқауіпсіздік бойынша ауқымды жарыс — CyberKumbez болмақ.
Сондай-ақ конференция аясында мектеп оқушыларын Италияда өтетін International Cybersecurity Olympiad 2027 халықаралық киберқауіпсіздік олимпиадасына қатысатын Қазақстан құрамасына іріктеудің ұлттық кезеңінің финалдық сайысы өтіп жатыр.
Екі күн бойы қазақстандық және халықаралық компаниялар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өнімдері мен технологияларын ұсынатын көрме аймағы жұмыс істейді.
Қазақстанның цифрлық трансформациясының бір бөлігі ретіндегі киберқауіпсіздік
Осы тұрғыда кибертұрақтылық цифрлық дамудың ажырамас бөлігіне айналып отыр: жасанды интеллекттің, бұлтты технологиялардың, сондай-ақ мемлекеттік және қаржылық цифрлық қызметтердің таралуы бір мезгілде жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, деректер мен маңызды инфрақұрылымды қорғауға қойылатын талаптарды күшейте түседі.
KazHackStan 2026 басты идеясы — жай ғана қорғаныстан кибертұрақтылыққа көшу: бұл — мемлекеттің, бизнестің және қоғамның цифрлық шабуылдарға төтеп беру, жылдам қалпына келу және өз жұмысын жалғастыру қабілеті.
Сондай-ақ KazHackStan 2026 Қазақстанның ауқымды технологиялық күн тәртібінің бір бөлігіне айналады. Конференция Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында 23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында өтетін және бүкіл ел бойынша жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы негізгі оқиғаларды біріктіретін ауқымды бағдарлама — AI MONTH 2026 шеңберінде өтеді.
AI MONTH айының басты халықаралық оқиғасы 1–3 қазан аралығында Астанада өтетін AI & Digital Bridge 2026 форумы болмақ.
Осылайша, киберқауіпсіздік пен жасанды интеллектті дамыту бағыттары Қазақстанның цифрлық өркендеу жолын айқындайтын бірыңғай технологиялық бағдарлама аясында біріктіріледі.
TSARKA киберқауіпсіздік және цифрлық егемендік саласындағы өңірлік көшбасшы ретінде бұл ауқымды шараны ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп атқарып жатыр.
Іс-шара Freedom Bank, Arizona State University және Astana Hub халықаралық технопаркі сияқты негізгі серіктестердің қолдауымен жүзеге асуда.
KazHackStan 2026 конференциясы 29–30 қыркүйек күндері Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 52 мекенжайындағы «Тәуелсіздік Сарайы» кешенінде ұйымдастырылды.
Конференцияның ресми сайты: https://kazhackstan.com/