Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кәріз-тазарту кешені қашан салынады?

0 45

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кәріз тазарту кешенінің құрылысына арналған кеңес отырысы өтті. Жиын барысында шаһар басшысы аталған кешеннің маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінде қаладағы кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 294 шақырым болса, олардың тозу деңгейі 43 пайызды құрайды. Осыған байланысты «Жамбыл су» мекемесі Жамбыл облысы және Тараз қаласы әкімдіктерімен бірлесе отырып, кәріз-тазарту кешенінің жобасын жүзеге асырып жатыр. Аталған жобаны іске қосу нәтижесінде қоршаған ортаға түсетін жүктеме төмендейді, топырақ пен жерасты суларының ластануына жол берілмейді, экологиялық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі және шаһардың тұрақты дамуына жағдай жасалады деп көзделіп отыр.
Жоба заманауи технологиялық шешімдер мен экологиялық стандарттарды ескере отырып жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті келісімдер мен дайындық іс-шаралары жалғасып жатыр. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама 75 пайызға әзір. Жобалау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. 30 қыркүйекке дейін дайындық деңгейін 80-85 пайызға жеткізу, 30 қазанға дейін жобалық-сметалық құжаттаманың негізгі топтамасын әзірлеу, ал 30 қарашаға дейін қоршаған ортаға әсерді бағалау және нормативтік құжаттарды дайындау жоспарланған, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жобаны уақтылы аяқтау үшін бірқатар мәселенің бар екенін де жасырмады.
Атап айтқанда, кәріз-тазарту кешенінің бірінші кезеңінің жобалық қуаты тәулігіне 80 мың текше метрді құрайды. Осыған байланысты санитарлық-қорғау аймағының талаптарын сақтау мәселесіне де ерекше мән берілуде. Қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес, мұндай нысан үшін санитарлық-қорғау аймағының ең төменгі мөлшері 500 метр болуға тиіс. Оның аумағында тұрғын үйлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жекелеген түрлеріне жол берілмейді. Сондықтан қазіргі таңда санитарлық-қорғау аймағында орналасқан проблемалық нысандар бойынша нақты жұмыстар басталған.
Кеңесті қорытындылаған қала әкімі барлық жұмыстың өзара үйлесімді жүргізілуі керектігін айтып, жобаның іске асырылуына кедергі келтіруі мүмкін мәселелерді алдын ала анықтап, оларды жедел шешуді тапсырды. Сонымен қатар жауапты тұлғаларға жобаның әрбір кезеңі бойынша белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етіп, атқарылған жұмыстар туралы тұрақты түрде есеп беріп отыруды жүктеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.