Жамбыл облысында 2026 жылғы егін жинау науқаны жоғары қарқынмен жалғасуда. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру көлемі 654,9 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 мың гектарға артық.
Қазіргі таңда оның 597,5 мың гектары немесе 91,2 пайызы жиналып, 2,8 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімі алынды. Жыл соңына дейін өңірде 3,6 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жоспарланып отыр.
Биыл дәнді дақылдардан алынған өнім көлемі де айтарлықтай өсті. Масақты дәнді дақылдар толықтай жиналып, 351,5 мың гектар алқаптан 694,8 мың тонна астық бастырылды. Оның ішінде 149,8 мың гектар бидайдан 306,9 мың тонна, 201,8 мың гектар арпадан 387,9 мың тонна өнім алынды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды көрсеткіштердің бірі – өнімділіктің артуы. Өткен жылы дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 7,6 центнер болса, биыл 19,8 центнерге жетті. Осылайша, өнімділік 2,5 есеге артқан.
Қазір облыста картоп, көкөніс және майлы дақылдарды жинау жұмыстары жалғасуда. 7,6 мың гектар картоп алқабынан 179,1 мың тонна, 22,9 мың гектар көкөніс алқабынан 740,4 мың тонна өнім жиналды. Сонымен қатар 30,5 мың гектар майлы дақылдардан 28,8 мың тонна өнім алынды.
Бақша дақылдарын жинау жұмыстары толық аяқталды. 9 мың гектар алқаптан 264,3 мың тонна өнім жиналды.
Жалпы, биылғы егін науқанының нәтижесі өңірдегі аграрлық өндірістің көлемі мен өнімділігінің артқанын көрсетіп отыр. Жыл қорытындысында облыстың ауыл шаруашылығы саласында 3,6 млн тоннадан астам өнім өндіру межеленген.