Қалалық қоғамдық-саяси газет

Келер жылдың бюджеті бекітілді

0 332

Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен қалалық мәслихаттың кезекті елу төртінші сессиясында 2020-2022 жылдарға арналған шаһардың бюджеті депутаттарға таныстырылды.

Арайлым Шабденова

Жиынға қала әкімі Айтқазы Қарабалаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев және қала әкімдігіне қарасты барлық бөлім басшылары қатысты. Алдымен күн тәртібіне шығарылған мәселе жөнінде қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Нұрбол Әкек хабарлама жасады. Оның айтуынша, 2020 жылға арналған қалалық бюджеттің кіріс бөлігі 64 миллион теңгеден асады, ал шығыс бөлігі 60,4 миллион теңгені құрайды.

– 2020 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігі 64 617 830 мың теңгені құрайды. Тараз қаласына 2020 жылға 28 594 733,0 мың теңге, 2021 жылға 29 336 623,0 мың теңге, 2022 жылға 29 775 259 мың теңге көлемінде субвенция бекітілген. 2019 жылмен салыстырғанда субвенция көлемі 7 593 063 мың теңгеге немесе 36,1 пайызға өсті. 2020 жылы қалалық бюджеттің өзіндік кірістерін 15 123 576,6 мың теңге көлемінде бекітуді жоспарлап отырмыз. Мұнда ағымдағы жылдың жоспарына қарағанда, салықтық түсімдер бойынша 9,9 пайызға өсіп отыр, ал салықтық емес түсімдер бойынша бюджетке түсетін түсімдер 15,9 пайызға, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 30,2 пайызға кем. Бұдан басқа, қаланың 2020 жылғы бюджетіне жоғарғы бюджеттерден жалпы сомасы 20 899 521 мың теңгені құрайтын трансферттер бөлінбек, оның ішінде дамуға арналған нысаналы трансферттер – 10 903 505 мың теңге, нысаналы ағымдағы трансферттер – 9 996 016 мың теңге. Дамуға арналған нысаналы трансферттер келесі бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. 2020 жылғы қалалық бюджеттің шығыстары 60 445 066 мың теңгені құрайды, оның ішінде жоғары тұрған бюджеттерден берілетін трансферттерді есептемегенде шығындар 43 718 309 мың теңге көлемінде айқындалады. Еңбекақы төлеу шығыстары ағымдағы жылмен салыстырғанда 2362,2 млн теңгеге артып, 18423,8 млн теңгені құрайды. Коммуналдық қызметтер мен байланыс төлемдерінің шығындары 1 842,7 млн теңгені құраса, мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелерді ұстау шығындары 710,6 млн теңгені құрайды. Қаланың түрлі салаларында мемлекеттік саясатты іске асыру шығындарына 17115,1 млн теңге бағыттауды ұсынамыз, – деді Нұрбол Базарбайұлы.

Сессия барысында мәслихат депутаттары қалалық бюджетті егжей-тегжейлі талқылап, хабарламашыны сұрақтың астына алды. Белгілі болғандай, келер жылы халықтың көптен бері көтеріп жүрген мәселелері өз шешімін таппақ. Атап айтқанда, «Құмшағал» алқабын газбен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 901 381 мың теңге, электрмен қамтамасыз ету мақсатында 818 439 мың теңге, сумен қамтамасыз ету инженерлік желісінің құрылысына 1 322 314 мың теңге қарастырылмақ. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін де келер жыл жемісті болмақ. «Арай-2» шағын ауданында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған 5 қабатты 3 жатақхана құрылысын жалғастыруға қомақты қаржы бөлініп отыр. Бұл орайда, жаңадан бой көтеретін жатақхананың ішкі алаңдық инженерлік жұмыстарымен қатар абаттандыру да өз деңгейінде жасалынбақ.

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһар өзінің тазалығымен, жасыл желегімен республикамыздағы алдыңғы қатарлы шаһарлардың бірі. Бұл орайда, атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Келер жылда да бұл бағытта көптеген шаралар атқарылатыны сөзсіз. Қаланы абаттандыру және көгалдандыруға бюджеттен 1 027 091 мың теңге бөлініп отыр. Бұл орайда, аулаларда 22 бірлік балалар ойын алаңшасын ашу, ескірген аялдамаларды жаңартып, қосымша 25 бірлік аялдама орнату келер жылдың жоспарына еніп отыр. Сонымен қатар қаншама жылдар бойына қараусыз қалған «Ана мен бала» саябағын абаттандырудың сметалық құжаттамасын әзірлеуге және «Қант зауыты» алқабындағы «Даңқ» аллеясын абаттандыруға да қомақты қаржы бөлінбек. Жыл сайын қала әкімінің тұрғындармен кездесуі барысында көтеріліп жүрген мәселелердің легі келер жылы өз шешімін таппақ. Соның ішінде қаланың 30 көшесі жарықпен қамтамасыз етіліп, бірқатар көшелердің жолдары түзелмек.

Сессияда халық қалаулылары сан түрлі сұрақтар бойынша сөз алып, әр депутат өздері сайланған округтегі бірқатар мәселелердің әлі шешімін таппай отырғандығын тілге тиек етті. Бұл орайда, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев: «Депутаттардың атқарып жатқан жұмыстары шаш етектен. Әрбір округтің мәселесін билікке жеткізіп, оны шешу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Үстіміздегі жылы қордаланған бірқатар мәселелер шешімін тапқан болатын. Мәселелердің дені коммуналдық шаруашылық төңірегінде. Біз елді мекендерді абаттандыру, тариф бағасын реттеу, көшелерді жөндеу, газ және ауыз су өткізу мәселелерін әлі де қарастырамыз. Алдағы уақытта да көшелерді жарықтандыру жіті бақылауда болады», – деді.

Ал күн тәртібіне шығарылған «Тараз қалалық мәслихатының бюджет және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясының есебін» қалалық мәслихаттың депутаты Жақып Жексембиев хабарлады. Сондай-ақ жиында «2020 жылға арналған Тараз қалалық мәслихатының перспективалық жұмыс жоспарын бекіту туралы», «Тараз қаласындағы жаңа көшелерге атау беру және қайталанатын, мағынасы ескірген көшелерді қайта атау бойынша ұсыныс енгізу туралы» бірнеше мәселе өз шешімін тапты. Сессияның күн тәртібіне шығарылған барлық мәселелер қаралып, қажетті шешімдер қабылданды.
Жиын соңында сөз алған шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев айтылған ұсыныстар мен ескертулер назарға алынатындығын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.