Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мемлекет басшысы: «Көшпенділер ойындарының мәртебесі – баршамыздың ортақ абыройымыз»

0 33

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызына тоқталып, бұл жарысты түркі халықтарының ортақ құндылықтарын дәріптейтін маңызды шара ретінде бағалады, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президент бүкіл әлем түркі халықтарына назар аударып отырғанын айтып, Көшпенділер ойындарын бірлесе дамытуға шақырды.

«Қазақстан осы ортақ іске белсене атсалысуға қашанда дайын. Екі бауырлас елге ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен ең құнды өсиеті: бұл – өзара құрмет және мәңгі достық. Осы даналықты ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлы дала өркениетінің мұрасын сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.

«Біз – Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерінің біріміз. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етті. Салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды мұра етіп қалдырды. Қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – ортақ парызымыз», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы мәдениет пен сабырлылықтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, спортшылардан бастап мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлерге, дәрігерлер мен ұстаздарға, студенттер мен ғалымдарға дейін барша азамат даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуі қажет.

«Сонда ғана қазақ халқы толыққанды өркениетті қоғам болады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның мақсаты биік, жоспары айқын екенін айтып, елдің болашаққа сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде алға ұмтыла беретінін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.