Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Өрнек ауылында тазы баптауды бала күнінен серік етіп, бұл өнерді ұрпағына үйретіп келе жатқан Бауыржан Ешеев тұрады. Бүгінде ақсақалдың үйінде Ұшар мен Аққұс есімді екі тазы бар. Бірі – ақ, жаңға құлақ болса, екіншісі – қара, шашақ құлақ. Екеуі де аңға деген желігі басылмаған жүйріктер.
3 қыркүйек – Тазы және төбет күніне орай «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының өкілдері Өрнек ауылындағы Бауыржан атаның шаңырағына арнайы барып, атадан балаға жалғасып келе жатқан тазы баптау дәстүрі жайында әңгімелесті.
Бауыржан атаның бұл өнермен айналысып келе жатқанына жетпіс жылға жуық уақыт болыпты. Алғаш рет тазыны қолына алып, оның бабын тануды алтыншы-жетінші сыныпта оқып жүрген кезінде әкесінен үйренген.
Әкесі оған тазыны қалай жүгірту керегін, аңға қалай салатынын, құс салып, саятшылық құрудың жөн-жосығын көрсеткен. Бала Бауыржан үлкендердің соңынан еріп жүріп үйренгенін кейін өмірлік серігіне айналдырыпты.
«Тазы жүгіртіп келе жатқаныма жетпіс жылға жуық болды. Бала кезімде әкем үйретті. Қалай жүгіртуді, қалай аңға салуды, саятшылықты сол кісіден көріп өстім. Кейін өз балаларымды да үйреттім. Бұл – атадан мирас болып келе жатқан өнер», – дейді Бауыржан Ешеев.
Оның айтуынша, аңға шығу қараша айынан басталады. Тазының да өз бабын келтіріп, үнемі жүгіртіп отыру керек. Ал үйдегі Ұшар мен Аққұстың аңшылыққа деген ынтасы ерекше.
«Екеуі де аң аулауға желіккен. Шығармай қойсаң, шапқылап, азық іздеп, аңсырап тұрады. Тазының табиғаты сондай. Далаға шығып, жүгіріп, аңға түскенде өзінің қасиетін көрсетеді», – дейді Бауыржан ата.
Ақсақал үшін тазы баптау – аңшылықтың ғана бір түрі емес. Оның артында тұтас бір ұлттық дүниетаным, атадан қалған өнеге жатыр. Сондықтан ол өзі білгенін кейінгі ұрпаққа жеткізуді азаматтық парызы санайды.
«Қазақтың жеті қазынасын қастерлеу керек. Балаға үйретіп, аманат етуіміз қажет. Ұлттық құндылықты жоғалтпай, ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Мен әкемнен үйрендім, балаларымды үйреттім. Енді немерем Шерниязға үйретіп жүрмін», – дейді ол.
Шернияз атасының жанынан табылып, тазы баптаудың қыр-сырын үйреніп жүрген жас саятшы. Ол үшін атасынан жеткен бұл дәстүр – өткеннің естелігі емес, жалғасын табуы тиіс төл өнер.
«Біз секілді жастар бабадан қалған осы төл өнерді жалғастырмасақ, бұл өнер өшіп қалмақ. Сондықтан ат үстінде әрдайым табылуға әзірмін. Тазы баптауға, оны дамытуға, тазы тұқымын көбейтуге атсалысып, осы өнерді одан әрі дамытуды мақсат етіп отырмын. Атамнан үйренгенімді келешекте өзімнен кейінгі ұрпаққа жеткізгім келеді», – дейді Шернияз.
Қазақ үшін тазының орны қашанда бөлек. Ол – жеті қазынаның бірі ғана емес, дала тіршілігінде талай ғасыр бойы адамға серік болған, аңшылық мәдениетімен біте қайнасқан төл мұра.
Өрнектегі Бауыржан атаның шаңырағында осы мұраның жібі үзілмей келеді. Кезінде әкесінің қасынан табылып, тазы баптаудың алғашқы сабақтарын алған Бауыржан ата бүгінде сол білгенін немересіне үйретіп отыр.
Атаның тәжірибесі мен немеренің ниеті тоғысқан жерде дәстүрдің де ғұмыры ұзарады. Себебі ұлттық өнердің сақталуы – оның бір адамның қолында қалуымен емес, кейінгі ұрпаққа аманат етілуімен өлшенеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Бауыржан ата мен Шернияздың тағылымы – тазы баптаудың ғана емес, атадан балаға жалғасқан ұлттық тәрбиенің де көрінісі.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу – «Әділет» партиясының негізгі бағыттарының бірі. Ал Өрнектегі бұл шаңырақтың жетпіс жылға жуық тарихы бар тазы баптау дәстүрі – сол құндылықтардың күнделікті өмірдегі нақты көрінісі.
«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі